Қоғам • 23 Тамыз, 2019

Латын тілінің медицинадағы орны

14307 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Латын тілі – қазіргі таңда ауызекі тілде қол­данылмайтындықтан, өлі тіл деп саналады, бірақ әртүрлі ғылым салаларында әлі күнге дейін қолданылады. Мысалы, медицинада, тарихи деректерде, көркем әдебиетте сілтемелер жиі кездеседі.

Латын тілінің медицинадағы орны

Латын тілі ежелгі грек тілімен қатар бүгінгі күнге дейін халықаралық терминдер жасаудың негізі ретінде алынып келеді. Дүние жүзінде латын тілінен енген көптеген сөздер тілдік қолданыста жүргенін аңғара бермейміз. Мысалы: академия (грек. Akademeia) – ежелгі грек батыры Академге арналған, Афинаға жақын орналасқан жер. Ол жерде Пла­тон және оның шәкірттері оқып, ака­демик атағын алған. Университет (лат.: universĭtas litterārum – ғылымдар жиынтығы) – құрамына бірнеше факультет біріктірілген жоғары білім беретін ғылыми мекеме. Сондай-ақ аттестат, аудитория, аспирант, адъюнктура, актив, декрет, диктатура, демонстрация, доктор, доцент, институт, конференция, конгресс, консультация, корпус, лекция, лаборатория, профессор, республика, ректор, радио, студент, субъект, университет, факультет, экзамен, т.б. көптеген сөз кездеседі.

Қазіргі кезеңде де латын және грек тілдерінің түбір сөздері арқылы жаңадан пайда болған ұғымдарға терминдік сипаты бар атаулар бері­леді. Осы ежел­гі екі тілдің – латын және грек тіл­дерінің негізінде әлі күнге дейін медицина терминоло­гиясы толықтырылып, ғы­лыми жа­ңалықтарға, дәрілік жаңа препа­рат­тарға атаулар беріліп отыр.

Латын тіліндегі медициналық атау­ларды дұрыс және сауатты қолдану үшін латын тілі пәнін мұқият оқып, терминдерді дұрыс айта білуге үйрену, олардың грамматикалық формасы мен мағынасын жете түсіне білуі керек.

Латын тілінің негізін білмей меди­циналық білімді игеру мүмкін емес. Болашақ дәрігерлерді дайындау барысында латын тілін оқыту өте маңызды. Сол секілді латын тілінен енген сөздер­дің мағынасын, түпнұсқасын білу де маңызды. Себебі оларға саналы түр­де латын-грек тілінен шыққан меди­циналық терминдерді ұғынып, түсінуге мүмкіндік береді.

Латын тілі – бірінші курс студенттері үшін бұрын оқытылмаған жаңа пән. Сондықтан оны оқытуда қиындықтар кез­деседі. Медициналық жоғары оқу орын­дарында латын тілін студенттерге медициналық терминологияны меңгерту және тек оқу орнының қабыр­ғасында ғана емес, болашақ кәсіби қыз­метінде қолдансын деген мақсатта оқы­тады, яғни терминологиялық сауатты дәрігер даярлауды көздейді. Латын тілі пропедевтикалық пән болғанымен, медицина факультеттерінде оқытылатын барлық пәндермен, әсіресе анатомия, биология, биохимия, микробиология, фармакология және клиникалық пәндермен тікелей байланысты.

