Қоғам • 23 Тамыз, 2019

Тозығы жеткен техника – ауыл шаруашылығын дамытуға қолбайлау

1071 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Ауылшаруашылық саласында синтетикалық биология, мың­жылдық фермерлер, жылына бір­неше мәрте өнім беретін егін алқаптары сынды адамның ақыл-ойы, техниканың мүмкіндігімен тұрмысқа етене еніп келе жатқан жаңа үрдіс қалыптасып үлгерді. Дамыған елдердің қолы жеткен бұл үрдістен дамушы елдер де дәмелі.

Тозығы жеткен техника – ауыл шаруашылығын дамытуға қолбайлау

Дәстүрлі техника мен цифрлы технологияның жемісі

Тек қажетті қаражат бөлінбей, тиісті мамандар дайындалмай, цифрлы технологияның «жілігін шағып, майын ішетін» ІТ мамандарға мүмкіндік берілмей отырғаны тұсау» болуда. Дымы құрып, діңкелеп жүрген шаруалардың еккен егінін шашау шығармай орып алу үшін заманға сай, көпфункционалды техникалар керек-ақ. Бірақ өкініштісі сол, елімізде бұл салаға бөлінетін қаражат көлемінің аздығынан есептен шығарылуы тиіс ескі техникалардың қолданысы республика бойынша 60 пайызды құрап отыр.

Кейінгі жылдары дүние жүзінде халық санының күрт өсуі жаһандық проблемаға айналып, ғалымдар азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесінің уақыт өткен сайын күрделене бастағанын айтады. Сұранысты қамту мақсатында астық өнім­дерін алудың тиімді тәсілдері заман талабына сай өзгеріп, цифрлы технологиялар тудырған таңғажайыптар өнім көлемін еселеп арттыруда.

Бұған дейін Market Re­search Future сарап­тамалық ор­та­лығы трактор, ком­байн, жерді тегістеуші сын­ды ауыл­шаруашылық техни­каларының жаңа дәуірі басталғанын, бір-бірімен өзара байланыста болатын, ортақ жүйеге қосылған құрыл­ғы­лар­дың құрастырылып жатқанын мәлімдеген болатын. Дәстүрлі техника мен цифрлы технологияны тоқайластыра білген дамыған елдерде Google Earth және робот­тандырылған жүйелер астық өнімдерін арттыру үшін бір ар­наға шоғырландырылған.

Бола­шақта ауылшаруашылық сала­сында тың жаңалықтар орын алуы бек мүмкін. Себебі AgTech үрдістері, яғни синтетикалық био­логия мен мыңжылдық фермерлер, жылына бірнеше мәрте өнім беретін егін алқаптарының жаңа дәуірі басталмақ. Оған дәлел, осыдан 4 жыл бұрын ауыл­ша­руашылық технологиялары­на салынған инвестиция көлемі 4,6 млрд долларды құрады. Содан бері бұл салаға салынған қаражат артпаса, кеміген жоқ.

Соңғы зерттеулерге сүйенсек, 2030 жылға қарай саладағы өн­діріс көлемі 60%-ға артуы мүмкін. Желілік технологиялар сала­сындағы әлемдік көшбасшы саналатын Cisco компаниясы таратқан мәлімет бойынша азық-түлік секторында интернет заттарын пайдаланудың әлеуеті зор. Жабдықтар мен материалдардағы датчиктерді пайдалана отырып ауылшаруашылық ресурстарын жинауды, тексеруді жеңілдететін IoT жүйесі пайда болысымен оған 14,4 трлн доллар шамасында қаражат салынды.

Онда IoT датчиктері арқылы фермерлердің әлемнің кез келген бұрышында отырып өнімін көруге, бақылауға, нақты уақыт режімінде қажетті ақпараттарды алуға мүмкіндігі бар. Егер егін алқабының бір бұрышына су жетпесе, иә болмаса қажетті мине­рал­дар керек болса, IoT датчик­тері жүйе арқылы бұл туралы шаруаға ақпарат береді. Мұн­дай жүйені қолданысқа ерте енгізген АҚШ-тағы фермер­лер дрондардың көмегімен құр­ғақшылыққа және қоршаған ортаның басқа да зиянды факторларына қатысты мәліметтерді еш қиындықсыз алып отыр. Тіпті «ақылды дрондар» тұқым себу сызбаларын талдау және жоспарлау арқылы топырақтың сапасын болжау үшін де пайдаланылады.

