Инновация – жаңаша өрлеу кепілі
Сенбі, 2 ақпан 2013 7:57
Қазақстанның ХХІ ғасырдағы жаңаша өсу жолдарының тың белестерге көтерілуінде инновациялық экономиканы нығайтудың жаңа міндеттері, ғылым мен білімнің стратегиялық қадамдары, мемлекет басқарудың эволюциялық жүйелері көзделген. Олар – өңірлерді дамыту, тұрғындарға мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыру, электронды үкіметті дамыту, заң жүйелерін жаңғырту, адам капиталының сапалы өсуіне қол жеткізу, тағы басқа да серпінді стратегиялық жетістіктер. Осы бағыттардың бәрінің де алға өрлеуде маңызы өте зор.
Сенбі, 2 ақпан 2013 7:57
Қазақстанның ХХІ ғасырдағы жаңаша өсу жолдарының тың белестерге көтерілуінде инновациялық экономиканы нығайтудың жаңа міндеттері, ғылым мен білімнің стратегиялық қадамдары, мемлекет басқарудың эволюциялық жүйелері көзделген. Олар – өңірлерді дамыту, тұрғындарға мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыру, электронды үкіметті дамыту, заң жүйелерін жаңғырту, адам капиталының сапалы өсуіне қол жеткізу, тағы басқа да серпінді стратегиялық жетістіктер. Осы бағыттардың бәрінің де алға өрлеуде маңызы өте зор.
Осы уақыттарда нақты стратегиялық болашақ айқындалып, инновациялық бағдарламалар әзірленді. Экономиканың шикізаттық емес секторларына, осы салалардағы инвесторлар мен жаңашылдарға қолдау көрсетілуде. Шағын және орта кәсіпкерлерге, ірі өндірістік кешендердің, инновациялық жобалардың әдістері мен тетіктерінің бүкіл желісі қамтылуда.
Осындай өрлеуді жүзеге асыруда өңір басшыларының алдында бірнеше күрделі де құнды міндеттер, болжамдар мен баламалардың болуы уақыт талабы. Жедел сипатта жүзеге асыратын міндеттерді, жүйелі түрде атқаратын жұмыстарды оңтайландыру, біліктіліктің, білімділіктің, қабілеттіліктің белгісі. Өңірлерді инновациялық ғылыми бағытта мемлекеттік деңгейде зерттеу, жобаларды бизнеспен тығыз байланыстыра отырып орындау, инновациялық жаңа экономиканың дамуы бүгінде өте өткір де өмірлік мәселе. Әрбір өңір қандай өндіріспен нақты айналысуы қажет, олардың қандай өңірлік артықшылықтары бар, инфрақұрылымдары мен еңбек ресурстарының деңгейі – міне, осылар айқындалуы қажет.
Елбасының жаңа стратегиялық бағдарламасы еліміз үшін саяси, экономикалық, білім мен ғылым, әлеуметтік тұрғыда бағыт-бағдар беретін үлкен мәні бар тарихи құжат. Елбасын толғандырған өзекті мәселелердің ең бастысы – жаңа ғасырдағы еліміздің инновациялық жаңа экономикаға бет бұруы.
Экономика өз-өзінен дамымайды, оны дамытатын адам капиталының деңгейі, сапасы мен әлеуметтік белсенділігі. Сондықтан адам капиталына мән беру, қолдау бүгінде инновациялық экономикаға талпынған көптеген елдердің өзекті мәселесіне айналуда.
Инновация жаңа экономиканы жаңғыртудың, өсудің тың бастамасы. Инновациялық бағдарламаларды жүзеге асыруда өмірлік, өндірістік салалық идеялардың, ғылым мен білім салаларының рөлі айрықша. Инновациялық жаңа ғылым мен білім экономиканы жаңғыртуға ықпал жасаумен бірге, мамандарға жаңа инновациялық ойлау жүйесін қалыптастыруға да әсерін тигізеді. Қазіргі әлемде ғылымның жетістіктері мен озық технологияларды жаңаша ұйымдастыру мен басқару әдістерін өндіріске батыл енгізу күн тәртібінде бірінші кезекте тұр. Инновациялық даму деген тек қана жаңа технология мен техниканы сырттан сатып алу емес, сол техникамен өндіріс өнімділігін, сапасын көтеретін, алға апаратын, жүйелі басқаратын білікті, білімді мамандарды қажетінше дайындау.
