Руханият • 27 Тамыз, 2019

Өлеңсүйер оқырман үшін тамаша тарту

504 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше елордадағы Ұлттық академиялық кітап­ханада өлеңсүйер оқырман үшін тамаша тарту – «Қазақ поэзиясының інжу-маржандары» антологиясының тұсаукесер рәсімі өтті. Жоба Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың «Рухани жаңғыру» бағдар­­ламасы аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың тікелей қолдауымен жүзеге асырылып отыр.

Өлеңсүйер оқырман үшін тамаша тарту

Көптомдық таңдамалыға Абай, Шәкәрім, Мағжан, Ілияс Жансүгіров, Қасым Аманжолов, Жұбан Молдағалиев, Жұмекен Нәжімеденов, Тұманбай Молда­ғалиев, Қадыр Мырза-Әлі, Мұқағали Мақатаев, Фариза Оңғарсынова, Олжас Сүлейменов, Мұхтар Шаханов сынды барлығы 13 ақынның өлеңдері енгізілді. Жобаның шығармашылық жетекшісі, жазушы Әлібек Асқаровтың айтуынша, антологияға енген ақындардың тізімін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бе­кітіп беріпті.

– Осыдан бір жарым ай бұрын Президенттің тікелей бастамасымен Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин айтулы жобаны жүзеге асыру жөнінде тапсырма берді. Содан арнайы тізім дайындап, ұсындық. Тізімді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қарап шықты. Ішінен жоғарыда аты аталған 13 ақын таңдап алынды.  Уақыт өте тығыз болғандықтан, баспа іздеп алысқа бармадық. Жинақ елордадағы «Фолиант» бас­пасынан басылып шықты», – деді кітап тұсаукесерінде жазушы Әлібек Асқаров.

Жоба жетекшісі атап өткендей, Мемлекет басшысының әр ақын­ның шығармашылығына аса ыждаһат­тылық­пен қарап, жинаққа енген әр туындыға үлкен жауапкершілік һәм жанашырлық танытқанын кітаптың алғысөзінде жазылған мына пікірі айқын дәлелдейді:

«Әлбетте қазақ әдебиеті дарынды ақындарға кенде емес. Қазақ өлеңінде тебіреніс те, толғаныс та, намыс та, терең таным да бар. Мәртебелі оқыр­ман әр ақыннан өз талғамына сай өлең іздейді. Сондықтан да алдағы уа­қыт­та осы топтама жалғасын тауып, көрнекті ақындарымыздың шығар­маларын жарыққа шығара береміз деген сенімдемін. Қазақтың жыр ке­руені, рухани дүниеміз жаңғыртып, болашағымызға баянды бағдар көрсете берсін» деп жазады Қасым-Жомарт Тоқаев антологияның алғысөзінде. 

Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің басшылығымен жүзеге асырылған осы еңбектің тұсаукесер рәсіміне Қазақстан Жазушылар одағы­ның төрағасы Ұлықбек Есдәулет, Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп, жазушы-ға­лымдар –  Әнес Сарай, Мұхтар Шаханов, Мұрат Әуезов, Баянғали Әлімжанов, Намазалы Омашев, Шерубай Құрманбайұлы, Серікзат Дүйсенғазин бастаған қаламгерлер қатысып, жинақ жайлы өз пікір-лебіздерін ортаға салды. Құттықтауларын жеткізді. Ұсыныстарын айтты. Мәселен, Алматыдан арнайы келген қонақ,  мәдениеттанушы-ғалым Мұрат Әуезов антологияның аясын кеңейтіп, Абайдан кейінгі ғана емес, Абайға дейінгі ақын, жыраулардың шығармашылығын да алдағы уақытта қамту қажеттілігін айтса, белгілі ақын, манасшы Баянғали Әлімжанов поэзия туралы телебағдарламаларды көбейту арқылы жастарымызды поэзияны түсіну мен өлең оқу мәдениетіне тәрбиелеу ісі бүгінгі таңда кезең күттірмейтін мәселе екенін алға тартты. Тұсаукесер рәсімін Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп түйіндеді:

– «Бір адам от жақса, жүз адам жылынады» дейді. Қолымыздағы мына тамаша кітапқа топтастырылған 13 ақынның жыры арқылы миллиондардың жаны да, жүрегі де жылынады ғой деп ойлаймын. Сондықтан бұл ізгі бастама баянды, ұзағынан болғай, – деді. 

Жоба ұйымдастырушылары атап өткендей, «Қазақ поэзиясының інжу-маржандары» антологиясы бұл 13 томмен шектелмейді. Келешекте тағы да тың бастамаларға негіз болады, тізім толыға түседі. Ал бүгінгі тұсауы кесіліп, оқырманын қуантқан қазына қыркүйек айының 4-6-сы аралығында елорда төрінде тұңғыш рет өткелі отырған «Азия қаламгерлерінің І форумына» қатысушы қонақтарға тамаша тарту болады деп күтілуде.