Студент-медик үшін фармацев­тикалық терминологияны оқу да маңызды. Онда фармацевтикалық нарықта қол­д­анылатын дәрі-дәрмектердің номенклатурасы оқытылады. Студенттер дәрі-дәрмектердің атауы қалай қойы­ла­тындығын, атауында дәрі туралы бел­гілі бір типтік ақпарат беретін терминдік бөлшектер болатынын, сол арқылы қан­дай жағдайда қолданылатындығын білу үшін терминдерді түсініп, жатқа білуі керек. Рецепт жазуға машықтану үшін стандарт рецептуралық анықтамалар мен қолданылған бөлшектердің грам­матикалық формасын білген жөн. Қазір­гі таңда өкінішке қарай, латын тілін оқытуға бөлінетін сағат са­ны аз. Тақырыптар топтастырылып, бірік­тіріліп оқытылады, көп жағдайда тап­сыр­ма студенттердің өз бетінше дайындалуына беріледі. Медициналық терминологиямен қатар сабақтарда латын афоризмдері мен қанатты сөздеріне назар аударылады. Бұл ғасырлар бойы келе жатқан мұраны танып қана қоймай, латын сөздерін еске сақтауға көмектеседі. Латын тілін оқыту – болашақ дәрігерлерді даяр­лаудың ажырамас құралы. Латын тілін оқытудағы мақсат біреу – кәсіби тілдің терминологиялық жүйесінің негізін құру. Терминдердің ұғымдық мәнін толық ашу үшін тиісті кафедраларда арнайы пәндерді оқу керектігі белгілі. Ал латын тілін жақсы оқу терминдерді оңай меңгеруге, қолдануға мүмкіндік береді.

Медициналық жоғары оқу орнының басты міндеті – білікті маман-дәрігер­лерді даярлау.  Ал арнайы терминология­ны меңгермей білікті маман болу қиын. Болашақ дәрігерлер латын тілін оқу арқылы терминдерді түсінумен қатар, орынды қолдана білетін болады.

Жалпы, әлемде медицина саласын­­­дағы термин сөздер мен дәрі-дәрмек, құрал-саймандар атауының барлығы да латын таңбасымен белгіленіп, жазылып, айтылатыны белгілі. Осы жағы­нан алғанда 2025 жылға дейін латын әліпбиіне көшуіміз керек деген ой орын­ды.  Сонымен қатар латын графикасына көшу, ең алдымен, дәрігерлер үшін оңай болатын сияқты. Өйткені меди­цинада латын тілі қолданылады. Латын тілі – дәрігерлердің кәсіби тілі, медицинада анатомиялық, емхана­­лық және фармацевтикалық терминдер латын тілінде қолданылады. Медициналық терминдерді дұрыс түсіну үшін медицина саласының қызметкерлері латын тілін жақсы біліп, күнделікті қызметінде латын терминологиясын пайдалана білуі керек. Себебі цифрлы медицина латын тілі­нен басталады.

Студенттер медициналық терминдер­ді түсіну үшін грек-латын тілдерінен шық­қан терминэлементтерді еске сақ­тауы керек. Терминэлемент дегеніміз – тер­минологиялық мағынасы бар ең кіші бірлік. Медициналық терминология­ны меңгеру және оны қолдана білу дәрі­гердің кәсіби біліктілігінің ажырамас бөлігі екенін түсінуі керек. Оқытушы тер­миндердің құрамы мен құрылымын, оның мағынасын түсіндіру керек. Сту­дент әр сабақта жаңа ұғымдармен, тер­миндермен танысады. Сондықтан сту­денттің қолында медициналық терминдер сөздігі болғаны дұрыс.

Осыған орай студенттерімізге латын тілі туралы қажетті ақпарат беру үшін университетімізде «Латынша-орыс­ша-қазақша анықтамалық сөздік»  құрастырдық.

Біз құрастырған анықтамалық сөз­дік­ті оқу барысында оқырман қазіргі ғылым тіліндегі көптеген сөздің түп-төркіні латын тілі екендігін аңға­рады және кейбір дыбыстардың, дыбыс­тар тіркесінің айтылуы туралы да мағ­лұмат ала алады. Бұл сөздікте латын тілін­дегі атаулар және олардың орысша, қа­зақша аудармасы берілген. Сонымен қатар еліміздің «Қызыл кітабына» ен­гізілген кейбір өсімдіктердің, жан-жануар­лардың, құстардың, балықтар мен жәндіктердің, омыртқалылардың латынша-орысша-қазақша атаулары бе­рілді. Бұл сөздік медицина саласында оқып жүрген және басқа да оқу орын­дары студенттерінің, сондай-ақ латын тілі саласында ізденушілердің, оқырмандардың, аудармашылардың қажетіне жарайтындығы сөзсіз. Латын тілі пән ретінде оқытылатын оқу орын­дарының студенттері үшін қажет құрал бол­мақ.