Бүгінде агрохимикаттарсыз егін алқап­тарын елестету мүл­де мүмкін емес. Жаңа тех­но­ло­гиялардың бұл салаға етене енуі хи­миялық қоспалардың да орнын алмастыруға әбден қабілетті болып отыр. Мысалы, John Deere шығарған бүрку және жұлуға арналған роботтар арқылы агрохимия қоспаларын қолдану көлемі 90 пайызға кеміген.

Бұл ауылшаруашылық саласына енген цифрлы технологиялар ағынының бір парасы ғана. Етене енген жаңа үдерістің пайдасы мен парқын түсінген елдер бұл салаға ерекше ықылас танытып отыр. MRFR таратқан ақпаратқа сүйенсек, Қытай мен Үндістанда алдағы үш жылда азық-түлік өнімдеріне сұраныстың артуына байланыс­ты ауылшаруашылық технологияларына қажеттілік те артпақ. Оны өтеу үшін аталған мерзім аралығында АҚШ және Канада сияқты елдер ауыл шаруашылығындағы техника нарығына өз өнімдерін ұсынуды арттыруға ниет танытуда. Еуропада шығарылған бірнеше қызметті қатар атқара алатын тракторларға да сұраныс аса жоғары. Оның өзгеден артық­шылығы қауіпсіздікті қамта­масыз етуінде болып отыр. Таяуда Еуропада ауыл шаруашы­лығы өнімділігін арттыру және фермалардағы қауіпсіз­дікті қамтамасыз ету үшін автомат­тан­дырылған тіркеу жүйесі әзір­ленді. Бұл жүйе арқылы трак­тор жүргізушісі агрегатты, тір­кемені және тракторды қолмен жалғаудың, иә болмаса ағытудың орнына бұл жұмысты өз орнында отырып атқара береді.

Фермерлер үшін цифрлы-виртуалды әлем қалыптасып келеді десек артық айтпаған бо­лар едік. Әлбетте, техника дамып, өнім артқан сайын сапа­ның сын көтермейтінін білеміз. Дәл қазіргі уақытта ауылша­руашылық технологиясы көш ілгері дамыған елдердің жанды жері де осы сапалы өнімге қол жеткізу болып отыр. Ал бізде сапалы өнім бар болғанымен, оны орып алуға жеткілікті жағдай жасалмай келеді.

Басты себеп – қаражат аз

Бір кездері Парламент Мә­жілі­сі­нің депутаты Шаймар­дан Нұрымов еліміздегі ауыл­ша­руашылық техникалық паркі ес­кіргенін айтып мәселе көтерген еді. Ол өзінің депутаттық сауа­лында Елбасының ауылшаруа­шылық өндірісіндегі еңбек өнімді­лігін кемінде 2 жарым есеге арттыруды тапсырғанын, оны орындау үшін ауыл­ша­руашылық тауарларын өндірушілерді заманауи техникамен тез арада қайта жарақтандыру қажеттігін айтқан-ды. Негізінен пайдалану мен жөндеудің техникалық шарттары бо­йынша тракторлар, комбайндар мен басқа да техникалар 15 жылдан кейін есептен шығарылуы тиіс. Қазір бізде қолданылған техниканың 60%-ға жуығының мерзімі өтсе де, қолданыстан шығарылмаған. Оның үстіне ескірген техниканың қуаты 40 аттың күшін құрайды. Салыстыру үшін айтар болсақ, АҚШ-та 300, Германияда 500 аттың күшін құрайтын техникалар жұмыс істейді. Тозығы жеткен техниканың салдарынан өндіріс шығындарының үлесі 20%-ға жетіп отыр.

