Қазақстан • 23 Тамыз, 2019

Қазақстан-неміс әріптестігі: инвестицияға екпін

447 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сыртқы саяси ведомство басшысының Берлинге сапары қорытындысы бойынша неміс инвесторлары Қазақстанның инвестициялық әлеуетіне жоғары баға беріп, Қазақстан-неміс инвестициялық ынтымақтастығын арттыру бойынша Жол картасын әзірлеуге, сондай-ақ бірлескен стратегиялық жобалардың тізбесін жасауға келісті. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады. 

Қазақстан-неміс әріптестігі: инвестицияға екпін

Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов Германияға алғашқы ресми сапары аясында Қазақстан-неміс іскерлік «дөңгелек үстелін» өткізді. Іс-шараға Герман экономикасының Шығыс комитеті және жалпы капиталдандыру 180 млрд доллар болатын 20 неміс компаниялардың өкілдері қатысты. Олардың ішінде Linde Group, GEA Group, Deutsche Post, TUI Group, CLAAS KGaA mbH, Schaeffler Technologies AG & Co. KG, Deichmann SE, LEMKEN GmbH & Co. KG, сондай-ақ Tönnies Holding ApS & Co. KG, Böhmer GmbH секілді трансұлттық компаниялар.

«Дөңгелек үстел» қатысушылары екіжақты келіссөздер жүргізіп, елдің инвестициялық климатын, Қазақстандағы жұмыс тәжірибесін талқылап, машина жасау, агроөнеркәсіп кешені, мұнай-газ химиясы, құрылыс, көлік, жеңіл өнеркәсіп салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастық перспективаларын белгіледі.

Сыртқы істер министрі еліміздің экономикасының негізгі даму бағыттары туралы егжей-тегжейлі баяндап, неміс бизнесіне индустрияландыру, цифрландыру, «қарапайым заттар» экономикасы бағдарламаларын іске асыруға, «Жасыл экономика» базасын құруға және «Астана» Халықаралық қаржы орталығының жұмысына белсенді қатысуды ұсынды.

Елбасының 2012 жылы Берлинге сапары аясында Шикізат, өнеркәсіп және технологиялық салалардағы әріптестік туралы қол қойылған келісімі маңызды рөл атқарады.

Талқылау барысында «Kazakh Invest» ҰК» АҚ» Басқарма төрағасының орынбасары Рустам Исатаев Қазақстандағы герман компаниялары үшін инвестициялық мүмкіндікті, өсу перспективалары және инвестициялық қызметті мемлекеттік қолдау шаралары туралы хабарлады. Оның айтуынша, бүгінгі күні Қазақстанда өз жобаларын іске асыруға қызығушылық танытқан бес компаниямен белсенді келіссөздер жүргізілуде.

Герман тарапының спикерлері Қазақстандағы жұмысының тәжірибесі туралы айтып, ЕАЭО, Қытай, Таяу Шығыс, Орталық Азия нарықтарына қол жеткізу артықшылықтары және бизнес пен инвестицияларды кеңейту үшін жасалған мүмкіндіктерді жоғары бағалады. Герман кәсіпкерлері Қазақстанның агроөнеркәсіп кешеніне мал шаруашылығы және тамақ өнеркәсібінен бастап ауылшаруашылық машина жасау, зығыр майын және минерал тыңайтқыштарды өндіруге дейін ерекше қызығушылық танытты.

«CLAAS KGaA mbH» компаниясының Қадағалаушы кеңесінің төрағасы, Герман экономикасының Шығыс комитеті Басқарма төрағасының орынбасары Катрина Клаас-Мюльхойзер екі ел арасындағы сауда-экономикалық әріптестіктің оңды даму динамикасы туралы атап өтті: «Бүгінгі күні Қазақстан Орталық Азиядағы ең маңызды серіктес болып саналады. Жаңа функциялар Сыртқы істер министрлігінің құзыретіне өткен күннен бастап арамыздағы әріптестік артып жатыр».

«Deutsche Post International» компаниясының Вице-президенті Юрген Ломейер еліміздің көліктік-логистикалық саласы дамуының оң үрдістері туралы айтып, соңғы 5 жылда Қытайдан Еуропаға және кері бағытта Қазақстан аумағы бойынша жүк тасымалының көлемі айтарлықтай ұлғайғанын атап өтті.

Тараптар инвестициялық ынтымақтастығын арттыру бойынша Жол картасын әзірлеуге, сондай-ақ бірлескен стратегиялық жобалардың тізбесін жасауға келісті.

Қазақстан делегациясына Ауылшаруашылығы міністрінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов, «KEGOC» АҚ, «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ, «Қазгеология» АҚ, «БРК-Лизинг» АҚ, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ, «Агромашхолдинг» АҚ-ның басшылары және тағы басқа Қазақстан іскер топтарының өкілдері қатысты.