07 Ақпан, 2013

Инвестициялар игілік әкелуімен құнды

348 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Инвестициялар игілік әкелуімен құнды

Бейсенбі, 7 ақпан 2013 7:32

Инвестиция тартудың ілкімді жолдары бірлескен кәсіпорындар құрумен, өнімдер мен тауарлар шығарумен ғана шектелмесе керек. Ол алдымен озық технологиялар мен өміршең жобаларды табыстың нақты көзіне айналдыру тетіктерін қарастыруы тиіс.
Еліміздің ұзақ жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуын белгілеп берген «Қазақстан-2050» Стратегиясында жаңа саяси бағыттың төрт мәні атап көрсетілді.

Бейсенбі, 7 ақпан 2013 7:32

Инвестиция тартудың ілкімді жолдары бірлескен кәсіпорындар құрумен, өнімдер мен тауарлар шығарумен ғана шектелмесе керек. Ол алдымен озық технологиялар мен өміршең жобаларды табыстың нақты көзіне айналдыру тетіктерін қарастыруы тиіс.
Еліміздің ұзақ жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуын белгілеп берген «Қазақстан-2050» Стратегиясында жаңа саяси бағыттың төрт мәні атап көрсетілді. Қайсысы болсын тарихи құжаттың басты қағидаты – кең ауқымды экономикалық прагматизмнің нақты сипатын даралап, бүгінгі көзқарастарымыз бен ұстанымдарымызды түбегейлі өзгерту секілді түпкі мақсаттарды діттейтінін аңғару қиын емес. Иә, экономикалық әлеуетті арттырудың жолдары көп. Олардың ішінде қолайлы инвестициялық ахуал құру, одан алынатын кіріс пен қайтарым жайы үлкен маңызға ие. Біз осы тақырып аясында өңірлік мысалдар келтіре отырып, нақты экономикаға отандық өндірушілермен қатар шетелдік инвесторлардың қалай тартылып жатқаны және кейбір көкейкесті мәселелер жөнінде сөз қозғамақпыз.

