Суретті түсірген: Елена Паникаровская
«Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» еліміздегі электр энергиясының 17 пайызын, көмірдің 20 пайызын өндіреді.
Корпорацияға Ақсу электр стансасы, Екібастұздағы «Шығыс» көмір кеніші және Өндірістік жөндеу бөлімшесі қарайды. Энергетикалық корпорацияда 6 227 адам еңбек етуде.
– Кеншілермен шахтерлер мамандығы біздің өңір үшін маңызды. Екібастұздың дамуы-Көмір өнеркәсібінің дамуымен, кеншілердің жұмысымен тікелей байланысты. Қалада осы даңқты мамандық өкілдерінің бірнеше ұрпағы ауысты. Еңбек ардагерлері, зейнеткерлерге алғыс айтамыз. Сіздер қаламыздың еңбектегі еселі ерліктерімен даңққа бөледіңіздер. Сіздерге әрқайым бас иіп, тағзым етеміз! – деді «Шығыс» кенішінің директоры Юрий Гончаров.
Екібастұздың «Богатырь» және «Шығыс» кеніштерінде еліміздегі көмірдің 60 пайызы өндіріледі. Бір жыл ішінде еңбегімен дараланған кеншілерге, кенші қызметкерлеріне төсбелгілер, Құрмет грамоталары, Алғыс хаттар табысталды. Мереке күні кеніш аумағында Құрмет тақтасы ашылды. Тақтаға 28 кеншінің портреттері ілінді.
Саладағы басты марапат - «Кенші даңқы» Құрмет белгісін 47 кенші иеленсе, «Еңбек даңқы» белгісімен 32 кенші марапатталды. Ал «Көмір өндіру өнеркәсібінің құрметті иесі» атағы 8 кеншіге берілді.
– Кеніште 30 жыл еңбек етіп келемін. Міне, мен де марапат алдым. Мен үшін бұл үлкен қуаныш, – дейді конвейер машинисі Ержан Көнекбаев.
Кеншілер мерекеге арналған жиынға қатысты. Көмір өндіруші кәсіпорынның көркем өнерпаздары әзірлеген концертті тамашалады. Дәстүр бойынша Кеншілер күніне арналған кең дастархан жайылды.
ЕКІБАСТҰЗ