Руханият • 23 Тамыз, 2019

«Мен» өлмекке тағдыр жоқ, әуел бастан...

1035 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Қазақ елі ойшыл хәкім Абайдың әдеби мұрасын танып-білуіне 125 жыл толып отыр. Аз уақыт емес, ғасырдан астам мерзімді қамтиды екен. Осы аралықта абайтану тарихының үш кезеңін бастан өткізіппіз. Әуелі абайтану тарихының «Мұхтар Әуезовке дейінгі зерттелу тарихында (1889-1834)» Абайды танытудағы Алаш арыс­тары халықтық таным тұрғысынан мақала-зерттеулері арқылы насихаттау әркеттері дұрыс жолға түсіп еді. Бірақ кеңестік билік тұсында 1923 жылы Сәбит Мұқановтың «Қара тақтаға жазылып жүрмеңдер, шешендер!» деген аты-шулы мақаласынан басталған тұрпайы социологиялық, компоративистік, формалистік танымдағы идеялық саяси шабуылдар қараборандатып ушығып тұрды. Бұлар тіпті ұлы ақын мұрасын терістеп, әдеби мұра ретінде мансұқтауға дейін барды. Мысалы, «Әдебиет майданы» журналының 1934 жылғы тұтас бір саны түгелдей Абай туралы зерттеулерге арналды. Мақа­ласы жарияланған авторлардың басым көпшілігі Абай мұрасын тұрпайы социо­логиялық, компоративистік, формалистік тұрғыдан теріс танытып, Абайдың әдеби мұрасы таптық, саяси-әлеуметтік тегіне қарай бағаланып жатты.

«Мен» өлмекке тағдыр жоқ, әуел бастан...

Бұлардан бағыт-бағдары мен мән-мағынасы мүлде аулақ М.Әуезовтің «Абай ақындығының айналасы» мен профессор Қ. Жұбановтың «Абай – қа­зақ әдебиетінің классигі» деген зерт­теу мақаласы абайтанудың сол тұс­та­ғы болашағына, ғылыми жаңа бағыт-бағ­дарына тыңнан жол салған көсем ойлы танымдар болып тарих қойнауына енді. Осы танымға Мұстафа Шоқайдың шәкір­ті Есен Тұрсынның (Таһир Ша­ғатай) «Яш Түркістан» журналында 1934 жылы жарияланған «Түркістанның ұлы ақыны – Абай Құнанбайұлы» деген мақаласымен үн қатып жатуында мән бар еді.

1933-1934 жылдан 1961 жыл аралы­ғында қанаты кең жайылған «Абайтану тарихының Мұхтар Әуезов кезеңі» дү­ниеге келді. М. Әуезовтің Абай мұра­сы туралы іздену, зерттеу, ақын мұрасын әлем жұртшылығына таныстыру жолында атқарған қызметінің қол жетпес екі шыңы болды. Бірінші шыңы көркемсөз өнері арқылы, әсіресе «Абай жолы» эпопеясын әлем халқы жа­рыса оқып, ХХ ғасырдың ұлы туындысы деп бағаланды. Екінші шыңы, абайтану жолындағы ғылыми зерттеу еңбегі «Абай Құнанбаев» деп аталатын ғылыми монографиясында ақын туындысы терең талданып, жүйеленді. Осы кезде абайтану саласында тұңғыш рет кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғалып, монографиялық еңбектер жарық көрді. М.Әуезов абайтануды биік деңгейге кө­теріп кетті. Абайдың жүзжылдық ме­рей­тойында ақын мұ­расы жан-жақты зерт­теліп, баспасөзде кең тұрғыдан насихатталды.

1949 жылы КПСС ОК космополитизм туралы қаулысы қабылданысымен, әдебиет полицайлары тарапынан 1934 жылы М. Әуезовтің ақын мұрасының рухани нәр алған үш саласы туралы танымының екінші саласы болып танылатын Абайдың шығысқа қарым-қатынасы жайлы Абайдың «батысынан шығысы басым» деген танымы қатты сыналып, аяусыз терістеліп жатты. Бұл күрделі мәселе, әсіресе философ ғалымдар тарапынан да Абайдың шы­ғысқа қатысы терістеліп, сынға алынды. Абай мұрасының шығысқа қатысы жайлы пікір білдірген ғалымдар сыналып, бір жағынан қуғындалып әрі жазаланды.

