28 Тамыз, 2019

Долларсыздандыру: таяқтың екі ұшы бар

216 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ұлттық банктің долларсыздандыру саясаты елдегі қаражаттың шетелге ағылуына ықпал етті. Жыл басынан бері шетелдік шоттарына 1,3 трлн теңге аударып жіберген кәсіпкерлер енді Үкіметтен жеңілдетілген несие күтіп отыр.

Долларсыздандыру: таяқтың екі ұшы бар

Ұлттық банктің статистикасына сүй­ен­сек, 2019 жылдың қаңтар айында елде­гі екінші деңгейлі банктер мен өзге де қаржы ұйымдарына депозитке са­лын­ған қаражат 19 трлн 242,1 млрд тең­ге­ні құраған еді. Маусым айындағы мә­лі­мет бойынша, арада алты ай өткенде же­ке тұлғалар мен заңды тұлғалардың депозитттегі ақшасы 17 трлн 305,9 млрд теңгеге төмендеген.

Халық доллардан бас тартып жатыр

Депозиттегі ақшаның азайып кеткенін инфляцияның күшейгенінен көретіндер бар. Кей сарапшылардың пікірінше, жыл басынан бері Үкіметтің әлеуметтік саясатты күшейтуі нәтижесінде халықтың кірісі артқаны, сөйтіп азық-түлік пен тұр­мыстық тұтыну тауарларының қым­баттағаны қарапайым халықтың банк шоттарындағы артық ақшасын жұм­са­уы­на түрткі болған.

Дегенмен, бас банктің мәліметінше, жеке тұлғалардың депозиттегі ақшасы жыл басындағы 8 трлн 524,7 млрд теңгеден маусым айында 8 567,1 млрд теңгеге көбейіпті. Бұл көрсеткіш ақпан айынан бері тұрақты өсіп келе жатқанын да айта кету керек. Сондықтан инфляция халықтың «артық ақшасын» жеп жатыр деуге негіз жоқ.           

Жеке тұлғалардың теңгемен ашқан депозиттері жыл басында 4 трлн 610,7 млрд теңге болса, алғашқы жарты­жыл­дық­тан кейін 4 трлн 680,2 млрд теңгеге жетті. Ал шетел валютасымен сақтап отыр­ған ақшалары жыл басындағы 3 трлн 914 млрд теңгеден маусым айында 3 трлн 886,9 млрд теңгеге азайып қалды. Жыл басынан бері доллардың теңгеге шаққандағы бағамы 380-нен 386-387 теңгеге өскенін ескерсек, қарапайым ха­лық­­тың шетел валютасымен жиған қоры әжептәуір ортайып қалғаны байқа­лады.

Халықтың шетел валютасымен сақ­та­ған депозитті азайтып, төл валю­та­мыздағы депозитін көбейткені ел арасында ұлттық валютаға деген сенімнің артқанын көрсеткендей. Оның себебі, жыл басынан тамызға дейінгі аралықта теңге бағамының салыстырмалы түрде тұрақты сақталуы да болуы мүмкін. Екіншіден, Ұлттық банктің соңғы бі­рер жылдан бері жүргізіп жатқан долларсыздандыру саясаты аясында теңге­нің базалық мөлшерлемесі көте­рі­ліп, есесіне шетел валютасындағы жыл­дық сыйақының төмендеуі халықтың шетел валютасындағы депозиттің жылдық өсім мөлшерін азсынуына алып келгені де анық.

Бизнестің депозиттегі ақшалары азайды

Долларсыздандыру демекші, Ұлттық банктің «валюталық патриотизмі» ел­де­­гі ақшаның сыртқа ағылуына әкеп соқ­ты. Мәселенің төркіні жоғарыда айтыл­ғандай, теңгенің базалық мөл­шер­ле­ме­сінің көтеріліп, шетел валютасына жылдық өсімге шектеу қойылуында жатыр. Мысалы, бұрын шетелдік валютамен шетелдік банктерге салған ақшаңыз жылына 2-3 пайыз өскен болса, Ұлттық банк алдыңғы жылдары бұл көрсеткішті 1-1,5 пайыздан асырмау керек деп бекітті. Қазір елдегі екінші деңгейлі банктер шетел валютасымен сақталған депозитке 1 пайыздық өсім ғана ұсынып отыр. Есесіне теңгенің базалық мөлшерлемесі уақыт өткен сайын өсіп барады. Мұның бәрі төл валютаға сұранысты арттырып, бағамды ұстап тұру үшін істелгенімен, депозиттің жылдық сыйақысымен қатар, несиенің де пайызы өсіп келе жатқаны белгілі. Бұл енді бөлек тақырып.