Латын графикасына негізделген қа­зақ әліпбиіне көшу мәселесі қозғалып жат­қан қазіргі таңда бұл анықтамалық сөздік (латынша-орысша-қазақша) латын тілін оқып жүрген студенттерге, оны оқы­тып жүрген оқытушыларға үлкен көмек. Мұндай сөздік бұрын-соңды болмаған. Латын тіліне, тарихына қызығушылық танытушылардың бар­лығы осы сөздікті басшылыққа алса болады.

Қазақстандағы медициналық жоғары оқу орындарында латын тілін оқытуға баса назар аудару керек. Бұл пәнді оқы­ту Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына (МЖМБС) енгізу керек. Медиктердің латын тілін білуі бас­қа шектес пәндердің терминология­сын түсінуге мүмкіндік береді. Латын тілін оқыту арқылы дәрігерлердің лек­сикалық қорын байытамыз, шет тілінен енген жаңа сөздерді түсінуі мен айтуы жеңілдейді. Студенттер латын тілін­дегі арнайы ұғымдармен медицина ғы­лымына алғаш қадам басқан сәттен кездеседі. Медицинада латын тілі анатомия мен фармакологияның халықаралық тер­минологиясы ретінде де, рецепт жаз­ғанда да қолданылады. Латын тілін білу әртүрлі мемлекет дәрігерлерінің бір-бірін қиындықсыз түсінуге мүмкіндік береді. Медицина саласында латынша тер­минологияны қолдану – дүниежүзі медик­терін біріктіретін әрі медицина білімін унификациялайтын фактор.

Медициналық жоғары оқу орындарында латын тілін оқыту мемлекеттік жал­пыға міндетті білім беру стандартынан (МЖМБС) алынып тасталды (таңдау компонентінің құрамында ғана оқытылады). Нәтижесінде, халықаралық медициналық практикада дәстүрлі түрде қолданылатын тіл медицина саласы қыз­меткерлері үшін міндетті емес болып қалды. Ал бұл жағдай медицина персоналының кәсіби дайындығына да, медицина мамандарымен қамтамасыз ету деңгейіне де теріс ықпал етеді.

Ғылыми медициналық термино­логия латын тілінің негізінде құрастыры­лып, интернационалдық лексикаға жата­т­ын­дықтан,  дүниежүзі медиктеріне бір­дей түсінікті.  Осы салада білім дең­гейін жоғарылату мәселесі маңызды бол­­ғандықтан латын тілін оқыту керек. Бұл дәрі-дәрмектердің атауына да қатысты. Рецептілердің барлығы бұ­рын­нан латын тілінде жазылады. Кез келген елде жазылған рецепті оңай тү­­сіну үшін латын тілін білу керек. Ла­тын тілін оқу арқылы студент үнемі жа­ңарып отыратын медициналық терминологияны – болашақ дәрігердің кәсіби тілін меңгереді. Латын тілінен шыққан терминдерді және латын грам­матикасының элементтерін білетін сту­дентің келесі курстарда пәндерді оқу ба­рысында (ана тілінде немесе шетел тілінде оқыса да) оқу әдебиетімен және арнайы әдебиеттермен жұмыс істеуі жеңілдейді.

Латын тілін меңгермей, медициналық білімді меңгеру қиын. Латын тілін мең­герген маман, өмір бойы кәсіби қыз­метінде кездесетін латын тілінен шық­қан терминдерді түсініп, сауатты қол­данатын болады. Медицина мамандарына ежелгі заманнан: «In via est in medicina via sine lingua Latina» – Латын тілінсіз медицина – өте алмайтын жол – деген мақал таныс. Бұл мақал біздің заманымызда да мәнін жойған жоқ. Латын тілін оқытуды Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына міндетті пән ретінде енгізіп, практика жүзінде іске асырған дұрыс деп санаймын.

 

Мажит ШАЙДАРОВ,

медицина ғылымдарының докторы, профессор