23 Қаңтар, 2013

«Екі қолға бір күрек» бүгінгінің мәтелі ме?

1019 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

«Екі қолға бір күрек» бүгінгінің мәтелі ме?

Сәрсенбі, 23 қаңтар 2013 7:34

Шын мәнінде жұмыс таба алмай, нәпақасын қайдан айыруды білмей әйелі ерге, ері жерге қарап дағдарғандар бар шығар, бірақ әңгіме мүлде басқа «жұмыссыздық» хақында. Жұмыссыздық шапанының шалғайы кең, оның жапсарына жалқаулар да, мансапқорлар да мыңдап сыйып кете алады. Бір қызығы, оны жамылған кейбіреулердің қайта шешуге аса құлықты болмауы…

 

Сәрсенбі, 23 қаңтар 2013 7:34

Шын мәнінде жұмыс таба алмай, нәпақасын қайдан айыруды білмей әйелі ерге, ері жерге қарап дағдарғандар бар шығар, бірақ әңгіме мүлде басқа «жұмыссыздық» хақында. Жұмыссыздық шапанының шалғайы кең, оның жапсарына жалқаулар да, мансапқорлар да мыңдап сыйып кете алады. Бір қызығы, оны жамылған кейбіреулердің қайта шешуге аса құлықты болмауы…

Қазақ еңбекті жоғары баға­лаған. Қол қусырып қарап отыру ең ұнамсыз әдет. Іссіздік – жоқшылықтың бастауы, масыл­дыққа апаратын жол. Ал ма­­­сыл­дың, тіпті ең жақын туысы үшін де қадірі қандай бола­тындығы белгілі… Сондықтан, дені сау, ақыл-есі дұрыс адам­ның кәсіп етіп, отбасын асырауы – міндетті парыз. Бұл парыз тәуел­­сіздігін алған жас мемле­кетіміздің көсегесін көгерту үшін еселене түсіп, азаматтар­дың тер төге еңбек етуі тиіс болатын. Біз қазір қандаймыз?
Мемлекеттік қызмет орындары мен бюджеттік салада қыз­­мет ететін­дерді айтпағанда, бі­раз тұрғындар на­рықтық қаты­нас­тарға қадам басқалы жеке кәсібін ашып, өз қазанын өзі қайнатуды жөн санады. Еліміз­де оларға қолдау мен қамқор­лық басты назарға алынды. Өзге тұрғындар өн­діріс орындарына қарай ағылды. Шек­сіз дүние болған ба, мүмкіндігіне қарай қажетті орындарды мамандармен, жұмысшылармен толықтырған соң, олар да есігін жапты. Қалған тұр­ғындарға қайтпек керек? Алғашында жұ­мыссыз қалып сандалған арыстай азаматтар бірте-бірте сал­бөксе тірлік­ке еті үйренді. «Жұтқан – жұтамас­тың» кері­мен әйел, бала-шағаның арба сүйреп, шекілдеуік сатуы­мен алдына келген шай-суды қана­ғат етіп, өз бетінше тірлік етуге тәуекел етпеді, әлде тіпті қа­жетсінген де жоқ. Біздің елдегі жұмыссыздық жәйі сонау жылдары осылай басталған еді…

ЖҰМЫССЫЗДЫҚТЫҢ  ЖАҢА «ТҮРЛЕРІ»

