«Мұндай сүтті ешкіден де алуға болады ғой»
Бейсенбі, 7 ақпан 2013 7:34
Мал шаруашылығын қайтсек дамытамыз?
Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Ұлттық ғылым академиясының академигі Көпмағамбет Елемесовтің есімі тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар, шетелдік әріптестердің арасында да жақсы танымал. Ол Ресейдің, Тәжікстанның, Моңғолияның ғылым академияларының академигі.
Бейсенбі, 7 ақпан 2013 7:34
Мал шаруашылығын қайтсек дамытамыз?
Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Ұлттық ғылым академиясының академигі Көпмағамбет Елемесовтің есімі тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар, шетелдік әріптестердің арасында да жақсы танымал. Ол Ресейдің, Тәжікстанның, Моңғолияның ғылым академияларының академигі.
Көпағаңа табиғат-анамыз сымбаттылық пен деннің саулығын қатар дарытқаны бірден көзге ұрады. Ол бүгінгі жетпістің бел ортасына жеткен жасының өзінде бұрынғысынша әлеуетті де көрікті көрінеді және әлі де қызу еңбек үстінде. Ауыл шаруашылығы министрлігінің Мал шаруашылығы және ветеринария ғылыми-инновациялық орталығының бас ғылыми қызметкері ретінде білімі мен ғылыми және ұйымдастырушылық тәжірибесін таратуда.
Өзінің жастық жігерін сақтап қалуымен қатар заманмен аяғын қатар басқан, шетелдің бірқатар жоғары оқу орындарында оқып, білімін жетілдірген, ол білімін ел игілігі жолында белсенді пайдаланып келе жатқан және қашанда болсын оз ойын жасырмай айтатын ағамен әңгімелесудің сәті түскен еді.
– Көпмағамбет аға, сіз жарты ғасырдан астам уақыттан бері еліміздің мал шаруашылығын дамыту ісімен үздіксіз шұғылданып келесіз. Оның өрлеу кезеңін де, құлдырау сәттерін де бастан кешірдіңіз. Талай жайттардың куәсі болдыңыз. Ендеше, еліміздегі мал шаруашылығының қазіргі даму жағдайын қалай бағалаған болар едіңіз?
– Бұл өзі жан ауыртатын өте бір толғақты әңгіме. Құдайға шүкір деп айтайық, жалпы, еліміздің даму барысы, болашаққа қарай бет алысы жаман емес. Тәуелсіздіктің осы бір 20 жылы ішінде небір керемет сәттерді бастан кешірдік. Тіпті, кейде осы түсім емес пе екен деп ойлап қалатындай да шақтар болды. Мына күннен-күнге жайнаған Астанамыздың ажарына қараңызшы. Дәл осындай келешек кескін келбетіндегі сәнді қала қай елде бар? Мен өзім әлемнің бірқатар елдерінде, соның ішінде, қазіргі өркениеттің бесігі саналып отырған Батыс Еуропа елдерінде болып, сол жақта арнайы курстарда оқыған адаммын. Сол елдердің атақты қалалары мен Астанамызды салыстыратын болсақ, маған бұл екеуі екі дүниенің белгісіндей, екі заманның көрінісіндей әсер етеді.
Міне, осы Астана қаласында халықаралық деңгейдегі алқалы басқосулар жиі өте бастады. Әлемдік және дәстүрлі діндердің басқосуы тұрақты сипатқа айналды. ЕҚЫҰ-ның атақты саммиті өтті. Енді, 2017 жылы дүниежүзілік көрме де осында ұйымдастырылайын деп отыр. Осыдан ширек ғасыр бұрын тәуелсіздік мәселесіне қатысты, қаншама тәтті қиялға берілсек те дәл осындай болады деген өңіміз тұрмақ түсімізге де кірмес еді.