2010 жылдан үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдар­ламасы енгізілгелі өңірдің экономикасына 188 миллиард теңге инвестиция құйылды. Жыл өткен сайын оның мөлшері көбейіп келеді. Соңғы жылдары шетелдік инвес­тицияның өсуі байқалады. Былтыр бұл көрсеткіш 70 миллиард теңгені құрап, ал­дыңғы жылға қарағанда 1,4 есе өскен. Осы уақыт ішінде 500-ге жуық жаңа өндіріс орындары құрылып, өнеркәсіптегі техно­логиялық инвестициялар 8 есе артқан. Индустрияландыру картасына 283 миллион АҚШ долларының жобалары енген. Бұ­рын­дары инвестицияның негізгі үлесі егін­шілікке, агроөнеркәсіп кешеніне тиесілі бол­са, енді жаңа салаларға да басымдық беріле бастағанын айта кеткен жөн. Ал­дағы шаралар тіпті ауқымды. Өңір эконо­микасының тұрақты және теңдестірілген өсімін қамтамасыз ету үшін дәстүрлі салаларды одан әрі дамыту, тау-кен, металлургия кешеніне, жеңіл өнеркәсіп пен туризм кластеріне айрықша көңіл бөлу, экспортқа бағдарлану, экономикалық басым секторларда инвестициялық бағдарламаларды бірінші кезекте жүзеге асыру, астық және контейнер таситын жүк вагондарын, мұнай өнеркәсібі жабдықтарын шығару көздел­ген. Соған орай былтыр 10 миллиард тең­генің 6 жобасы іске қосылып, 400-дей адам жұмыспен қамтылған. 2014 жылға таман 42 миллиард теңгенің 30 жобасы бой көте­ріп, 3,9 мың жаңа жұмыс орындары ашылатын болады. Олардың арасында өңірге табыс әкеледі деп күтіліп отырған инвес­тициялық мегажобалар баршылық. Мұндай өміршең бағдарламалар өңірдің иннова­циялық дамуына оң ықпал етуімен қатар, озық технологиялардың орнығуына тікелей септігін тигізері анық.
Президент өз Жолдауында инвесторлар алдына тың талаптар қойды. Елімізге заманауи өндіру және қайта өңдеу технологияларын енгізу, соған орай ең жаңа өндірістер құру шартын міндеттеді. Елбасының осы бастамасына қолдау ретінде Ресей, АҚШ, Қытай, Корея, Түркия, Швейцария секілді мемлекет қаржыгерлері мен бизнесмен­дері­нің қатысуымен өткен аймақтық инвес­тициялық форум көкейкесті сипатымен есте қалып, шетелден қаржыны тартудың ілкімді жолдары мен ішкі мүмкіндіктерін айқындап берді. Жиында келешегі зор инвестициялық жобалар ұсынылып, қолдау тапты. Құрылыс материалдары, полиметалдарды барлау және өндіру, көлік қаты­насы, кен орындарын игеру секілді тың салалар сөз етіліп, инвесторларға барынша қолай­лы ахуал туғызылды. «Казэнергорегион инвестициялық компаниясы» ЖШС-нің директоры Қамария Қайырбек­қызы Булаево стансасында жылдық қуаттылығы 12 миллион тоннаға жетеғабыл мұнай өңдей­тін зауытын салу белгіленгенін, жалпы құны 8 миллиард еуро тұратынын, құры­лыс жұ­мыс­тарына 2 миллиард еуро құйыл­ғанын, бірінші кезегі келесі жылы қосы­лып, 6 миллион тоннаға дейін жанар-жа­ғар­май және дизель отындары өндіріле­тінін мәлім­десе, швейцариялық «RV REVA-Group SA» компаниясының прези­денті Абим Салихи «Plastbau» технологиясы бойынша өзіндік құны арзан тұрғын үйлер құрылысы жүр­гізілетінін, бұл жөнінде «Солтүстік» ӘӘК-мен келісім ор­натылғанын жеткізді. Бүгінде тұрғын үй комбинатын салуға жер телімдері бөлініп, алғашқы қаражат бе­ріліпті. «Торе-Чингизид ЛТД» компания­сы­ның құрылтайшысы Игорь Овчинниковтың үні де сенімді шықты.
Қазақстан рыногын зерттей келіп, Сол­түстік Қазақстан облысында қағаз комбинатын салуды ұйғардық. Сіздерге сырттан жылына 70 мың тонна картон жеткізілсе, 70 пайызы Ресейден тасымалданады. Демек, өзара әріптестік орнатуға мүмкіндік мол деген сөз. Аграрлы өңір болғандықтан, шикізаттан тапшылық болмасы анық, деді. Оның сөзін америкалық «Хуссан Ко» компаниясының өкілі Окан Сюргит қолдап, инвестициялық демеу көрсетуге тас-түйін әзірлігін аңғартты. Тағы бірқатар инвес­тициялық жобалар ұсынылып, жиналған­дар көңілінен шықты.
