Қоғам • 27 Тамыз, 2019

Үкіметте 2020–2024 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы мақұлданды

249 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысы кезінде еліміздің 2024 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму болжамының жобасы, сондай-ақ 2020–2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы, 2020–2022 жылдарға арналған республикалық және облыстық бюджеттер арасындағы жалпы сипаттағы трансферттер көлемі туралы және Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт туралы заң жобалары мақұлданды. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады. 

Үкіметте 2020–2024 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы мақұлданды

Заң жобаларын ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – қаржы министрі Ә. Смайылов, ҚР ұлттық экономика министрі Р. Дәленов таныстырды. Сондай-ақ күн тәртібіндегі мәселе бойынша ҚР Ұлттық Банкінің Төрағасы Е. Досаев сөз сөйледі.

2020–2024 жылдарға арналған Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сәйкес ҚР ЖІӨ-нің нақты өсімі 2020 жылы 4,1%, кейіннен 2024 жылы 4,7%-ға дейін өседі деп болжанған. ЖІӨ-нің орташа жылдық өсу қарқыны алдағы болжанатын кезеңде 4,4%-ды құрайды. 

Республикалық бюджет жобасында 2020 жылға арналған түсімдер осы жылдың жоспарына 639 млрд теңге өсіммен 11,2 трлн теңгені құрайды. 2020–2022 жылдарға арналған республикалық бюджет шығыстарының басымдықтары Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдаулары мен ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының жарияланған бастамаларын одан әрі іске асыруға бағытталатын болады. 

Тұрғындардың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын одан әрі арттыру бірінші кезектегі бағыттары болып қалып отыр. 2020 жылға арналған әлеуметтік сала шығыстары биылғы шығыс көлемінен 303 млрд теңгеге өсіммен 5,7 трлн теңге көлемінде жоспарланып отыр.

Премьер-Министр Асқар Мамин 2020–2022 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемін айқындау кезінде әрбір өңірдің ерекшеліктері және олардың экономикалық даму деңгейлері ескерілгенін атап өтті. 

«Республикалық бюджетте көзделген қаражат мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелерін толық көлемде орындауға мүмкіндік береді», — деді Асқар Мамин.

Сонымен қатар бюджет шығыстары экономиканың нақты секторын қолдауға, оның ішінде индустриялық-инновациялық дамуға, тұрғын үй және көлік инфрақұрылымына, агроөнеркәсіптік кешенге, цифрландыруға, өнімді жұмыспен қамтуға бағытталатын болады.

«Өңірлердің әкімдері бюджет қаражаттарын жұмсау кезінде белгіленген бағыттарды ұстануы қажет», — деп атап айтты А. Мамин. 

Аталған заң жобалары Мемлекет басшысымен келісілген және белгіленген тәртіппен Республикалық бюджет комиссиясымен мақұлданған. Министрлер кабинетінің қарауының қорытындысы бойынша жобалар ҚР Парламенті Мәжілісіне жіберілетін болады.