Аймақтар • 26 Тамыз, 2019

Қапалдың Тамшыбұлағы ағылшын еліне қалай танылды?

1027 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жалпақ Жетісу өңіріндегі Қапал өлкесінің атауы қазақтың соңғы бір ғасырлық тарихындағы жазбаларда жиі кездеседі. Тұмса табиғаттың таңғажайып сыйы іспетті бұл мекенге орыс отаршыларының аяғы тигенде, империялық мақсатты көздеген әскери шенділер «Қапалдың қолға өтуі – Ұлы даланың оңтүстігіне ішкерлей енудегі жеңісіміз» деген көрінеді. Осылайша Қапал бекінісінің іргесі қаланған...

Қапалдың Тамшыбұлағы ағылшын еліне қалай танылды?

...Қапалдың бір жауһары – Тамшыбұлақ. «Күн сәулесіне құбылған Тамшыбұлақтың тамшылары бірін-бірі сүйген сұлтанның қызы мен мал баққан жалшы ұлының көз жасы екен. Сұлтанның қызы Баян әр түн сайын осы қасиетті Тамшыбұлақтың шипалы суына келіп, басындағы ауыр хәлін айтып жылаған екен. Міне, тамшылап тұрған тамшылар – Баян қыздың көз жасы-мыс». 1859-1865 жылдары Жетісуда аралаған ұлы саяхатшы, этнограф Шоқан Уәлиханов жергілікті халықтың аузынан осындай аңыз естіп, хатқа түсірген екен. Тамшыбқлақ топырағына Шоқан салған ізбен  П. Семенов-Тянь-Шанский, Н.Абрамов, А.Голубев сияқты орыс өлкетанушылары келіп, табиғаттың сиына тамсанып кеткен. Ел аузында жарқабақтан тамшылай аққан судың емдік шипасы жайлы түрлі әңгіме бар. Қыстың көзі қырауда да қатпай, тамып түсетін мөлдір тамшыда көз, асқазан, сүйек – буын, жүйке ауруларына дәрі болып, дем беретін  қасиет бар екен. Ал жарды қаптаған жұқа балдыр қол-аяғы қақсаған, буын сыздаған, сүйегі сырқыраған жанға ең қажетті ем-дом дейді.

Қазір Тамшыбұлақ Алматы облысының Ақсу ауданына қарайды.Көне Қапал бекінісіне, қазіргі ауылдық округ орталығына апаратын жол бойында мөлдіреп жатыр. Көрікті өлкеде тарихи мазмұнға толы орындар көптеп кездеседі. Нағыз туризм көзіне сұранып тұр.

Айтпақшы, Қапал өңірі, оның ішінде Тамшыбұлақтың аты көне Еуропа жұртына мәшһүр. Әсіресе, Ұлыбританияда Ұлы даланың бір пұшпағы жайлы мағлұмат мол екен. Қараңыз, қазақтың кең  даласы мен тұманды Альбион алабының арасын байланыстыратын жазба деректерді алғашқы болып саяхатшы, жазушы  Томас  Аткинсон тасқа басып қалдырғаны тарихтан мәлім. Сонау 1844 жылы Орал мен Алтай тауларының аралығындағы Ұлы дала төсін аралап өткен ағылшын азаматы Аткинсон Алатаудың етегін де бойлай басып өтіпті. Нақтысында Жетісу өңірінде еру болып жатқан екен. Кезіндегі Қапал бекінісінде қыстап, жергілікті қазақтардың дәстүрі мен салтына қанық болған саяхатшы өңірдің тұмса табиғатына тамсаныпты. Ең ғажабы, Томастың тұңғыш баласы қазіргі Алматы облысының Ақсу ауданына қарасты Тамшыбұлақ ауылында дүниеге келген. Томас пен Люси ұлдарына Алатау - Тамшыбұлақ деп ат қойыпты. Қазір Алатау – Тамшыбұлақтан тараған ұрпақ Ұлыбритания мен Америкада тұрып жатыр. 2016 жылы арғы аталарының кіндік қаны тамған өлкеге тәу ету үшін Аткинсондардың жаңа буыны Жетісуға келген болатын.

Айтпақшы, ағылшындар әдепкі ақсүйектігінен жаңылмай, бір кезде қазақ даласынан дәм татқан Томас Аткинсонның қызметі мен еңбектері жайлы зерделеп, зерттеп жеке кітап жазуды бастап қойыпты. Оның ішінде Аткинсон қазақ ұлтының 1844 жылы жазып қалдырған тұрмысы, салт-дәстүрі жайлы қызықты деректерге ерекше мән берген екен. Қазіргі британ саяхатшылары өркениетке ілескен Тәуелсіз Қазақстанды тануға да ынталы екен. Жақында Талдықорғанға ағылшынның саяхатшы-жазушысы Джон Масси Стюарт келген болатын. 82 жастағы қарт қаламгер Жетісу оқырмандарына «Аткинсондар әулетінің Сібір мен қазақ даласында бастан кешкендері» атты кітабын таныстырды. Ағылшын тілінде жарық көрген еңбек Еуропада сұранысқа ие екен. Кітапта Томас пен Люси Аткинсондардың Ұлы дала жайлы шынайы жазбалары мен салған суреттерінің тарихы, олар бірге өмір сүрген қазақ ауылының тағдыры жайында нақты деректер жарияланған. Талдықорғандағы кездесуде Джон Масси Стюарт қазақ елі жайлы әлі де қызықты кітап жазатынын айтты.

- Джон Масси Стюарттың «Аткинсондар әулетінің Сібір мен қазақ даласында бастан кешкендері» жалпы ағылшын тілді әлем үшін қазақ даласы жайында мол мағлұмат беретін танымдық дүние екен. Бір ғана Аткинсондар жайлы деректерде 18-19 ғасырдағы қазақ халқының өмірі толық көрініс тапқан. Біз алдағы уақытты облыс әкімінің қолдауымен осы кітапты қазақ және орыс тілдеріне аударып, басып шығаруды ойлап отырмыз. Бұл елімізді ағылшын тілді әлеммен ете таныстырудың, елді елге танытудың бір жолы. Қазірдің өзінде Жетісуға Томас-Люси Аткинсондардың ізімен Қапал өңірін аралағысы келетін туристер келе бастады, - дейді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам Алпысбаев.

 

Алматы облысы