Алайда, инновациялық жобалардың бә­рі қолдауға тұрарлық десек, асыра айтқан­дық болар еді. Форум, бір жағынан, инвес­тициялық қызмет деңгейінің әлі де төмен­дігін көрсетіп берді. Өңірлерді дамытуға байланысты өткен былтырғы кеңесте Елбасы Кеден одағы шекарасында тұрып, инвестиция тарта алмаған теріскей облыстарды сынға алып, өңірлердің сырттан қаржы тар­туға деген қызығушылығын арттыру үшін жер қойнауындағы байлықтарды пай­дала­нуға қойылған мораторийді алып тастайтынын мәлімдеген болатын. Өңірлерге мүм­кіндік беру мақсатын көздейтін шешім жер­гілікті жерлерде үндестік тапса да, иге­рілмей жатқан резервтер жеткілікті. Өйт­кені, инвес­тиция игіліктерін тек қаржы құю, бірлескен кәсіпорындар ашу арқылы өнімдер мен тауарлар ғана шығару деген түсінік әлі басым. Инвестиция енгізу сая­сатының бір ұшығы адамдардың өмір сапасын жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, кәсіпкерлікті өр­кендетуге ұмтыл­дыратынын біле тұра, ескі технологияларға иек артатын, түпкі ойы жеке бастың баюын көздейтін қаржыгерлердің кездесіп қала­тыны өкінішті. Өздерін инвес­торлар ретін­де таныстырған алпауыт фирма өкілдері осыдан бірнеше жыл бұрын орга­никалық-минералды тыңайтқыш өндіретін зауыт, тағы бір келгендерінде автомобиль­дердің газ баллондарын шығаратын кәсіп­орын салуға мол қаржы құятындарын жария­лаған болатын. Осы жолы да тағы бір тың жоба ұсынды. Ниет жақсы-ақ! Алайда, тех­нологиялық әлеуеттің жан-жақты ескеріл­меуі салдарынан уәделер сөз күйінде қал­ды. Оның себептері көп. Біріншіден, ин­вес­тициялық ұсыныстарға қатаң талап қо­йыла бермейді. Екіншіден, ұсынылып отыр­ған жо­баның түп-тамырына тереңдеп баратын тәжірибелі мамандар тапшы. Соның салдарынан инвестиция деген құр атқа ие, табыс, қайтарым әкелмейтін, иел­е­рі жүз күндік пайдамен шектелетін, оның соңы бастапқы бағытынан айнып, басқа салаға бұрылып жататындар ұшы­распай қоймайды. Үшіншіден, жоспар орын­дау деген бюрократтық ұғым қағаз­бастылыққа, немқұрайдылыққа соқты­рып жүр. Осындайда «жылтырағанның бәрі алтын емес» деген аталы сөз ойға оралады. Тайынша стансасында «Қызылжар» комбайнын шы­ғаруға арналған бірлескен кә­сіпорын бә­секелестікке төтеп бере алмай жұмысын тоқтатты. Енді көршілес Ресей елінің бір фирмасы қомақты қаржы салып, осындай бірлескен өндіріс орнын салуға талап қылып жүр. Естуімізше, ниетінің қабыл болатын түрі бар. Міне, арнайы комиссия мүше­ле­рінің белсене қимылдайтын тұсы осы! Егіз­дің сыңарындай бір-біріне ұқсас, әлеуетсіз инвестициялық жобаларды әбден илеуден өткізіп, ел мен жерге пайдалы жақтарын, табыс әкелетін мүмкіндіктерін жан-жақты саралап, ең таңдаулыларын таңдап алса қол­дарын ешкім қақпас еді. Әйтпесе, құрғақ уәдені үйіп-төгіп, артынан «жалт етті де жоқ болдының» керімен ұш­ты-күйлі жоғалатын «арпа ішіндегі бір бидай» құсап кездесет­ін­дер, инвестор атын жамылғандар жоқ емес.
Елбасы 2012 жылдың қорытын­дыла­ры­на және Жолдау тапсырмаларын орындау міндеттеріне арналған жуырдағы кеңесте алда тұрған барлық шешімдер Қазақстан­ның табыстылығы мен инвестициялардың қайтарымдылығы, бәсекеге қабілеттілігі мен ұзақ мерзімді мүдделерін сақтау есепке алына отырып, қабылдануы тиістілігін атап көрсетті. Соған орай елге тек шетелдік қаржыгерлермен қоса талантты менеджер­лерді де тарта отырып, инвестициялық саясатқа деген көзқарастар мен ұста­ным­дарды түбегейлі өзгерту міндетін қойды. Инвестициялар тартуда тиісті орындар мен мамандардың жауапкершілігін күшейтпей болмайды. Оларды шақырып, жергілікті жағдаймен, өңірлік, экономикалық артық­шылықтарымен таныстыруға мүдделі болу керек. Елбасы белгілеп берген асқаралы міндеттерді орындауға билік аппараттарын жұмылдыру арқылы тұрғындардың әл-ауқатына, тұрмыс сапасына өте-мөте әсер ететін, ықпалды шешімдер қабылдау қа­шан­да маңызды. Биліктегілердің шынайы жұмысы осындайда білінсе керек.
Инвестициялық ілкімділіктің ішкі ресурсын жан-жақты қарастыру арқылы басқа да қаржылық мұқтаждықтарды шешуге болады. Мәселен, көптен бері түйінді проблемаға айналып, ақыры коммуналдық меншікке алын­ған Петропавл әуежайын халықаралық дең­гейге айналдырудың сәті түспей тұр. Бизнес-жоспарға зер салсақ, болашағы кемел. Олай болса, инвесторлар назарын аударту үшін ти­істі орындардың белсенді қимылы қажет-ақ!
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».

Солтүстік Қазақстан облысы.