Қалай десек те, Ұлттық банктің бұл шешімі қарапайым халықтың артық ақшасын біртіндеп доллардан теңгеге ауыстыруына ықпал етсе, кәсіпкерлер жаңа ережеге көне қоймады. Онсыз да теңгеге сенімі аз кәсіпкерлер ақшасын төл валютаға ауыстыруды орынсыз тәуекел санап, оның орнына ақшаларын отандық банктердің депозитінен алып, шетелдік қаржы ұйымдарына сала бас­тады.

Мәселен, Ұлттық банктің ай сайынғы есебінше, қаңтарда заңды тұлғалардың депозиттегі ақшасы 10 трлн 717,4 млрд теңге болған. Ал маусым айында көрсеткіш 8 трлн 738,8 млрд теңгеге төмен­деді. Яғни, алты айдың ішінде биз­нес­тің екінші деңгейлі банктер мен өзге д­е қаржы ұйымдарында жатқан ақша­сы шамамен 2 трлн теңгеге азайып кеткен. Соның ішінде 1,3 трлн теңге – биз­нес­тің шетелдік шоттарына ресми түрде аударылғаны. Кәсіпкерлердің артық ақшаларын елден жаппай шығарып алып жатқаны биыл ғана ерекше байқалып отыр деуге болады. Былтыр, мысалы, бірінші жартыжылдықта кәсіпкерлер шетелге «бар болғаны» 63,5 млрд теңгедей ғана әкеткен еді.

Салыстыру үшін айта кетейік, шағын және орта бизнесті дамытып, инфляцияны азайту үшін қабылданған «Қарапайым заттар» экономикасына бюджеттен 600 млрд теңге бөлінген. Бизнестің жарты жылда шетелге алып кеткен ақшасы бұл бағдарламаның үшеуін орындауға жетер еді. Ең қызығы, бағдарлама бо­йынша жеңілдетілген, кейде тіпті тегін ақшаны осы кәсіпорындардың өздері алып отыр. Яғни, артық ақшасын дереу шетелдік шоттарына аударып отырған кәсіпорындарға Үкімет бюджеттен – бір, Ұлттық қордан – екі ақша бөлуде. Жыл басынан бері шетелге кеткен 2 трлн теңге Қазақстандағы банктерде қалғанда қазір несие жетіспеушілігі болмас еді. Әрі-беріден соң, сол кәсіпорындардың өздері әлгі қаражатын өндіріске салып, несиеге сұраныс та қазіргідей болмас па еді.

Кәсіпкерлердің Қазақстаннан ақша тауып, оны шетелде сақтап, жұмса­уының алдын алу үшін Үкімет бақы­лау­ды күшейтуі керек деу негізсіз болар еді. Капиталдың шетелге ағылуын тежеудің жалғыз тетігі Ұлттық банктің құзіретінде. Ең алдымен долларсыздандыру саясатын тоқтату керек. Бәрібір оның теңге бағамына анау айтқандай көмегі бола қоймады. Дегенмен, долларсыздандыру болмағанда, доллар бағамы қазіргіден анағұрлым жоғары болар ма еді? Бұл жағын да жоққа шығару қиын. Көзге көрініп тұрғаны, кәсіпкерлерді доллардан теңгеге көшірем деп Ұлттық банк артық ақшаның жаппай шетелге аударылуына жол беріп қойды. Ақырында бас банктің «валюталық патриотизмі» мүлде керісінше нәтиже көрсетіп отыр.