Әлем • 23 Тамыз, 2019

Норвег зерттеушілері Қазақстандағы бизнес ахуалын саралады

259 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Норвегиялық сарапшылардың тобы жуырда толығымен Қазақстанға арналған «International Business» баяндамасын әзірледі. Жоба бір жыл бойы жүргізілді және оған Норвегиялық ғылым және технология университеті, Норвегиялық экономика мектебі және BI Norwegian Business School қатысты.  «Innovation Norway» мемлекеттік корпорациясы демеу көрсетті. Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі хабарлады.

Норвег зерттеушілері Қазақстандағы бизнес ахуалын саралады

Баяндама үш бөлімнен құралған. Бірінші тарауда елге жалпы шолу және бизнес ахуалға әсер ететін өзекті тақырыптар бойынша сараптама ұсынылған. Онда демография, саяси даму, макроэкономика, білім беру саласы, еңбек нарығы, инфрақұрылым, старт-ап орта жайында айтылған. Жоба авторлары Қазақстанды инвестициялар үшін барынша қолайлы елге айналдыру жолындағы едәуір нәтижелерге қол жеткізілгенің айрықша атап өтуде. Тұнғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан 2050» Стратегиясын ұсынып, онда  мемлекеттік басқаруды жетілдіруді, әлеуметтік қамтамасыз ету мен салық салу жүйесін жақсартуды, кіші және орта бизнесті қолдауға және инфрақұрылымды дамытуға шақырды. 2050 жылы мұның бәрі Қазақстанды 30 ең дамыған елдің қатарына қосу үшін бағытталған. Бұл үшін Қазақстан өзінің транзиттік әлеуетін пайдалану және ақпараттық технологиялар мүмкіндігін кеңейту арқылы өз экономикасын ғаламдық және өңірлік ортаға толығымен қосуы керек.

«Қазақстан жаңа Жібек жолы үшін табиғи транзиттік дәліз болып табылады. Болжам бойынша, бұл жоба Қытайдан Орталық Азия мен Кавказ арқылы Еуропаға тауар тасымалын едәуір жеделдетеді әрі арзандатады. Қазақстанның стратегиялық географиялық орналасуы болашақта анағұрлым геоэкономикалық өзгерістер және транспорт саласындағы инновациялардың есесінен тым тиімді болады», - делінген жобада.

Екінші тарау Қазақстан өнеркәсібінің негізгі салалары, олардың инвестиция және кеңею үшін мүмкіндіктері, сондай-ақ мәселелері туралы түсінік береді. Негізгі назар мұнайгаз, тау кең, ауыл шаруашылығы, жаңартылатын энергия көздері, сондай-ақ «жаңа пайда болған салаларға» («emerging industries») бөлінді. «Жаңа пайда болған салаларға» авторлар құрылыс, ақпараттық технологиялар және туризмді қосты.

Үшінші тарауда Қазақстанда бизнес жүргізу оңайлығы, сондай-ақ салық салу жүйесі және әлеуметтік корпоративтік жауапкершілік сияқты мамандандырылған тақырыптар қарастырылған.

Материал көптеген дереккөздердің, сондай-ақ авторлардың Қазақстандағы кездесулері мен сұхбаттардың негізінде әзірленген. Жоба норвег кәсіпкерлерінің өз алдына Қазақстандағы жол нұсқасы болуға арналған.

«Норвег компаниялардың көпшілігі үшін Қазақстан және Орталық Азия зерттелмеген аумақ болып қала беруде. Осы баяндамамен норвег бизнесі Қазақстандағы нарық пен жаңа мүмкіндіктер туралы ақпаратты алатынына сенеміз», - деді «Innovation Norway» өкілі Фроде Мо таныстыру сөзінде.

«Жоба мүшелерінің сындарлы зерттеуімен біз осынау бірегей елдің экономикалық, мәдени, саяси және әлеуметтік қырларына барынша ақиқат көзқарас ұсынуға тырыстық», - деп атап көрсетті жоба жетекшісі Эрик Хуа.

«International Business» - бұл дамушы нарықтардағы халықаралық бизнес үшін айрықша мүмкіндіктерді анықтауды көздейтін жылсайынғы коммерциялық емес жоба. Ол 1984 жылы басталған және Норвегия үкіметінің норвегиялық кәсіпорындары мен өнеркәсібінің инновациясы мен дамуын қолдау құралы болып табылады. Жоба дамушы нарықтарының шынайы және барынша позитивті қабылдануына әсер етеді, деді «Innovation Norway» корпорациясында.