Демек, елімізде өрлеу-өркендеу жағы мықты болып тұр. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды. Ал сіз менен мал шаруашылығының қазіргі жайын қалай бағалайсыз деп сұрап отырсыз. Шынын айтайын, егер мен мал шаруашылығының қазіргі жағдайын жақсы бағалаймын десем, сені былай қойып, құдайдың алдында өтірікші болар едім. Оған менің арым жібермейді. Өйткені, кешегі кеңес өкіметінің тұсында, бұл саланың әбден дамығандығын көзіміз көрді. Сол тұста қой санын 50 миллионға жеткіземіз деп дабылдаттық. Жайлаудың барлығы малға толы болатын. Қазақстан мал шаруашылығының ауқымы жөнінен әлемдегі алдыңғы орындардың бірін еншілейтін. Елімізде ірі-ірі ет комбинаттары, сүт өнімдері зауыттары, жүнді бастапқы өңдеу фабрикалары жұмыс істейтін. Жылына жүздеген мың тонна ет пен сүт экспортталатын. Былайша айтқанда, азық-түлік өнімдерімен 350 миллион халқы бар Одақты асырауға қосқан үлесіміз мол болды.
Қазір енді осылар бар ма? Әрине, жоқ. Мұның өзі елімізде мұнай мен газ, сауда, банк, құрылыс, кәсіпкерлік, тау-кен металлургия салалары бойынша прогресс бар екенін көрсетсе, мал шаруашылығы жөнінен регреске түскендігімізді анық байқатады.
– Қатты кеттіңіз ғой, тіпті. Қазір мал шаруашылығы саласында көптеген ірі жобалар жүзеге асырылып жатқан жоқ па? Төрт-бес жылдың ішінде шетелдерден 70 мың бас асыл тұқымды сиыр сатып әкеліп, ет экспортын жолға қоймақпыз. Мұны прогресс деп айтуға болмай ма?
– Әрине, 1997-2000 жылдар аралығындағы кезеңмен салыстырсақ, мұның прогресс екендігі анық. Бірақ, біздегі мал шаруашылығының бір кездегі жетістіктерімен салыстырғанда, біз әлі де құлдыраудан толық айығып отырған жоқпыз. Қазіргі жағдайлардың барысымен алғанда, мен тіпті, еліміздегі мал шаруашылығының болашағы бұлыңғыр деп есептеймін. Өйткені, еліміздің басты байлығының бірі саналатын жүздеген миллион гектар жеріміз игерілмей бос жатыр. Мал шаруашылығына ешкімнің барғысы келмейді. Егер жағдай осылай бола берсе, біз ертеңгі күні мал бағатын адам таба алмайтын боламыз. Қазір дүние жүзінде жер бетіне адам сыймай барады. Міне, осындай шақта Қазақстанның көп жерінің бос жатуының өзі, шынын айтайын, көңілге алаң туғызбай қоймайды.
Алла тағала бізге бұл жерді мал өсіру үшін берген. Қазақ жерінде қандай ауыр жұт болса да, артынша сайын даламыз қайтадан малға толып отырған. Неге десеңіз, көп жері шөлейт, құмды келетін даламыз мал өсіруге, құнарлы ет өңдеуге өте қолайлы. Бұл жерде, қазіргі күні адамзат қауымы зәру болып отырған дәмі тіл үйіретін қоспасыз сапалы ет пен сүт өндіруге болады. Алланың берген осы артықшылығын пайдалана алмай отырғандығымыз өзекті өртейтін жайт.
