Әдебиет • 28 Тамыз, 2019

Азия қаламгерлері Арқада бас қосады

347 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Жазушылар ода­ғының, Пре­зидент Әкім­шілігі, сондай-ақ Мә­дениет және спорт ми­нистрлігінің ұйым­дастыруымен 2019 жылдың 4-6 қыркүйек күндері Нұр-Сұлтан қаласында Азия елдері қалам­герлерінің І форумы өт­еді.

Азия қаламгерлері Арқада бас қосады

Әлемдік аренадағы сая­си, рухани һәм мәдени жа­һан­дану тұсында тұңғыш рет ұйым­дас­тырылып отыр­ған форум Азия елдері ара­сындағы әдеби-мәдени бай­ланыстарды нығайту мақ­са­тын діттеп отыр. Жиын барысында жаһандық мә­селелердің қаламгер шы­ғармашылығында көрініс та­буы және жаңа заман ада­мы образының көркем шы­ғармада бей­неленуі, клас­си­калық мұ­раларының әлем­дік әде­биет­тегі рөлі сынды әдеби мә­се­лелер ортаға салынбақ. Азиялық әдебиетке ке­йін­нен еніп жатқан пост­мо­дер­нистік бағыт, Шығыс фило­софиясының кең өріс алуы, батыстық өрке­ниеттің үлгілері – азиялық әдеби үдерісті жандандырып отыр. Онымен қоса, Азия елдерінің әдебиетін жақындастыратын көркем тіл болғандықтан, көр­кем аударма саласы бо­йынша ха­лықаралық бай­ланыстардың қарқынды дамуын жүйелеу керектігі жайлы ортақ бітім де алдағы форумда талқыланбақ.

Қазір азиялық әдебиетте жа­һандық интеграциялық үр­дістер кеңінен қамтылып, жал­пы­адамзаттық көркем маз­мұнды тақырыптар кө­беюде. Қа­лыптасқан түр­лі әдеби форма мен жазу­шылық стиль заманауи әдебиеттің қарқынды дамуына сөзсіз үлес қосады. Сондай-ақ Азия елдері ақын-жазушыларының тілі, ділі, ұлт­тық менталитеті, көзқарасы әр­түрлі бол­ға­нымен, әде­биет­тің әлім­сақтан бергі көз­деген мақ­саты да, қаузаған тақырыбы да біреу: ол – адам тағдыры мен адамгершілік мұрат. Құрлықтағы 44 елден ке­летін азиялық 100-ге жуық ақын-жазушы мен қазақ қаламгерлері бас қосатын ал­дағы форум әлемдік әде­биетте «Азия әдебиеті» ұғы­мының қа­­лыптасуына сеп болатынына сенеміз.