Аймақтар • 26 Тамыз, 2019

Алматы облысында «Негізгі Заң апталығы» басталды

345 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елімізде Конституция күніне орай «Негізгі Заң апталығы» атты жалпыхалықтық шара бастау алды. Азаматтардың Ата заң аясындағы міндеттері мен құқықтарын танып, білуге және құқықтық мәдениет пен сауаттылық артыруға арналған апталық барлық өңір бойынша жалғасады.

Алматы облысында «Негізгі Заң апталығы» басталды

«Негізгі Заң апталығы» шарасын Алматы облысында алдымен бастаған Өңірлік кәсіпкерлер палатасы болды. Бір аптаға созылатын құқықтық сауатылықты арттыру бағытындағы жұмыс кәсіпкерлерге қажетті кеңес алу үшін қолайлы орта қалыптастырмақ. Өйткені, аймақ бойынша құқықтық кеңес пен заң аясында қорғалуды көп қажет ететін саланың бірі осы – бизнес бағыты. Мұндай шара, әсіресе ісін енді бастаған жас кәсіпкер үшін пайдалы болмақ. Өкінішке қарай, шағын және орта бизнестің дамуына кедергі келтіру мысалы өңірлерде азаймай отырғаны жасарын емес. Мәселен, өткен жылы Алматы облысында «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері жергілікті 365 кәсіпкерден өтініш қабылданған екен. Олардың арасыннан 194 өтініш оң шемін тауып, кәсіпкердің пайдасына шешіліпті. Яғни, «Атамекеннің» араласуынан кейін жергілікті бизнестің мүддесіне орай шешілген қаржы көлемі 701,2 млн теңгені құраған көрінеді.

- Апталықты спорттық флэш-мобпен ашуды ойластырғанбыз. Өте ұтымды болған сияқты. Себебі, адамның басты байлығы – денсаулығы. Саламатты өмір салтын ұстанған адам – сауатты өмір сүреді. Ал кәсіпкер үшін ең керегі - құқықтық сауатының жоғары болуы. Ал «Негізгі Заң апталығы» аясында кәсіпкерлер, өз бизнесін ашуды жоспарлаған жандар, еріктілер және жай ғана қала тұрғындары іс-шараға қатысып, тәжірибе алмасып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал ететін салалардағы жаңа трендтер туралы біле алады, - дейді «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы Ерлан Рамазанов.    

Айтпақшы, «Негізгі Заң апталығының» орай Талдықорғанға  Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев арнайы келді. Облыс кәсіпкерлерімен кездесу барасында халық қалаулысы азаматтардың Конституциялық құқығының сақталуы мен мемлекет, заң алдындағы жауапкершілік жайында сөз қозғады. Өз кезегінде кәсіпкерлер де өткір сұрақтар қойып, шағын және орта бизнесті қолдау мен қорғауға қатысты ойларымен бөлісті.

 

Алматы облысы