1961 жылы атақты жазушы өмірден өткен соң «Абайтанудың М.Әуезовтен кейінгі дәуірі» басталып та кетті. Бір­шама үзілістен соң жаңа буын, жас талапкерлердің ғылыми зерттеу еңбек­тері жарық көре бастады. Осы жаңа буын, жас толқын ғылыми тұрғыдан ізденіп, жаңа таным, тың көзқарас тұр­ғысынан келіп, Абай мұрасының шығыстық рухани қазына көздеріне қарым-қатынасы жайлы күрделі мәсе­лелер көтерілді. М.Әуезов танымын бастапқы табиғи қалпына келтіруге қы­зу атсалысып, оны ғылыми ойда қалып­тастырды да (М.Мырзахметов. «Мұхтар Әуезов және абайтану проблемалары». Алматы, 1982). Мұндағы бір ескерер жағдай, космополитизм туралы қаулы қатаң бақылауда тұрған кезде сол саяси қысымнан сескенбей-ақ «Абайдың шығысы М.Әуезов зерттеуінде» деген төрт тараудан тұратын еңбектің ең үлкен тарауы 1982 жылы жарияланып кеткен еді. Тұңғыш рет бұл сала ғылыми тұрғыдан өз шешімін тауып, 1989 жылы докторлық диссертация қорғалғаннан кейін Абай мұрасының шығысына орай кандидаттық диссертациялар да қорғала бастады. Мысалы, Жабал Шойынбеттің «Абай қарасөзінің жанрлық, стильдік ерекшеліктері», Мақсат Әліпханның Абай мен Жүсіп Баласағұнидің «Құтадғу білігіне» байланысты «Құттың кілті –кісілік», Сайдалы Оразалиевтің «Абай мен Дауани», Ноябрь Кенжеғараевтың «Абайдың айтушы мен тыңдаушы туралы танымы», Тоты Көшенованың «Абай өлеңдері құрылысындағы ерекшелік», Рахат Саламатованың «Абайтанудың Мұхтар Әуезовтен кейінгі кезеңі», Талғат Ербай «Абай және Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау», Айжан Картаева «Абай мен М.Әуезов әлеміндегі руха­ни сабақтастық», Қалипа Әтенова «Қазақ отбасы тәрбиесінің даму тарихы» (Алматы, «Қазақ университеті» бас­пасы, 2007), Иманғазы Нұрахметұлы «Ұлыстық әде­биеттен ұлттық әдебиетке дейін» (Алматы, 2005) деген ғылыми мо­но­гра­фиялары жарияланып, Абай­дың шы­­ғысына байланысты күрделі мәсе­ле­лерді көтере отырып, әрқайсысы өз үлес­те­­рін қосты.

Ал Мақсат Әліпхан өзінің докторлық диссертациялық еңбегінде адамгершілік идеясының көне грек өркениеті заманынан бүгінге дейінгі даму жолы туралы «Қазақ әдебиетіндегі адамгершілік ілімі» деген көлемді ғылыми монографиясын 2013 жылы жариялады. Осы жолдар авторының 2014 жылы басылым көрген «Абайтанудың» аса көлемді қос томдығы (125 баспа табақ) мен «Өнер» баспасынан жарық көрген «Абай ұлағаты», 2013 жылы жарияланған «Қазақ әдебиетіндегі сопылық таным», 2015 жылы «Медет» баспасында жа­рық көрген «Абайтану тарихы» мен «Абайды оқы, таңырқа» оқулықтары басылым көрді. Бұлардың бәрі де Абай мұрасының шығысы туралы жазылған жаңа таным, соны бағыттағы елеулі туындылар еді.

Міне, 1949 жылы космополитизм туралы қатыгез қаулы Абайдың шығысына қатаң тыйым салған тақырыпты «өлер­мен» зерттеушілердің айтарлықтай өнік­ті еңбек етіп жарияланған ғылыми моно­графиялары абайтанудың шығысқа қа­тысы жайлы соны беттерін айқара ашып, біршама биік деңгейге көтере алды.