− Ауыл шаруашылығына машиналар мен жабдықтар паркін уақытында жаңарту үшін отандық агросекторға арналған машиналарды шығару ісін жандандыру қажет, – деген депутат шаруалардың Беларусьтен қосалқы бөлшектерді сатып алуға мәжбүр екенін, оның құны тым қымбатқа түсетінін де айтқан еді. Еліміздегі ауыл шаруашылығы өнеркәсіптік кешенінде заманауи техникалардың үлесі ауыз толтырып айтарлықтай деңгейде емес. Мысалы, былтырғы ресми дерекке сәйкес, елімізде 152,6 мың жаңа трактор болса, оның қолданыста жүргеніне 10 жыл толмағандарының үлесі 15 пайызды ғана құрайды. Ал есептен шығуға тиіс тракторлардың үлесі – 65 пайыз. Республика бойынша 41,5 мың бірлік комбайнның 40 пайызының жылы жаңа, яғни пайдалану мерзімі 10 жылға дейінгі аралықты қамтиды. Есептен шығарылуға тиістісі – 46 пайыз. Мал азығын дайындау техникасы 66,7 мың бірлік, оның ішінде жаңа машиналар саны 11 пайыз, есептен шығаруға жататын машиналар 67 пайызды құрайды. Топырақ өңдеуге арналған техниканың көрсеткіші тіптен төмен. 381,3 мың бірліктің тек 2 пайызы ғана жаңа болса, есептен шығаруға жататыны – 84 пайыз.

Әлбетте, ескі техниканы өң­деп есі шық­қан жеке шаруашы­лық­тардың аграрлық секторға еселеп үлес қосуы екіталай. Мәсе­ленің оң шешім таппауының себебі – ауыл­шаруашылық техникаларын жаңартуға бөлінген қаражаттың аздығы. Мәселен, үш жыл бұрын елімізде аталған салаға 105 млрд теңге бөлінсе, сол кезеңде әлемдік нормаға сәйкес шаруашылық техни­каларына бөлінуі тиіс сома көлемі бес есе артық болған. Жасыратыны жоқ, ірі шаруа қожалықтарының өзі техника паркін тұтастай жаңартуға қауқарсыз. Сондықтан мем­ле­кет­тің қолдауымен отандық техника­ларды сатып алуға ынталан­дыру және лизинг түрінде мемлекеттік қолдау көрсету арқылы техника жаңартудың мүмкіндіктері қарастырылып отыр. Оның үстіне Қазақстанда құрасты­рыл­ған техникалардың бағасы шетел­дік­термен салыстырғанда 2-3 есеге арзанға түспек.

Атқарылып жатқан шаруалар нәтижесіз емес

Таяуда Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров еліміз­де отандық машина жасау саласына кө­ңіл бөлініп, биыл ауылшаруашылық техникасын сатып алуға бюджеттен 65 млрд теңге бөлінгенін мәлімдеді. Оның ай­туын­ша, Қазақстан мен Ресейдің Үкімет басшыларының келісіміне сәйкес елімізде К-744 комбайнын құрастыру бойынша уағдаластық бар. Қостанайда – комбайн, Көкшетауда – Камаз құрастырамыз. Бізде құрастырылатын техникаға 25% субсидия беріледі. Қосымша тағы 10% жергілікті бюджеттен берілуі мүмкін екенін айтқан бірінші вице-министр мемлекет тарапынан техникаларды жа­ңартуға қолдау көрсету үшін инвестициялық субсидиялау және техника лизингі бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау сияқты шаралар қарастырылғанын да жет­кізді. «ҚазАгро» ҰБХ АҚ Бас­қа­рушы директоры Асылхан Жува­шевтың айтуынша, енді жыл сайын техниканы 6%-ға жаңартып отыру межесі бекітілген. Бұған дейін бұл көрсеткіш бар болғаны 1,5-2%-ды құрады.

– Қазір Ауыл шаруашылығы министр­лігінің сыйақы мөлшер­лемесін субсидиялау бағдар­ламасын енгізуінің нәтижесінде сыйақы мөлшерлемесін жылдық 4-6%-ға дейін тиімді төмендету мүмкіндігі бар. Нәтижесінде өткен жылы өтінім көлемі 1,5 есеге артты, – деді А.Жувашев.

Айта кетерлігі, 2018-2019 жыл­дары Агробизнес бағдар­ла­масы шеңберінде 1690 ауыл­­ша­руашылық техникасын са­тып алу үшін 25 млрд теңгені құрай­тын 940 несие берілген. Жылдан-жылға несие арқылы техникасын жаңартуға ниетті шаруалар саны артып отырғанын көруге болады.

