Аймақтар • 26 Тамыз, 2019

Ақтөбеде ауыл тұрғындары көпір салып алды

715 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінде шалғай ауылдардың тұрғындары арасында жергілікті билік өкілдеріне талап-тілектер жиі қойылады. Бұл кейде масылдық сананың бір сипаты іспетті көрініс тауып жатады. Осы орайда Жұрым ауылдық округіне қарасты Көлденең Темір ауылы азаматтарының ешкімнен ештеңе сұрамай, өз күштерімен көпір салып алуы өзгелерге үлгі боларлық қадам.

Ақтөбеде ауыл тұрғындары көпір салып алды

Аталған іске ауылдан алты шақырым жердегі кеңестік кезең­де салынған шағын көпірдің әбден ескіріп, тозығы жеткені себепші болды. Әсіресе көк­темде су тасыған кезде және күз­дің жауынды-шашынды лайсаң уақыттарында жүлге сай өткел бермей көптеген кедергілер келтіріп жүретін. Соның салдарынан ауыл адамдары округ орталығына айналма жол ар­қылы қатынауға мәжбүр еді. Сон­дықтан тұрғындар өз араларынан қаражат жинақтап, оған қажетті материалдар сатып алды да, кө­пір салуға бір кісідей жұмыла кірісті.

Асарлатып салынған өткелдің сапасы да ұмыт қалған жоқ. Сөй­тіп екі араға төрт қатардан тұ­ратын темір тұрба төселіп, қуыстың бәрі қиыршық таспен толтырылды. Бұдан кейін оның үсті цементпен бекітілді. Сауабы мол істі ұйымдастыруға ауыл кәсіпкерлері Ғалымжан Нөкісов пен Қайрат Қалдығұловтар ұйыт­қы болғанын айта кетелік. Екі азамат көпір салуға жеке техникаларын жұмылдырды. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, қарқынды қимыл­даудың нәтижесінде көпір небәрі бес күннің ішінде салынып бітті.

Көлденең Темір ауылында 44 отбасы тұрады. Сапар барысында ауыл жастарының қалаға жұмыс іздеп кеткендіктен, туған топырақта негізінен егде тартқан ерлі-зайыптылар ғана қалғанын байқадық. Ауылдағы шағын жинақты мектеп балалар саны толмағандықтан екі жыл бұрын жабылып қалған екен. Ауылдық округтің орталығы Жұрымнан он сегіз шақырым қашықтықта орналасқан бұл ауылдың тұрғын­дары мал өсірумен айналысып, өз нәпақасын өздері тауып отыр. Соңғы жылдары олардың көңі­лін алаңдатып жүрген басты мәсе­ленің бірі көпір болса, оны еш­кімге міндетсінбей, өз күші, ақ адал еңбегімен-ақ салып алған кішкентай ауыл тұрғындарының өз­ара ауызбіршілігі қандай ілти­патқа да лайықты демекпіз.

 

Ақтөбе облысы,

Мұғалжар ауданы,

Көлденең Темір ауылы