Бұл ғылыми зерттеулер Абай мұра­сының рухани нәр алған мұсылмандық шығысқа шығармашылық қарым-қа­тынасы жайлы ғылыми зерттеу еңбек­терінің тырнақалды бастамасы ғана деп білеміз. Тәуелсіздік заманындағы қазақ жастарының араб, парсы, шағатай, тү­рік тілдері мен исламият тарихын жете меңгеруі арқылы Абай мұрасының мұ­сылмандық шығысқа қарым-қатынасы туралы келелі де іргелі ғылыми зерттеу еңбектері мейлінше молығып, сапалы ғылыми-монографиялық зерттеулер жаңа бағыт алғанда, ғажап құбылысты сонда көреміз. Бұл кезде Абайдың жантану ілімі мен толық адам ілімі, пәлсапалық лирикасы басқаша сөйлегенде, бұл сала ой-санадағы әлемдік рухани құбылысқа айналып, түркі халықтарының болашақ моральдық кодексінің іргетасына рухани тірек болып қаланары талассыз шындыққа айналмақ.

Соңғы жылдарға дейін Абайдың әде­­би мұрасын танып-білу, оны насхаттау жұмысының бәрі де материалистік, атеистік дүниетаным негізінде зерттеліп, насихатталып келгенін ешкім де терістей алмас. Өйткені шындық осылай болып тұр. Абай дүниетанымын маркстік-материалистік, жауынгер-атеистік таным тұрғысынан танытудың басында қазақ философтарының айғайшы болып тұрғаны да рас. Абай туралы көркемөнер жанрында жазылған шығармалардың бәрі де социалистік реализм талабы шең­берінен шығандап кете алмағаны, өйткені оған таптық дүниетанымы осы­­лай қалқан етіп қойылғаны белгілі ғой. Себебі КПСС ОК дүниетанымдық ұстанымы маркстік-материалистік, атеистік не­гізде саяси-идео­логиялық та­нымды толассыз насихат­таумен айналысты.

Абайды танып-білудегі басты кедергі оның дүниетанымының барлық салаларын, яғни философиялық, этикалық, эстетикалық, саяси-әлеуметтік салала­рын анықтауға келіп тіреледі. Осы са­лалардың бәрін де қазіргі философтар материалистік модель тұрғысынан қа­растырып келеді. Осы әрекет әсіресе Абай­дың 150 жылдық мерекесінде Қа­зақстан философтарының ұжымдық ең­бегі – «Абай дүниетанымы мен философиясы» деп аталатын арнайы ғы­­лыми зерттеулерінде өз көрінісін тап­ты. Бірақ философтардың бәрі де Абайдың Жетінші қарасөзіндегі «Дү­ние­нің көрінген һәм көрінбеген сырын түгендеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды. Оны білмеген соң, ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады. Әзелде Құдай тағала хайуанның жанынан адамның жанын ірі жаратқан, сол әсерін көрсетіп жаратқан» (Абай. ІІ том, Алматы, 1995, 165-бет) деген даналық сөзіне назар салмай келеді. Абай дүниетанымын танып-білуде Абай айтқан бұл ой-пікірдің мән-мағынасы, болмысы, тіпті бөлекше өркештеніп, дараланып тұр. Абай бұл пікірін ХІХ ғасырдың соңында айтуымен де ерекшеленіп тұр емес пе?

Абай «дүниенің көрінген сыры» деп бізді қоршаған материалдық әлемді айтса, «дүниенің көрінбеген сыры» деп біздің тылсым сырға толы рухани әлемімізді меңзеп отыр.

Абай айтқан дүниенің көрінген сы­рын ашумен айналысатындар тән ға­лымы (технократ ғалымдар) болса, дү­ниенің көрінбейтін сырын ашуға ұм­тылғандар жан ғалымы болып шы­ғады. Соның бірі хәкім Абайдың өзі болғандықтан, Абай жан ғалымының ең көрнекті өкілі болып шығады емес пе? Өйткені Абай 1898 жылы жазылған 38-қарасөзінде жантану ілімі туралы ой-танымдары біздің заманымыздағы квантты физиктерден бір ғасырдан астам уақыт бұрын «дүниенің көрінбеген сырына» айрықша мән беруі арқылы жантану ілімімен айналысып, пәлсапалық лирикаларын жазуы ойшыл ақынның кемеңгерлік тұлғасын көрсетеді.