Қазір осы Астананың ірі-ірі сауда дүкендеріне барып бас сұғып көріңізші, дүкен сөрелерінің азық-түлік тауарларына, дайын тағам түрлеріне толып тұрғандығын көріп, көңілің қуанып қалады. Ал енді сол тауарларды алып қарай бастасаңыз, барлығы демейік, көпшілігі шетелден келген өнімдер. Осыны көргенде, жаңағы қуанған көңілің су сепкендей басылады. Өйткені, азық-түлік қауіпсіздігі деген бар. Әлем халықтары үшін бұл қауіпсіздік түрінің маңызы өте зор. Өйткені, қазіргі күні жер бетіндегі адамзат саны жеті миллиардқа жуықтап келе жатса, соның екі миллиардқа жуығы азық-түліктің жетіспеушілігінен ашыға бастаған. Демек, азық-түлік қауіпсіздігі дегеніміз, ел тәуелсіздігінің басты барометрлерінің бірі. Сондықтан, кез келген ел, ең алдымен, өздерін азық-түлік өнімдерімен жеткілікті түрде қамтамасыз етуге ұмтылады. Ал дүкен сөрелерін жаулап алған шет елдік өнімдер бізде осы мәселенің әлі де болса дұрыс шешілмегендігін, тіпті Кеден одағының аясында бірігуіміздің астарында дәл қазіргі кезеңде бұл істің одан әрі ушыға түскендігін көрсететіндей. Жалпы, Кеден одағы Қазақстан экономикасы үшін дұрыс дүние. Біз шетелдерге көптеп мұнай, металл, астық саудалаймыз. Еуропаға жақын орналасқан Ресей мен Беларусьтің көлік инфрақұрылымдарының мүмкіндіктерін тиімді жағдайда пайдаланамыз. Іргеде тұрған 170 миллион адамдық рынок бізге қолжетімді бола түседі. Кеден одағының құрылғандығы бізге осы жағынан, яғни жалпы, стратегиялық жағынан дұрыс. Бірақ біздің мал шаруашылығы мен оның айналасындағы бизнес көрші елдің кәсіпкерлерімен бәсекелестікке төтеп бере алмай отыр. Кінә, мал шаруашылығының өзінде тұр. Міне, мәселе қайда?!
Ал негізінде бұлай болуға тиіс емес еді. Себебі, бізде мал өсіруге лайықты кең дала бар. Одан әлемдегі ең арзан әрі экологиялық тұрғыдан таза ет пен сүт өндіруге болады. Мал шаруашылығының мәселесін дұрыс шешуге қаржылай қуатты мемлекет бар. Жерімізде азық-түлік өнімдерінің көптеген түрлерін өсіруге болады. Мал шаруашылығының ауқымы жөнінен кезінде әлемде алдыңғы қатардың бірін еншілегеніміз тағы бар. Оның үстіне мал шаруашылығы – қазақтың ата кәсібі деп, яғни мал өсіру жайын ешкімнен кем білмейміз деп тағы мақтанамыз. Сөйтіп жүріп, адам денсаулығына зиянды қоспалары мол көптеген өнімдерді шетелдерден сатып жей бастадық. Бұлай бола берсе, мал өнімдерін шетке ірі көлемде экспорттаушы елден енді бірте-бірте импорттаушы елге айналып шыға келуіміз де ғажап емес.
– Статистикалық деректер бұл жөнінде не дейді екен?
– Шынын айтсам, мен өзім қазіргі статистикалық деректерге, әсіресе, мал шаруашылығы жөніндегі статистикалық деректерге көп сене бермеймін. Бір әкім жаңадан келсе, ол бұрынғы әкімнен асып түсуге тырысады. Содан мал саны мен өнімдерін қосып жазу үрдісі етек алды. Мәселен, 2011 жылы елімізде 6 миллион ірі қара бар деп есептелсе, 2012 жылдың басында одан 5 миллион 700 мың бас қана қалған. Сонда 300 мың бас ірі қара малы қайда кетті? Мұнша малды біз экспортқа шығарған жоқпыз. Ірі қара саны, әсіресе, Қостанай облысында көп түсіп кеткен. Міне, осының барлығы қосып жазудың кесірі.
– Шынын айтқанда, мемлекетіміз мал шаруашылығын дамытуға назар аудармай отырған жоқ. Қажетті қаржыны бөліп отыр. Сонда неге бұл сала дамымайды? Осы туралы өзіңіз не ойлайсыз?
