«Бейнеу – Шымкент газ құбыры» ЖШС осы қаражатты Қытай даму банкі мен Қытай банкінен 2012 жылы алынған кредиттік міндеттемелерді қайта қаржыландыруға жұмсайды. Қаржыландыруды ұйымдастырушылар рөлінде MUFG Bank, Ltd (Жапония) және Bank of China, Ltd (ҚХР) банктер жұмыс істеді.
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мен «ҚазТрансГаз» АҚ кепілдіктері БШГҚ үшін төмендетілген пайыздық мөлшерлеме бойынша анағұрлым тартымды талаптарда қарыздық қаржыландыру тартуға мүмкіндік берді. Соның нәтижесінде сыйақы төлеу бойынша шығыстар жылына 10 млн АҚШ долларына қысқарады. Қарызды қайта қаржыландыру еліміздегі инфрақұрылымдық ірі жобаны қаржыландыру талаптарын жақсартуға және қарыз алу мерзімдерін қысқартуға мүмкіндік береді. Осылайша, резервтік шоттан елеулі ақша қаражаты босатылады және «тасымалда немесе төле» талаптары негізінде газ тасымалдауға шарт жасасу қажеттілігі болмайды. Осы кредиттік келісім ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ-ның қарыздық жүктемесін елеулі түрде төмендетуге ықпал етпек. Келесі кезекте аталған қарызды валюталық тәуекелді азайту мақсатында қарыз қаражатты теңгемен тарту арқылы қайта қаржыландыру жоспарланып отыр.
Жалпы, іргелі халықаралық банктермен қаржылық келісім жөніндегі тартымды талаптар Қазақстанның газ саласының кредиттік сенімділігі мен инвестициялық тартымдылығы жоғары бағаланатынын білдіреді. Сонымен қатар осы келісімге қол қою халықаралық қаржы институттарымен серіктестік қатынастарды дамыту тұрғысынан да аса маңызды.
Айта кетелік, «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбыры – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ірі құбыр желісі саналады және мемлекеттің энергетикалық қауіпсіздігін арттыруда маңызды рөл атқаруға тиіс. «Бейнеу – Бозой – Шымкент» МГҚ құрылысы арқылы Қазақстан 3 маңызды міндетті шеше алды. Яғни, оңтүстікке газды тұрақты жеткізуді қамтамасыз ету, елдің газ тасымалдау бірыңғай жүйесін құру және қазақстандық газды сыртқы нарықтарға экспорттауды арттыру. Құбыр диаметрі 1067 милиметрлік газ құбырының бағыты Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда және Түркістан облыстарының аумағы бойынша өтеді.