Қазіргі кезең білектің емес, білімнің заманы. Жастары білімді елдің жүзі жарық, болашағы жарқын. Елімізде сапалы, білімді мамандардың әлі де аз екенін мойындап, заман сұранысына жауап беретін жаңа буын кадрларын даярлау қажет. Инновациялық жүйені тиімді пайдалануға көптеген жаңа идеялар мен әзірленімдер ұсына алатын білікті мамандар ғана экономиканы алға бастыра алады.
Әрине, ең басты мақсат – Қазақстанның үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру. Бұл бағыт заманауи ғылыми-техникалық, технологиялық жаңа бастамаларды қажет етеді және оны жүзеге асыру арқылы мемлекеттің инновациялық экономиканы дамытуының жаңа межелері анықталмақ.
Қазақстанда ғылыми-техникалық, технологиялық прогрестің стратегиясы мен тактикасын жасау, олардың инновациялық қажеттілігін өзекті сұраныс ретінде қарастыру, барлық ғылыми-техникалық, технологиялық бағыттарды анықтап, бір жүйеге келтіру бүгінгі күннің өзекті мәселесі.
Инновациялық жаңа экономиканың стратегиялық бағыттарының жоғары қарқыны осы үдеріске қатысушыларды мына міндетті шарттармен қамтамассыз еткенде ғана іске аспақ. Олар: жаңа әлемдік рынокқа сәйкес жүйелі білім, озық технология, өңірлік өндіріс пен қызметке салынған инвестиция нәтижелері, меншік құқығын қорғау заңнамалары, инновациялық жаңа ағымдарды тиімді қолдануда бәсекелестік шеңберін кеңейтудің нақты міндеттері, инновациялық жаңа жүйелер қызметін атқаруда қаржылық, материалдық, табиғи және еңбек ресурстарының ерекшеліктерін, ұтымдылығын және қолдану нәтижелерін қарастыру, т.б. Интеллектология ғылымының тұжырымы бойынша, стратег менеджерлер ғана «ақылды экономиканы» жүзеге асырып, болашақ экономикалық қауіп-қатерлер мен жетістіктерді алдын ала болжай алады.
Елбасының 2012 жылғы Жолдауында және ғылыми мақалаларында біліктілікті жоғарылату, интеграцияланған орталықтар ашу, білімнің қажеттілігін арттыру, жастардың бойына патриоттық, адамгершілік, заңға бағынушылық сияқты қасиеттерді дарыту, отандық ғылымдарды жаңғырту, инновациялық әлеуетті өсіру басты міндеттер ретінде аталған. «Өмір бойы білім алу» әрбір қазақстандықтың жеке кредосына айналуы тиіс, білім беру жүйесін ақпараттандыру жүйелі жүргізілуі қажет», деп атап көрсетілген Жолдауда.
Өңірлердің қуаттылығы – Қазақстанның қуаттылығы дегенді Елбасымыз талай рет қайталап айтты. Өңірлерді дамыту, бұл бүгінде маңызды бағыт. Әр өңірдің табиғи өзіндік ерекшеліктерін, экономикалық мүмкіндіктерін, тауарға деген ішкі және сыртқы сұраныстарды ескере отырып жүргізілуі тиіс бұл орайдағы барлық жұмыстар.
Қазақстан әлемдегі елдер арасында бәсекеге төтеп беретін, инновациялық экономикасы тұрақты дамыған, білікті, білімді мамандары бар, мемлекетті жаңаша басқаруда ерекше ойшыл басшылары бар ел болуы тиіс. Бұл – Елбасы алға қойған мақсат.
Ұлы Әл-Фараби «Тәрбиесіз берілген білім қауіпті» деген екен. Білім беру жүйесі патриотизм, адамгершілік, ұлтаралық келісім, толеранттылық, рухани даму, заңға бағынушылық сияқты құндылықтармен астаса жүруі тиіс. Жас мамандарымыздың бойына адами құндылықтарды сіңіре білсек, ұстаздық еңбегіміздің ақталғаны деп білемін.