– Бұл мәселе туралы әркім әртүрлі пікір айтып жүр. Біреулер бұл саланың шығыны көп, сондықтан дамымайды дейді. Екінші біреулер мал шаруашылығы саласы тым ұсақтанып кеткен, көп мал үй шаруашылығымен ғана шұғылданып отырған жеке меншіктің қолында, сондықтан дұрыс жолмен дамитындай жағдайы мүлдем жоқ дейді. Себебі, бізде қазір жалпы мал басының 80 пайызы үй шаруашылықтарының қолында қалып отыр. Ал шөре-шөре болған үй шаруашылығымен алысқа бара алмайсың. Енді біреулер жалпы мал шаруашылығының консервативті сала екендігін, мұндағы өзгерістер баяу жүретіндігін айтады. Осылардың барлығымен келісуге болады. Алайда, бұл да жөн екен деп қазіргі жүріп жатқан шараларға қанағаттанып, отыра берейін десең, басқа елдердің даму барысына қарап, біздің елімізде бұл жөнінде қатып жатқан сең көбесі әлі сөгілмегендігін байқайсың. Мәселен, мен өзім қазір сүт бағытындағы сиырларды өсіру мәселесімен шұғылданып отырғандықтан, көршіміз Ресейдегі осы жөніндегі деректерге тоқтала кетейін. Бұл елде әр сиырдан сауылатын сүт көлемі 2009 жылдың өзінде 4422 литрден айналды. Ал Ленинград және Мурманск секілді мал шаруашылығы дамыған өңірлерде бұл көрсеткіш 6 мың литрлік белестен асып түсті. Ал біз болсақ, әлі сол 2-2,2 мың литрді қанағат тұтып жүрміз. Осыдан 3-4 жыл бұрын Қосшы ауылындағы «Асыл түлік» мал асылдандыру орталығына келген кезде, Елбасымыз осы жайды естіп, «Мұндай сүтті ешкіден де алуға болады ғой» дегені бар. Өте дәл айтылған теңеу.
– Ресейде неліктен сүт өндіру көрсеткіші бізден еселеп жоғары болып отыр?
– Менің ойымша, мұның көптеген себептері бар. Біріншіден, Ресейдің жерінің құнарлығы мен табиғи жағдайы бізден жақсырақ. Екіншіден, бұл елде біздегідей, шаруашылықтар тым ұсақталып кетпеген. Мұнда жалпы өндірілген сүттің 55 пайызы шаруа шаруашылықтары мен үй шаруашылықтарынан алынса, 45 пайызы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында өндіріледі. Бұл елде алдағы уақытта ірі өндірісті одан әрі дамыту саясаты ұсталып отыр.
Менің ойымша, біздегі мал шаруашылығының дамымайтын басты себебі – оның тартымсыздығы. Мал шаруашылығына жастар барғысы келмейді. Яғни, еліміздегі мал шаруашылығының болашағы түбегейлі түрде әлі шешілмей отыр.
– Ал енді, осы сала неге тартымсыз? Әлемнің басқа елдерінде тартымды болғанда бізде неге тартымсыз? Кезіндегі Кеңес одағының тұсында, Одақ халқының жарым-жартысын асырап тұрған сала еді ғой. Қазір неге мұндай күйге түстік? Неге тамақтың бәрін дерлік сырттан алып жейтін болдық? Әлде «Мал өсірсең қой өсір, табысы оның көл көсір» деген әдетімізден жаңылдық па?
– Бұл сұраққа да әр түрлі жауап беруге болады. Ал менің ойымша, біздегі мал шаруашылығының тартымсыз болуына, еліміз тәуелсіздікке ие болғаннан кейін экономикамыздың үлкен құрылымдық өзгеріске түсуі себеп болды. Мұнай мен газ, қаржы, сауда, сақтандыру, қызмет көрсету, ойын-сауық секілді өте тартымды бизнестік салалар пайда болды. Бір есептен алғанда, бұл жақсы, әрине. Бірақ, осылардың астарында байырғы саламыз мал шаруашылығының жағдайы әбден құлдырап кетті. Ол қоғамда ескіліктің сарқыншағы, өткен күннің белгісі секілді көрініс бере бастады.