Бүгінде тәуелсіздіктің ал­дыңғы жылдарындағы қалт-құлт күй артта қалып, аяққа тұр­дық. Бұрынғы «лажсыз жал­қаулық» қазір жалқаулық дер­ті­не жалғасты. Қазіргі қазақ малын біреуге бақтырып, егін егу мен көлігін жүргізуді, қорасын тазалап, құрылыс салуды өзге­нің қолымен жүзеге асырады. Тіпті, қазақтың қыз-келіншек­те­рі үйін тазалап, баласын ба­ғып, кір-қоңын жуып, көрпесін тігетін жалдамалы ұстап отыр. Және жалданып жұмыс жасай­тындардың көбі біздің елдің азаматтары емес екендігін ес­кер­сек, бұл еліміздегі әлеумет­тік-тұр­мыстық ахуал деңгейінің рейтингін көрсетіп береді, екін­шіден, жалқаулық дертінің ас­қын­ғандығын білдіреді. Осылайша жұмыссыздықтың фрикционды, құрылымдық, цикл­дық, мау­сым­дық түрлеріне жа­ңаша түрлер қосылды. Оның бір түрі – бой­күйез­дікке бойын билетіп, еңбек етуге мойыны жар бермей, жатып ішерге айналып шыға келген жалқаулық болса, екінші себебі – жұмысты таңдап жа­сауға ұмтылған жал­ған беделде, яғни мансап­қор­лық­та. Бұлардың өзіндік «мені» тым жоғары, жұмыс таңдап, ұсынылған жұмыс түрлеріне менсін­бей қарайды. Оған өзге елдің азаматтары кеп атқарып жүрген мал бағу, егін егу, құ­ры­лыс жұмыстары қол емес, оны «төменгі сорттың адамдары жасайды». Менің танысым бар, әке таңдауымен сол кезеңде Ақ­тауда ор­наласқан республика­да­ғы теңізге қа­тысты жалғыз жо­ғары оқу орнын аяқтады. Те­ңізде жұмыс жасауға қы­зығу­шы­лығым жоқ деп, тәп-тәуір жұ­мыстан шықты. Диплом жа­йына қал­ды. Күзетші болды, оған тұрақта­ма­ды. «Неге?» дей­мін мен, «Маған престижный жұмыс керек» дейді ол. Арада 7 жыл өтті. Ол әлі бос, жауабы бұрынғыша. Үй-іші де күдерін үзген, сыбай-салтаң жүрістің жігіті атанды. Мұндайлардың әр қаладан кездесе­ті­ніне сенім­дімін. Дипломын алып жұ­мыс таппай сенделген жастарды айт­пағанда, жалқаулар мен ман­сапқорлар жұмыссыздар қата­рын толықтыра түсуде.
Үшінші топ – мамандық таңдауда аяғын шалыс басқан жастар. Мұның бір ұшы бала үшін мамандықты ата-ана таң­дауында жатса керек, жоға­ры­да айтылған теңізші жігіттің де мамандығынан теріс айналуы­ның бір себебі – ол мамандық өзі­нің емес, әке­сінің қалауы бола­тын. Рас, әке өзі жете алмаған арманға баласының жет­кенін көксеген болар, бірақ бала оны қаламады. Салдары – жұмыс­сыз­­­­дық… Бір қызығы, бұл үш топ­тың өкілдері «Екі қолға бір кү­рек» табуға құштар емес, тіп­ті бұл мәтелді талғажу етер түк тап­пай дағдарғандардың жан дал­­­баса тірлігінің тәмсілі санайды.

МАҢҒЫСТАУДАҒЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ҚАЙ ДЕҢГЕЙДЕ?

