Қоғам • 29 Тамыз, 2019

Отбасы құндылығының қайнарын қайдан іздейміз?

717 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Соңғы жылдарда некенің жиі бұзылуы, бала тағдырының тәлкекке айналуы қоғамдағы өзекті мәселенің біріне айналды. Шаңырағы шайқалған орталарда балалар құқығын таптау, отбасы құндылықтарын құрметтемеу сынды кереғар әдеттердің қоғам санасына дендеп бара жатқандығы алаңдатады.

Отбасы құндылығының  қайнарын қайдан іздейміз?

Отбасы ғана емес, бүтіндей бір елдің қасіретіндей көкейкесті мәсе­ле­мен күресіп, оның алдын алу мақсатында еліміздің 8 аймағында 11 орталық ашылып, «Бақытты отбасы» қанатқақты жобасы жүзеге аса бастады. Отбасын қолдау ресурстық орталығында психолог мамандар­мен қатар, заңгер, әлеуметтік қыз­мет­керлер тегін кеңестер беріп, шаңы­рақ­тар­дың шайқалмауына ықпал етуде.

Осы орайда үкіметтік емес ұйым­дар тарапынан кәмелетке толма­ған балалардың мүддесін қорғай отырып, отбасы мүшелерінің қарым-қатынасын қарастыратын бірыңғай сот жүйесін құру ұсынылған. Алма­ты­дағы Қазақстан баспасөз орта­лы­ғында өткен басқосуда «Бақытты отбасы» қанатқақты жоба­сының ара­­лық нәтижелерімен таныс­тыр­ған «Дағдарыс орталықтары одағы» бір­­лес­тігі басқарма төрайымы Зуль­фия Байсақова Қазақстанда ажы­расу, мү­лікті бөлісу, тұрмыстық зорлық-зом­бы­лық мәселелерін қарас­ты­ратын жеке отбасылық сотын құру мәселесі туралы атап өтті. Оның құра­мы­на ювенальды, азаматтық және аудана­ралық арнайы әкімшілік соты кіре­тін болады. Жоба нәтижелі жүзе­ге асуы үшін Сингапур, Канада, Гер­ма­ния сияқты елдердің тәжірибесі басшылыққа алынған. Егер де отбасы өз мәселесін бейбіт жағдайда шеше алмай, ажырасуға соқтырып жатса, онда бала тәрбиесіне екіжақты араласуға қолайлы жағдайлар жасау мүмкіндіктері қарастырылады. «Дағдарыс орталықтары одағы» бірлестігі осы бағытта бірқатар сарап­тамалар жүргізіп, құқықтық актілер әзірлеуге де атсалысқан.

З.Байсақованың айтуынша, әлеу­меттік жағдай мен отбасылық сая­сат­­­тың ара жігі ашылмаған. Бү­гін­­де отбасылық соттар қандай да бір әлеуметтік мәселелерді шешу­мен ғана шектеліп жүр. Ал отба­сы­­лық институт жеке нысан ре­тін­де қарастырылмайды. Сонда отба­сы құндылығының қай­на­­рын қай­дан іздейміз? Тіптен мем­лекет пен отбасы арасындағы қарым-қа­ты­нас та реттелмеген. «Қанатқақты жобаның нәтижелері бойынша жобаны жүзеге асырушы ретінде ажырасуды қысқарту, сондай-ақ кәмелетке толмаған балалардың мүдделерін қорғау мақсатында Отба­сы және неке туралы заңнамаға өзге­ріс­тер енгізу үшін ұсыныстарды қалып­тас­ты­руымыз керек. Өкінішке қарай, Қазақстанда балалардың және ата-ана мен отбасы құқықтарын қорғау бойынша нақты саясат жоқ. Бірақ бүгін мемлекеттің осы саладағы жағдайды өзгерту ниетін көріп отырмыз. Отбасылық соттар мен отбасын ресурстық қолдау орталықтарының тәжірибесіне сүйенсек, еліміздегі адамдар диалогқа, татуласуға дайын екендігін, психологтар мен медиаторлармен жұмыс істеуге қарсылық білдірмейтінін көрсетуде. Біздің менталитетімізде отбасылық проблемалар болған жағдайда психологқа, медиаторға бару кең таралмаған. Егер де мемлекет азаматтарға осындай мүмкіндік берсе, қоғамда диалог деңгейі, әріптесін тыңдай білу және ымыраға келу, құқықтық мәде­ни­ет, жауапкершілік деңгейі өсіп, отба­сы­лық қарым-қатынасқа оң ықпал еткен болар еді» деп атап өтті З.Байсақова.

«Бақытты отбасы» жобасы отбасы саясаты саласының сарапшысы Эльвира Ватлинаның айтуынша, мау­сым айынан бергі аралықта отбасын ресурстық қолдау орталықтарына 600-ден астам адам өтініш білдіріп, 250-ге жуық жұп татуласуға келісімін берген. Өтініш білдірушілердің ең төменгі жасы 21-де болса, үлкені – 62 жаста. Некеде 10 жыл тұрған – 345, 10-20 жыл аралығында – 124, 20 жылдан жоғары 27 адам өтініш берген. Осы көрсеткіштерге қарап, ажырасуға өтініш бергендердің әр түрлі жастағы азаматтар екенін аңғаруға болады. Ал Алматы қаласы бойынша «Бақытты отбасы» отбасы соттары жанындағы ресурстық орталық психологы Гауһар Онжанова отбасы мүшелерін ымыраға шақыру­дағы қиындықтар мен оларға кәсіби деңгейде отбасылық құндылықтарды түсіндірудің аса маңызды екендігіне тоқталды. Мамандар келтірген де­рек­­терге сүйенсек, Қазақстан бү­гінде ажырасу жағынан әлем елде­рі арасында 10-орында тұр. Ал ағымдағы жылдың алғашқы жарты­жылдығында елімізде 63 917 неке тіркелсе, ажырас­қан­дар көрсет­кіші 29073-ке жетіп, 45,5 па­йыз­ды құраған. Бірлестік маман­­дары сонымен қатар еліміз аймақ­­тарында ашылған Отбасын ресурс­тық қолдау орталықтары аптасына 5 күн, таңнан кешке дейін тегін кеңес беретіндігінен хабардар етіп, 150 нөмірі арқылы шұғыл қоңырау шалуға болатындығын ескертті.

 

АЛМАТЫ