Аймақтар • 26 Тамыз, 2019

Қарағанды облысында астық жинау науқаны басталды

477 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қарағанды облысының Қарқаралы, Нұра, Бұқар жырау, Абай және басқа да аудандарында егін орағы басталды. Биылғы меже бойынша барлығы 884 мың гектар алқаптан астық өнімдері жиналуы тиіс. 

Қарағанды облысында астық жинау науқаны басталды

Облыстық ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Сағынжан Апақашовтың айтуынша, биылғы өнімнің түсімі жалпы алғанда жаман болмайтын түрі бар.

– Тамыз айының басында астық өсірумен айналысатын Абай, Бұқар жырау, Осакаров, Нұра сынды аудандардың алқаптарын аралап шықтық. Жиын-терім жұмыстарына дайындықпен және ауыл шаруашылық дақылдары егістігінің жай-күйімен таныстық. Дәнді дақылдардың түрлік өнімділігі жаман емес. Алайда, шілдеде және тамыздағы қолайсыз ыстық ауа райы астықтың толысуына кері әсерін тигізді.

Биыл бидай 631 мың гектардан, арпа 200 гектардан, сұлы 16 мың гектар алқаптан жиналады. Майлы дақылдар болса, 24 мың гектар алқапқа егілген. Сондай-ақ, картоп 10.4 гектардан, басқа көкөніс түрлері 1,5 мың гектар алқаптан жиналады. 

Облыс бойынша астық жинау жұмыстарына 2 344 комбайн, картоп жинайтын 60 және  картоп қазатын 72 комбайн жұмылдырылады.

Облыс әкімі келесі жылы картоп, қырыққабат, пияз және сәбіз егетін алқаптарды ұлғайту керек деп санайды.

– Бізде көкөністерге сұраныс жоғары, оларды сақтау мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, көкөніс қоры қысқы және көктемгі кезеңде олардың бағасының өсуін бақылауға мүмкіндік береді, – деді Ерлан Қошанов.

Астық жинау науқанын өңір басшысы өзінің тікелей бақылауына алатынын мәлімдеді.

 Қарағанды облысы