Егер біз мал шаруашылығын дұрыс дамытамыз десек, бизнестің ерекше тартымды салаларына кетіп отырған осы саланың есесін алып беруіміз керек. Менің ойымша, бұл істі жүзеге асыру үшін, ұлттық қордың қасынан Мал шаруашылығын қолдау қорын немесе жалпы Ауыл шаруашылығын қолдау қорын құрған жөн болатын секілді. Сонда мұнай мен газдан түсіп жатқан қаржыда мал шаруашылығының тікелей үлесі болады. Ал мал шаруашылығы дегеніміз, өте үлкен мәселе. Тіпті, саяси мәселе. Өйткені, біз қазіргі күні бос жатқан жүздеген миллион гектар жерді тек осы мал шаруашылығы арқылы ғана игеретін боламыз. Басқадай жолды мен көріп те тұрғамын жоқ. Адамзат қауымы жерге сыймай отырған қазіргі шақта сайын даламыздың бос жатуының өзі қатерлі көрініс.
– Жайлаудың барлығын малға толтырып, мал санын көбейттік дейік. Бірақ, нарықтың өз заңы бар емес пе? Ертең ол өнімдерді біз кімге сататын боламыз?
– Ол өнім басқаға сатқанды қойып, біздің өзімізге жетпей отырған жоқ па?! Бұл жерде барлық кілтипан баға мәселесінде тұр. Егер біз өнім бағасын арзандата алсақ, оны кез келген елге өткізуге болады. Ал мал өнімдерін арзандатудың бір жолы – мал санын арттыру. Бұған бізде толық мүмкіндік бар. Себебі, бізде жүздеген миллион гектарды құрайтын жазғы жайылымдықтар бар. Жазғы және күзгі жайылымдықта бағылған малдардың еті мен сүті өте арзан болады. Бұған дәлел жетерлік. Мәселен, Кеңес өкіметінің кезінде осы жайылымдықтардың арқасында Қазақстанда өндірілетін 1 кило еттің өзіндік құны Ресейдегіден 25-30 пайыздай, ал Белоруссиядағыдан екі еседей арзан болатын. Ал енді, осы жазғы жайылымдықтарды біз қазір пайдаланбай отырғандықтан керісінше жағдай орнап, Ресей мен Беларусьтегі мал еті бізден арзан болып шыға келді. Ресей мен Беларусь біздің рыногымызды өнімдерінің бағасы арзан болған соң және өнімді өңдеу мәселесі жақсы жолға қойылғандықтан жаулап барады. Рас, оларда ауыл шаруашылығы Кеңес өкіметінің кезінде-ақ бізден жақсы дамыған болатын. Олар сол жетістіктерін сақтап қала алды және оны енді жаңа заманға сай жаңғырту үстінде. Біз болсақ көп жылдарды жоғалтып алдық. Бізге осының есесін енді толтыру керек. Мал шаруашылығына қаржыны аямай төгу керек. Бұл салада реттелмеген мәселелер көп. Мәселен, мал иесі бар. Мал иесінің кірісі малды сатқан кезде түсетін пайдаға байланысты шешіледі. Сол секілді мал иесіне жалданып, оның малын бағушылар да бар. Ал олар қандай жалақы алып отыр? Оны ешкім білмейді. Қысқасын айтқанда, тікелей мал бағатын адамның мәселесі бізде шешілмеген. Нақ осы мәселе шешілмей, мал шаруашылығының дамуы бізде дұрыс жолға түседі деп айта алмаймын.
Мәселен, қазір ауыл жастарын қалаға құрылыс жұмысына шақырсаң қуана-қуана баруы мүмкін. Ал мал бағуға шақырсаң ешкім бара қоймас. Мал шаруашылығы болашағының бұлыңғыр тартуының бір кілтипаны осы жерде тұр.
