«Шетелдік валютадағы басым қамтамасыз етілмеген борыш рейтингі де «Baa3» деңгейінде бағаланды. Рейтингтің «позитивті» деңгейге көтерілуіне Қазақстан экономикасының «стреске төзімділігі» артуы себепкер болды. Көмірсутек саласының табысы артқан. Экономикалық реформалардың мүмкіндігі және бюджет қорын тиімді әрі ақылға қонымды басқару Қазақстанның несиелік қабілетін арттыра түседі. «Baa3» деңгейі үкіметтің активтері мен пассивтерінің теңгерімі бар екенін көрсетеді», деп жазады Қазақстан қор биржасы.
Биржаның мәліметінше, Қазақстан үшін жергілікті валютадағы облигациялар мен депозиттердің ұзақ мерзімді рейтингтері бұрынғысынша «Baa1» деңгейінде қалып отыр.
«Шетел валютасындағы облигациялар мен депозиттердің ұзақ мерзімді рейтингтері өзгерген жоқ. Тиісінше «Baa2» және «Baa3» деңгейінде қалды. Ал облигациялар мен депозиттердің шетел валютасындағы қысқа мерзімді рейтингтері «P2» және «P3» деңгейінде қалды. Аталған «шекара» елдегі шаруашылық субъектілерінің облигациялары сапалы екенін аңғартады», делінген агенттіктің сараптамасында.
Болжамның өзгеруіне себепші болған ең негізгі факторлар – Қытай мен Ресейдегі экономикалық құлдырау, мұнай бағасының төмендеуіне байланысты елдегі ішкі жалпы өнімнің ұзақ мерзімді өсімінің бәсеңдеуі. Сонымен қатар Қазақстанның несие рейтингінің өзгеруіне банк секторындағы долларландырудың артуы мен шетелдік валютадағы Қазақстан активтері мен Ұлттық қордың активтеріне жасалған қысымның артуы ықпал етті.
Агенттіктегілердің мәліметінше, эмитент рейтингі мен Қазақстанның қамтамасыз етілмеген берешегі бойынша рейтингі елдің қаржы жүйесіндегі аса жоғары күшті, экономикалық жоғары тұрақтылықты және шетел валютасындағы активтердің айтарлықтай көлемін көрсетеді.
Moody's-тің бағалауы бойынша, Қазақстанның экономикалық тұрақтылығы экономиканың негізгі салаларында кірістің өсуімен бекітілген. Экономикалық реформалардың бюджеттік буфердің тиімді басқаруымен үйлестіктегі одан арғы перспективалары Қазақстанның кредиттік көрсеткіштері әлі де нығайып, ең жоғары рейтингке сәйкестенуіне әкеледі.
Қазақстанның рейтингін тұрақты мемлекеттік баланс, мемлекеттік қарыздардың төмен деңгейі, айтарлықтай қазыналық резервтер, серпінді экономикалық өсу перспективалары көтеріп отыр. Сарапшылар алдағы 2-3 жылда мұнайсыз салаға салымның өсуі арқылы нақты ІЖӨ өсуінің тұрақты қарқынының 4% деңгейінде сақталуын болжауда.
Moody's зор экономикалық тұрақтылықты сақтау үшін өсу мен кіріс факторларының артуын күтеді. Жүзеге асырылған және жоспарланып отырған экономикалық реформалардың перспективалары көбіне экономиканы әртараптандырып, Moody's талдаушылары бағалап отырғаннан да көп табыс әкелуге ықпал етпек. Бұл үшін Үкімет экономиканы әртараптандыруға баса назар аударуды одан әрі жалғастырып, несиелеуді субсидиялау мен таргеттелген сектордың кәсіби дайын болуын қоса алғанда, салықтық және салықсыз ынталандыруды ұсынуда.
Бұдан басқа, өңдеуші емес салаға шетелдік инвестиция тартуға ішінара арналған қаржылай инвестициялар мен мәмілелер үшін ағылшындық құқық қағидатындағы Астана халықаралық қаржы орталығы құрылды.
Сарапшылар қазақстандық темір жол желісі арқылы тасымалдау кезінде уақыт үнемделетінін ескергенде, Қытай мен Еуропа арасындағы жүк транзитін ұлғайтудан көлік пен логистика тек ұтатынын атап өтті. Еліміздің инфрақұрылымын жақсартуды көздейтін «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы осы саланың дамуына қолдау жасайды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Standard & Poor’s халықаралық рейтинг агенттігі Қазақстанның несие рейтингін шетелдік және ұлттық валюта бойынша «BBB+»-тен «BBB»-ға дейінгі міндеттері бойынша негативті болжамдармен төмен түсірген болатын.