Абай дүниенің көрінген және кө­рінбеген сырын үйлестіре танып-білуді мақсат тұтты. Абайдан бастап түп иені танып-білу жолында пәлсапалық лирика жанрында жантану ілімін меңгеруге, яғни дүниенің көрінбеген сырын ашып, танып-білуге ұмтылды. Абай бастаған бұл дәстүрді ойшыл ақынның шәкірттері Шәкәрім, Мағжан үдере дамытып, терең­дете түсті. Осы арқылы қазақ поэзиясында пәлсапалық лириканы әлемдік деңгейге көтеріп, көш бастады.

Бірақ бұл танымды кеңестік билік тұншықтырып тастады.

Енді ХХІ ғасыр басында квантты физиктер танымынан кейін дүние бастауында САНА тұр деген мүлде жаңа танымға келдік. Бұрынғы материалистік, атеистік дүниетанымымыз түбірінен қопарыла өзгерді.

Енді жаңа дүниетаным тұрғысынан ойлап қарағанда, Абайдың әдеби мұрасы мен ақын дүниетанымын танып-білу жолында жүргізілетін бүгінгі ғылыми зерттеу жұмыстарымыз қандай бағыт-бағдарда болатындығын айқындауға аса басым түрде мән беретін уақыт келді. Абайтану саласында 125 жылдық мерзімде жазылған өткендегі ғылыми-шығармашылық зерттеулерге де осы жаңа дүниетаным тұрғысынан жетіс­тіктеріміз бен кемшіліктерімізге де сын көзімен қарап, бағалайтын боламыз. Бұл дегеніміз, орасан зор қиын жұмыс болса да, қолға алатын тікелей парызымызға айналып тұр.

Ал Абай әдеби мұрасы мен дүние­та­нымын осы жаңа дүниетаным тұр­ғысынан салыстырып, ғылыми зерттеу жұмысына Нұр-Сұлтан қаласынан бүкіл әлемдік ғылыми зерттеу институтының деңгейінде тұра алатын Абайтану, Жам­былтану ғылыми-зерттеу институты өзі­нің болашақ зерттеу бағыт-бағдарын ен­ді дүние бастауында САНА тұр деген жаңа дүниетаным тұрғысынан жүргізуді өзі­нің ғылыми жоспарына негіз етіп алуы – уақыт талабы.

Абайтану саласында ғылыми зерт­теу ісімен айналысатын Мұхтар Әуе­зов атындағы Әдебиет және өнер инс­титутындағы Абайтану бөлімі, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде ашылған Абайтану ғы­лыми зерттеу орталығы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде­гі Абайтану ғылыми-зерттеу институты және М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық университетіндегі жаңадан ашылған Немат Келімбетов атын­дағы Гуманитарлық ғылыми зерттеу институтындағы абайтану тобы, т.б. зерттеу орталықтары баршылық. Бірақ бұлар бір-бірімен байланысы жоқ, не істеп жатқаны беймәлім бытыраңқы күйде келе жатыр. Бытыраған сайын күш бөлінеді. Бағыт-бағдар беруге біреуі де ұмтылмайды...

Енді Нұр-Сұлтаннан ашылатын Абай­тану ғылыми зерттеу институты осы кемшілікті бір ыңғайға келтірер. Өзі­нің ғылыми зерттеу жұмыстарын жүр­гізуге арналған ортақ бағыт-бағдары ар­­қылы жүзеге асырар деген үкілі үміт­­теміз. Бұл үкілі үміт жүзеге асуы үшін республикадағы абайтанушы ға­лым­дардың басын қосып, ғылыми-тео­рия­лық семинар ұйымдастырып, пікірлер ағысын айқындап, жаңа ғылыми танымға негізделген ортақ бағыт-бағдарымызды нақтылы түрде айқындап, бекітіп алуымыз аса қажет болып тұр. Осы тұрғыдан келіп абайтанудың болашақта алға қо­йылар міндеттері туралы өз пікірімізді ортаға салудың және басқалар тарапынан қосымша толтырулар болар деген үміттеміз.