Отандық өндірістің келешегі зор

Таяуда ғана Үкімет басшысы Асқар Мамин Қостанай қала­сындағы Индустриялық аймақ­та болып, «Беларусь» және «Ки­ровец» тракторлары өнді­рісін іске қосты. Елдегі ауыл­ша­руа­шы­лық техникаларына сұра­­ныс­ты өтеу үшін қолға алынған бас­таманың нәтижелі болуына бар­лық мүмкіндік қарасты­рылған.

Сарапшылар қазақстандық ауылша­руа­шылық машиналарын жасаудың қанша­лықты тиімді екенін бұған дейін де сан мәрте айтқан болатын. Осыған байла­нысты «АгромашХолдинг KZ» АҚ ауылшаруашылық техникаларын шығаруды жандандыру мақсатында ілкімді жобаларды іске қосып отыр. Бұл компания Essil астық және жемшөп жинайтын комбайндарды және Lovol тракторын, тырма, дестелегіш, сепкіш және басқа да өнімдер мен қосалқы бөлшектер, сондай-ақ олардың бөлшектерін шығарумен айналысады. Ағымдағы жылдың соңына дейін Essil маркалы 400-ден астам астық жинайтын комбайн, 300-ден астам тіркеме және аспалы техника, 250-ге жуық орта тартқыш сыныпты трактор шығару жоспарлануда. Былтыр Қазақстанда шығарылған комбайндардың 80%-ы аталған кәсіпорынға тиесілі. Жоспар бойынша өндіріс көлемін жылына 1000 комбайнға дейін ұлғайту көзделген. Қазір Essil 760, 740, 750 және 730 модельдері сатылымға шықты. Өткен жылы бұл комбайндар толықтай сынақтан өткізіліпті. Шығыс Қазақстан облысындағы «Саябақ» шаруа қожалығының директоры Ерлан Мұстафиннің «Агромашхолдинг KZ» АҚ зауытынан несиеге алған бірнеше комбайны бар.

– Шетелдік комбайндардан еш кем емес. Сапасы сын көтереді. Былтыр жаңа техникамен 600 гектар күнбағыс, биыл 200 гектардай бидай ордым. Негізі техниканы «ҚазАгро­Қаржы» арқылы несиеге алдым. Шаруашылықтың қарызы болмаса тиісті құжаттары түгел болса несие алуда ешқандай қиындық туындамайды. Менің алғаным – құны 38 млн теңгені құрайтын Essil 740 комбайны. Бұл соманың 9 жарым млн теңгесін мемлекет субсидия ретінде қайтарып берді. Былтыр алған техниканы 7 жыл төлеймін. Биыл тағы біреуін алу үшін өтініш беріп қойдым. Бұған дейін де «Агромашхолдинг KZ» техникасын несиеге алып, оны жаптым, – дейді шаруа қожалығының иесі. Оның айтуынша, нарықтық заманда отандық шаруалар үшін «АгромашХолдинг KZ» ұсынған мүмкіндіктер қолайлы. Себебі қазір ешкімнің қолында бірден сатып алатын дайын ақша жоқ. Сол үшін несие шарт­тары ұтымды болмақ. Оның үстіне мемлекеттің қол­дауы тағы бар. Қазақстанда құрас­ты­рыл­ғандықтан алынған техникаға бір жылдық кепілдік беріледі. Бұ­зылған жағдайда ауыстыратын құрылғылары да уақытылы жетеді.

Отандық техникаға сұраныс жыл мез­гіліне қарамастан тұ­рақты түрде артып келеді. Е.Мұс­тафин сияқты шаруаларға техниканы «ҚазАгроҚаржы» АҚ және «ҚДБ-Лизинг» АҚ арқылы алу бүгінде аса тиімді болып отыр. Айта кетерлігі, мемлекет тарапынан жасалатын мұндай көмек тек елімізде құрастырылған ауыл­шаруашылық техникалары­на арналған. Қазір «Агромаш­хол­динг KZ» АҚ қызметі ішкі на­рықпен қатар, Өзбекстан мен Ресейге де өнімдерін экспорттау­ды жоспарлап отыр.