– Сонымен, бізде қазір еліміздің мал шаруашылығында жүріп жатқан жұмыс жоқтың қасы дейміз бе?
– Жоқ, олай деп тағы айта алмаймын. Еліміздің мал шаруашылығы саласында жүріп жатқан жұмыс аз емес. Мәселен, қазір елімізде ет бағытындағы мал шаруашылығын дамыту бағытында үлкен жұмыс жүріп жатыр. Ірі-ірі бордақылау алаңдары салынып, олардың айналасында фермер шаруашылықтары жеделдетіп құрылуда. Шетелдерден өнімділік көрсеткіші жоғары ірі қара малдары сатып әкелінуде. Бұл дұрыс шаралар. Өйткені, біз сапалы малды өзіміздің отандық тұқымнан өсіреміз деп әлекке түсетін болсақ, оны жүзеге асыруға бірнеше ондаған жылдар қажет болар еді. Оны күтіп отыруға мына жедел дамыған заманда біздің уақытымыз жоқ. Тек ойланатын бір мәселе, сол әкелінген малдардың азық-түлік базасын қалыптастыруды алдын-ала шешіп алуымыз керек еді. Енді, бұл жұмыспен іс барысында шұғылданып келеміз. Ауыл шаруашылығы министрлігі малдың жазғы жайылымдықтарынан 4 мың құдық қазып, 8 миллион гектар жайылымдықты іске қосумен шұғылдана бастады. «Ештен кеш жақсы» дегендей, бұл да жаман емес. Енді, осы жазғы жайылымдыққа шығатын малшылар тұрмысына қажетті мәселелерді шешу керек. Әйтпесе, бұл іс тағы да жартыкеш шара ретінде қалып кетеді.
Істі ұйымдастыру бағытында тағы бір атап көрсете кететін шаруа Елбасының шешімімен республикадағы ірі қара малдың әр тұқымына арналған палаталардың құрылуы. Қазірдің өзінде 8 палата құрылды. Қазақтың ақбас сиыры, герефорд, ангус, әулиекөл секілді ет бағытындағы сиырларға арналып палаталар құрылса, қарала, голштин, симментал, алатау, әулиеата, қырдың қызыл сиыры секілді сүт бағытындағы ірі қараға арналып бір палата құрылды. Мен осы соңғы палатаны құрып, дамыту жұмысына қатысу үстіндемін.
Жалпы, палаталардың қай-қайсысы болмасын коммерциялық ұйым емес. Оларды ірі шаруашылықтар мен фермерлердің өзі құрып отыр. Біздің міндетіміз, сүтті ірі қараның жоғары текті аналық мал басын сақтау және олардың өсіп-өнуін кеңейту, мемлекеттік және басқа да ұйымдарда және халықаралық ұйымдарда палата мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау болып табылады.
Палатаның құрылуы асыл тұқымды малдың есебін дұрыс қалыптастырып, жүргізуге мүмкіндік береді, табындардағы селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстардың дұрыс жүргізілуін жолға қояды, асыл тұқымды малдарды айқындап, оларға мәртебе беру ісін жүзеге асырады. Қысқасын айтқанда, асыл тұқымды сапалы мал өсірушілерге үлкен көмегі бар.
Палатаның басшылық органы – директорлар кеңесі. Директорлар кеңесін бас директор басқарады. Қызылорда облысындағы «Рза» шаруа қожалығының төрағасы Самұрат Имандосов осы бас директор қызметіне сайланды. Былайша айтқанда, палатаның барлық жұмысын мал өсірушілердің өздері басқарады. Ал біз, ғалымдар, селекциялық жұмыстарды жүргізуде оларға көмекке келеміз. Яғни жан-жақтан күш біріктіру нәтижесінде пайда болып отырған пайдалы ұйым деп айтуға болады.