Біз енді үйренетін ұлттан үйрететін ұлтқа айналуымыз қажет, ұлттың жаңғыруы экономиканы жаңғыртудан әлдеқайда қиын. Қуатты мемлекетті қалыптастырып тәуелсіз еліміздің келешегі үшін ерінбей еңбек етудің үлгісін танытатын кез келді, еңбекке қабілетті жандар масылдық пиғылдан арылып, өзін өзі қамтамасыз етіп, жаңа жұмыс орындарын ашып, мемлекетіміздің өрге басуына тиісті үлестерін қосуы керек.
2012 жыл Қазақстан елі үшін әлемде ерекше табысты, қуанышты жыл болды. Бұл жылда еліміз жаһандық тағы бір күрделі жарыста оза шауып, ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу құқын жеңіп алды, 2050 жылға дейінгі Даму стратегиясы белгіленді.
Әрине, ұзақ мерзімді стратегияны болжау, әлемде болып жатқан құбылыстарды, мемлекеттің ішкі-сыртқы жағдайларын сараптау, жаңа экономиканың қандай сипатта басқарылуы, қандай өнім шығару, халықтың әлеуметтік өрлеу жағдайы, жаңа инновацияның жаңа экономикаға тиетін әсері, ғылым-білім жүйелерінің, шетел тәжірибелерінің тек тиімді бағыттарын ғана пайдалану, міне, осының барлығын сараптай келіп, мүмкіндігімізді, келешек жолымызды, алатын белестеріміздің қандай болу қажеттілігін ой елегінен өткізгеннен кейін ғана анықталатыны, өте күрделі процесс екені белгілі.
Елбасы өз сөзінде экономикалық прагматизм туралы өте жиі айтып жүр. Соңғы Жолдауында Қазақстанды корпорацияны басқарғандай басқару керек деп атап көрсетті. Бұл жерде прагматизм мемлекетті үнемді экономикалық басқару дегенді білдіреді, оның ішінде ең ерекшесі бюджет табысын корпоративтік білгірлікпен жасау және барынша тиімді іске асыру, бюджет қаржысын тиімді, дұрыс пайдалану, бюджеттік жоспарлау мен бюджетаралық қатынастарды жетілдіру, бюджетті сапалы орындаудағы әкімшілер жауапкершілігін арттыру, бюджет қаржысын пайдаланудағы жариялылықты қамтамасыз ету, әлеуметтік саланы нығайту, әр тиынға бақылау болуы керек.
ЭКСПО-2017 көрмесінің Астанада өтуі оңай жолмен келген жоқ. 150-ден астам ірі мемлекеттің ішінен бізге бұйыруы тегін емес. Қазақстан жаңа экономикаға негізделген жаңа энергия проблемасын таңдады. Сол арқылы жеңіске жетті. Бұл көрменің инновациялық, экономикалық басқару жүйесінде маңызы өте үлкен. Бұл – Қазақстанға деген дүниежүзі мемлекеттерінің зор сенімі, бұл – Қазақстанның дүнежүзіне танымал болып келе жатқанының белгісі, бұл – әлем елдерінің Қазақстанның мүмкіндігін бағалағаны.
ЭКСПО-2017 көрмесінің мақсаты 150-ден астам елдегі бүгінгі ең үздік техника мен инновациялық технологияларды көрсету. Бұл үлкен жаңалық, бұл біздің өзімізді де алға басуға ынталандырады. Біз де, бастамашы ретінде, өз жетістіктерімізді көрсете аламыз, олар: күн модульдері, жел электр стансалары құрылысы, тау өзендерінің қуатын пайдалану, жер асты энергиясын пайдалану, т.б.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауы аса маңызды құжат. Мұндай стратегия халықты болашаққа сеніммен қарауға жетелейді, тәртіпке, ұқыптылыққа, талпынысқа талаптандырады.
Қазақстанның жаңа стратегиялық бағытының бүгінде әлем саясаткерлері тарапынан толық қолдау табуының өзі оның өміршеңдігін көрсетеді.
Ахан ДҮЙСЕМБАЕВ,
экономика ғылымдарының докторы,
академик, Еуразия халықаралық экономика
академиясының толық мүшесі.
ҚАРАҒАНДЫ.