«Маңғыстау – тұрғындарды жұ­мыс­пен қамтуды аса қажет ететін аймақтар қатарында». «Нұр Отан» ХДП Маңғыстау облыстық филиа­лы­ның қоғам­дық тыңдауында осылай деген Маңғыстау облыстық жұмыс­пен қамту және әлеуметтік бағ­дарламалар басқармасының бастығы Г.Қалмұратова облыста соңғы жылдары отандық өнім өндіретін кәсіп­орын­дарды қолдай оты­рып, азаматтарды жаңа кәсіптерді меңгеруге жұ­мыл­дыру бағытында бір­­­­­­­­­қатар серпінді қадамдар жасалғанды­ғын атап өтті. 2012 жылы оннан астам жоба толық қуатында пайдалануға беріліп, 3600 адам жұмыспен қамтылған. 2010 жылы жұмыс сұрап тіркелгендер саны он мыңнан асса, 2012 жылы 16 мыңнан асып түсіпті. Аталмыш бағдарла­ма­ның ор­ын­далу барысын баяндау үшін оның бағыттарына жеке-жеке тоқтал­ған басқарма бастығы жұмыс іздеу­шілердің көбі ең­бек­ақысы жоғары, жеңілдеу жұмыстарды қажетсінетінін, ондай жұмыстың табыла бер­мейтін­дігін және жұмыспен қам­ту орган­дарының жұмыс бе­руші емес екен­дігін, кәсіп­ор­ын­дардың мамандарды өздері таң­дап алатындығын, жұмыс­пен қамту орындарының тек екі арадағы дәнекер екендігін баса айтты. Басқарма бастығының бұлай қадап айтуының мәні бар, осы басқосуда «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы өкіл­дері «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының тиімді жүзеге асырылуы өңіріміздегі тұрақ­ты­лық пен қоғам өмірінің қа­лыпты тыныс­тауына ықпал ете­тіндігі анық бола тұра, бағдар­ламаның негізгі бағыттарының о­б­лысы­­­мызда өз деңгейінде жұ­мыс жасай алмай отырғанды­ғын сынға алды.
– Біз «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасына байланысты өткізген қоғамдық тың­дауларда екінші дең­гейлі банктер арқылы берілетін несиеге өз кәсіпкерлігін құру мен да­мы­тудың ұтымды жолдарын көр­сету, қайта даярлау курстарында оқытып, қажетті маман­дық­тар­ды игертіп, жұ­мысқа орналасуына ықпал ету секілді мә­селелер өз дәрежесінде жүзеге асы­рыл­­­­майтындығына көз жет­кізіп отыр­­­мыз, деген «Нұр Отан» ХДП облыс­­­­­тық филиалы төр­­­аға­сы­ның орынбасары М.Жүн­басов оқу бітірген жас­тар­­дың 30%-ы жұмыс таба алмай жүр­гендігін, 2010-2011 оқу жылында облыста арнау­лы және жоға­ры оқу ор­ын­дарын бі­тірген 11926 жас ма­ман­­­ның 6246-ы ғана жұ­мыс­қа орна­лас­қандығын айта келіп, «мұның басты себебі – кәсіби бағдар­дың дұрыс таң­­далмауы, еңбек рыногы сұраны­сын ес­­кермеу және қолжетімді баспана мен жатақха­на­лар­дың жеткі­ліксіз­дігі», деді.
Басқосуға қатысушы тұр­ғын­дар – Қ.Айтжанова, көп балалы ана Б.Кәрібаева, 6 айдан бері мекемелерді жағалап жұмыс таппай сенделген 25 жастағы жігіт А.Байбозовтар жұмыс табудың өте қиынды­ғын, жұмыспен қамту, шағын кәсіпкерлікпен айналысу талаптарына қолдау-көмек, кеңес болмағандығын жеткізді.
Кімдікі дұрыс?

ӨЗ ЖЫРТЫҒЫМЫЗДЫ ӨЗІМІЗ ҚАШАН ЖАМАЙМЫЗ?

Көмірсутегі шикізатының мол қо­­­­ры­на ие, көлік, өндіріс, құрылыс саласында және ха­­­лық­тың әлеуметтік-тұр­­мыстық ахуалында алға басқан Маң­ғыстау – қазақ баласының емес, өзге республикалар өкілдерінің нә­пақа табар нүктесіне айналды. Жергілікті қа­зақтар жолаушылар тасымалында кө­лік жүр­гізіп, жолақы жинау, көгал­дан­дыру, көлік жуу, т.б. жұмыс­тар­ды қо­лай көрмейді. Бұл жұ­мыстар көбіне оралман ағайын­дар және жұмыс іздеп келу­ші­лер қолымен атқарылады. Бұл ахуал бізді апатқа ұрындырмай ма? Өзге елдерге барып жұмыс жасамақ тұр­мақ, өз жұмысын өзгеге жасатып, шөп басын сын­дырмай көлеңкеде шырт түкіріп жататын жалқаулық, ылғи беделді жұ­мысқа ұмты­лу­шылық немесе белгілі бір ма­мандық маңына топтаса жиылып, таласа жұмыс іздеу қайда апарып тірейді? Түптеп келгенде, бір жұмысқа көп үміткердің таласуы – жең ұшынан жалғас­қан жемқор­лыққа жол ашпай ма? Әсіресе, жастар мал бағу, шөп шабу, көлік жүргізу секілді жұмыстардан неге сырторай? Сонымен, жұмыс жоқ па, әлде көпшілік таңдап әуре ме?
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Маңғыстау облысы.