Жалпы, еліміздің ауыл шаруашылығында, соның ішінде, мал шаруашылығында көптеген жұмыстардың жүзеге асып жатқандығын мен көріп отырмын. Ғалым ретінде бұл атқарылып жатқан істерді қолдап, мақұлдаймын. Әсіресе, мал шаруашылығына деген мемлекеттің көзқарасының түзеліп, оған деген қолдауды жылдан-жылға арттырып келе жатқандығына қуанышымды білдіремін.
Бірақ, осылай дей отырып, бұл саланың дамуы қанағаттанарлықтай жолға түсті деп тағы айта алмаймын. Ұзақ жылдар бойы мал шаруашылығы өз бетімен жеке өмір сүріп, назардан тыс қалды. Осы тұста ол әбден қожырады. Өзінің тартымдылығынан айырылды. Енді осы кеткен олқылықтардың орнын толтыру үшін үлкен жұмыстар қажет. Қазіргі жүріп жатқан жұмыстар бұл олқылықтардың орнын толық толтырады деп айта алмаймын. Сондықтан, менің ойымша, бұл саланың даму болашағын толық айқындайтындай келелі кеңес құрып, көп ақылдасуымыз керек. Қазақстандағы экономикалық салалардың арасынан оның орнын белгілеуіміз керек. Мал шаруашылығына барамын деген жастарға үлкен қолдау білдіру қажет. Міне, осыны жүзеге асыру үшін ең алдымен, мемлекеттің үлкен қолдауы мен қомақты қаржысы қажет. Бұл қомақты қаржыны қайдан аламыз, қай бағытқа жұмсаймыз? Мүдделі жақтардың бәрінің басын қосып, осы істі жеделдетіп шешу қажет. Үкімет осы іске жан-жақты қолдау көрсетіп қана қоймай, елімізде Кеңес өкіметінің тұсында болған тың көтеру кезіндегідей қазіргі қалғыған тіршілікті ерекше екпінмен бұза-жара кірісуі керек. Қаржылай қолдау көрсете отырып, қазіргі базар сағалап жүрген жастарымыздың бір бөлігін осы бір екінші тыңды игеру ісіне өз еріктерімен аттандырудың жолдарын табуы керек. Сонымен қатар, мал азығын дайындау өндірісін қайта қалпына келтіріп, оны дұрыс жолға салу қажет. Солай еткенде ғана мал шаруашылығының дамуынан біз нақты серпілісті байқайтын боламыз.
– Сонда біздің мал шаруашылығымыз кезіндегі Кеңес өкіметіндегідей тек дотациямен ғана жұмыс істейтін шығынды сала болып шыға келмей ме? Ол елімізге нарық келген кезде осы шығындылығынан құрып кетіп еді ғой.
– Мал шаруашылығы мемлекет үшін қашан болсын шығынды, ал бизнес үшін тиімді сала болуы керек. Бұл не деген сөз? Бұл мал шаруашылығындағы бизнес өз тұрған бетінде өте әлсіз, ол тек мемлекеттің қолдауымен ғана пайдалы бола алады деген сөз. Бүкіл өркениетті әлем осындай жолмен дами алады. Мәселен, ауыл шаруашылығын дамытудың үздік үлгісі саналатын Американың өзінде фермерге деген қолдау өте күшті. Ол қолдау фермерге тікелей емес, ассоциациялар арқылы көрсетіледі. Фермердің өндірген өнімдерін өткізу мәселесімен де осындай ұйымдар шұғылданады.
Сөйтіп, фермерге деген көмекті бір сәтке де босаңсытуға болмайтындығын дамыған елдер жақсы түсінеді. Себебі, мал шаруашылығы бір қожыраса, оны қайтадан қалпына келтіру өте қиын. Біздің мал шаруашылығымыздағы қазіргі жағдай, бұл салада әбден бас қатыратын шешімі тым күрделі мәселелердің тым қордаланып қалуы, қазір енді бұл саланы қалай дамытамыз деп арпалысқа түсіп отырғандығымыз – осының ең үлкен мысалы. Яғни, тарихтың ащы сабағы біздің өз басымызда-ақ жетіп артылады. Осыны есте ұстайық.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».