Абайтануды кеңестік билік кезін­де коммунистік тоталитарлық идео­ло­гияның шеңберінде қысып ұстағаны жұртқа мәлім, әсіресе ақынның әдеби мұрасын танып-білуде әдебиеттің таптық, партиялық талабы шешуші орында тұрды. Абай мұрасы негізінен осы талап тұрғысынан ойшыл ақын мұрасын орыс әдебиетімен байланысы ғылыми зерттеу жұмыстарының басым түсіп, зерттеу еңбектері осы тақырыптың айналасынан шыға алмай жүргені, көп мәселенің сырын аңғартады. Яғни, Абай мұрасының рухани нәр алған қазына көздерінің бірінші саласы Абайдың қазақ әдебиетіне қарым-қатысына бірлі-жарымды зерттеу еңбектері жазылғаны болмаса, ірі, салалы, жүйелі зерттеу жұмыстары жүр­гізілмей келеді. Ал Абайдың шығысы мүл­де зерттелмей, атаусыз қалды. Бұл құ­былыстың бәрі де Абай мұрасын кеңес­тік дүниетаным тұрғысынан насихаттап жатты.

Абай дүниетанымы ендігі туындайтын ғылыми зерттеу жұмыстарында объективті шындық тұрғысынан ашылуы басты шартқа айналмақ. Ойшыл ақын дүниенің көрінбеген сырын танып-білуге ұмтылу арқылы жол салған жантану ілімі мен толық адам ілімінің құпиясын ашып, не себепті адамзаттың рухани әлеміндегі тылсым сырды танып-білуге ұмтылу себебін біле алмаймыз. Абайдың пәлсапалық лирикасында орын алған бас-ты мәселе – түп иені танып-білу. Абай ой-танымындағы сөз болатын пәлса­па­лық ой-пікірлердің бәрі де осы мәселе төңірегіне жинақталған. Соның бір тар­мағы жан мен тән туралы:

Ақыл мен жан – мен өзім, тән – менікі,

«Мені» мен «менікінің»

мағынасы – екі.

«Мен» өлмекке тағдыр жоқ

әуел бастан,

«Менікі» өлсе өлсін, оған бекі, –

деп өлең сөздің өрнегімен сыртқа шы­ғарған ой қазынасын бір шумаққа сый­­дырған ақынның пәлсапалық ой-тол­ғаныстарының сыры мен мән-мағы­насы бүгінге дейін толық жан-жақты шешімін таппай келеді. Бұл бір шумақ өлеңнің мән-мағынасын қарапайым тыңдаушы мен оқырманның өзі де бірден түсініп ке­туі өте қиын.

Кеңестік танымдағы философтар Абайдың осы ой-пікірін негізінен идеа­листік танымға жатқызып, теріс ма­ғы­нада насихаттап келді. Абай осы өле­ңінде «мен», яғни жан өлмейді дей отырып, жанның өлмеу сырының екінші бір көлеңкелі жұмбақ сырын ашып кететіні бар. Ол «жан» деген адам баласы жан қуаты арқылы өзінің өмірден ізденіп танып-білгенін ой сарабынан өткізе отырып:

Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы,

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған, –

деп жанның екінші бір бүркеулі тылсым сырын ашатыны бар. Адам өмірден көрген-білгенін, сол арқылы танып-ұғынған ой-пікірінің түйінін өлең сөз өне­рімен сыртқа шығарған ой қазынасы да мәңгі өлмейді деген байламға келеді.

