Аймақтар • 26 Тамыз, 2019

Отқа оранған театр жеке инвестициялар есебінен қалпына келтіріледі

225 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

22 тамыз күні Атыраудағы Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының ғимаратынан өрт шықты. Облыс орталығының ең көрнекті жерінде орналасқан өнер ордасы қас пен көздің арасында отқа оранды. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Рашид Бляловтың айтуынша, өрттің шығуына ғимараттың екінші қабатындағы электрқалқанның ақауы себеп болған. Өрт туралы хабар аталған департаментке күндізгі сағат 13.30-да түсіп, сағат 18.00-де толығымен өшірілді. Қызыл жалын 1800 шаршы метр аумақты шарпып үлгерді.

Отқа оранған театр жеке инвестициялар есебінен қалпына келтіріледі

Оқыс оқиғаға байланысты жедел штаб құрылды. «Қазір театр ғимаратының шатыры, электр желілері мен сыртқы қасбетін қалпына келтіру, ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр»,-дейді облыстық құрылыс басқармасының басшысы Мәлік Аманов. Төтенше жағдайдан кейін аймақтағы мәдениет мекемелерінің қызметкерлері, жергілікті тұрғындар арнайы сенбілік ұйымдастырып, театр ішін тазалау жұмыстарына қатысты. Өрттен кейінгі жасалып жатқан жұмыстарды тексерген облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қыс маусымы түскенше театр ғимаратын қалпына келтіру жұмыстарын аяқтауды тапсырды.

- Қазір нысанда 22 компания жұмыс істеп жатыр. Олар театрды өз қаражаттарына жөндеп беруге бастама көтерді. Өнер ордасы толықтай жеке инвестициялар есебінен қалпына  келтіріледі,-дейді облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкенов.  

Театр ғимараты биыл ғана күрделі жөндеуден өтіп, мамыр айында пайдалануға берілген болатын.

         АТЫРАУ