М.Әуезовтің «Абайдың батысынан шығысы басым» деген ой-танымы әде­биет полицайлары мен философтар тара­пынан қатты сынға алынып, қудалауға ұшырады. Бұл мәселе, шындығын айт­сақ, М.Әуезовтің Абай мұрасының ру­хани нәр алған қазына көздері Абай­дың «Сәулең болса кеудеңде» деген өлеңінен өріліп барып айтылған пі­кір екендігіне көзіміз жете түседі. Абай­тану тарихының М.Әуезовтен кейінгі үшінші кезеңдегі абайтанушылар тарапынан қайта көтеріліп, қиындықпен қолға алынса да, оларға еркін жол бе­рілмей, қысымда ұстап келді. Бәрі бір «өлермендікпен» зерттеу жұмыстары жүргізіле берді. Енді ғана философтар тарапынан академик Ғ. Есімов Абай мұрасының шығысқа қатынасына оң көзбен қараған ой-пікірлері алғаш рет белгі бере бастады. «Абай – шығыс ақыны, шығыс мәдениетінің қайраткері, нақтырақ айтсақ, мұсылман шығысының аса көрнекті ойшылдарының бірі...оның көзқарасын діни философия жа­ғынан іздеу керек.» (Абай. Ұлы да­ла тұлғалары. Алматы, 2013, 361-362-бет) деген салиқалы ғылыми ой-та­нымдар алғаш рет көрініс бере бас­тауы – Абай шығысына тарс жабылған есіктің айқара ашылуына сеніммен келіп отыр. Абайдың дүниетанымы ғы­лыми тұрғыдан тереңдеп дендей енбей, мақсатқа жету қиын. Ол үшін Абайдың шығысқа қатысы жайлы ақындық кі­тапха­насының көлемі мен жағдайын анықтап алмай іске кірісу – далаға ла­ғумен бірдей болып шығады. Абай ой-танымының бұл болмысын танып-білмек үшін екі түрлі тәсілді ұстану қажет: біріншіден, Абай өз шығармаларында аз да болса нақты түрде атап отыратын дерек-мағлұматтар сілтемесі. Мысалы, Ғұламаһи Дауани, Бабырнама, Құтайба, т.б., ал екіншіден, Абай ой-танымының кейбір иіні келетін шығыстың ақындары мен ғұламаларының шығармаларындағы сабақтасып, іліктесіп келетін туынды­ларды қаншалықты қиын болса да сарыла іздену арқылы тапса болады. Мысалы, мен Абайға тікелей қатысы бар Жүсіп Баласағұнидің «Құтадғу білік», Наршаһидің «Бұхара тарихы» мен әл-Фараби, Қарабағи, ибн Сина, Журжани, т.б. осындай дереккөздеріне сүйене отырып тапқаным бар.

Қазақ елі ойшыл, хәкім ұлын ғасырдан астам уақыт ішінде қалай танып-білу жолын, ғылыми тұрғыдан талдап, көп мәселенің бар болмысын өз деңгейінде шешу міндеті тұр. Осы міндетті жүзеге асыра алсақ, Абайды танудың ұзақ жолында, ғылыми зерттеулерде жіберілген сан түрлі кемшіліктеріміз бен қол жеткен жетістіктеріміз көз алдымызға ке­леді. Жалпы, абайтану тарихы филология, тарих факультеттерінде арнайы курс, арнайы семинар сабақтары ретінде оқытылуы жөн. Өйткені бұл сала студенттерге абайтанудан терең мағлұмат берумен бірге, Абай мұрасының рухани, тарихи болмысынан кең, жаңаша соны танымдар беруімен ерекшеленеді. Ол үшін «Абайтану тарихы» оқулығы мен хрестоматиясы, бағдарламасы мен арнайы библиографиялық көрсеткішін қоса жазып беру – қажеттілік.

Ал барлық университеттер мен пед­институттарды және орта мектеп пен арнаулы оқу орындарының барлығын да «Абай: толық адам ілімі» деген арнау­лы ортақ оқулық, хрестоматия және бағдарламасымен, библиографиясымен қамтамасыз ету – рухани қажеттілікке айналып отыр. Өйткені бұл ілім жас ұрпаққа жетілген, кемелденген мінез-құлықты қалыптастырып, сырттан еніп жатқан жат қылықтардан сақтайтын «қытай қорғаны» болатынын назарда ұстау әділетті жол болмақ.

 

Мекемтас МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,

филология ғылымдарының докторы, профессор

 

АЛМАТЫ