Аймақтар • 29 Тамыз, 2019

Білімді мамандар көптеп келмек

178 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл озық технологияларға негізделген медициналық қондырғылар сатып алуға 4 млрд теңге қарастырылған.

Білімді мамандар көптеп келмек

Бұл қаражат былтырғыдан үш есе көп. Қазір құрал-жаб­дықтардың бірқа­та­ры орнатылып, қызмет сапасының әл­де­қайда жақсарғаны байқалады. Ресми мәліметтерге сүйенсек, 9 мың солтүстік- қазақстандықтың ағза­сында қатерлі ісік бар. Нау­­қастар бұдан былай 140 млн теңгеге Финляндиядан жет­кізілген соң­ғы үлгідегі цифрлы маммографтың көмегіне сүйене алады. Бұл арқылы сүт безінің қатерлі ісігін бастапқы кезеңде бірден анықтайды. Бұрынғы ультрадыбыстық аппаратпен сүт безінің жаңадан пайда болған ісігін айыру өте қиын-тұғын.

Онкологиялық диспансердің бас дәрі­герінің орынбасары­ Олег Дудяктың айтуынша,­ обыр ауруының таралуы жөнінен облыста көрсеткіш жоғары. Оның ішінде сүт безінің қа­терлі ісігі кеңінен таралған. Есеп­ке екі мыңнан астам әйел алын­са, 113-нің кеселі биыл анықталыпты. Қондырғының көп артықшылықтарының біріне сүт безінің әрбір миллиметрін зерттейтін «томосинтез» функциясын атауға болады.

Жуырда өңір басшысы Құмар Ақсақалов облыстық ересектер ауру­ха­насына орнатылған заманауи ком­пьютерлік томо­графтың жұмысымен та­ныс­ты. Оның құны 347 млн теңге, 250 млн-ы жергілікті қазы­надан бөлінген. Нау­қастың іш құрылысы ауруларын өте дәл­дікпен заматта айқындап бере­ді. Және де бір ғажабы, АҚШ-тан әке­лін­ген құрылғының диаг­ностикалық қоры­тындысын әлем­нің кез келген жеріне жол­дауға болады. Серверлік нұсқадағы станса арқылы үш маман бір мезгілде зерт­теу жүргізе алады. Аурухана дәрігері Иван Лейман магниттік-резонанстық томографтың әбден ескіргенін, жиі сына беретінін айтып еді, Құмар Іргебайұлы жыл аяғына дейін жаңасын алып беруге уәде етті. Бұған қоса заманауи ан­гио­граф та алынады. Ескі томограф Тайынша аудандық ауруханасына беріліп, Айыртау, Ақжар, Уәлиханов аудан­дарының тұр­ғындарына қызмет көрсетеді.

«Денсаулық сақтау сала­сы­ның мате­риалдық-техникалық базасын ны­ғай­ту, кадрлар тап­шылығын жою бағы­тында жүйелі шаралар атқарылып ке­леді. Биыл емдеу мекемелері 66 же­дел жәрдем көлігімен, 80-ге жуық құ­рал-жабдықпен қамтамасыз етіледі. Күз­ге таман 500 орынды көпбейінді ауру­х­ананың құрылысы бас­талады. Жоғары білімді 170 жас дәрігердің келуін тосып отырмыз. Олардың жартысына жуығы ауылдық жерлерге орналастырылады. Елді мекенге жолдама алған мамандарға 1,5 млн, қалалықтар үшін 500 мың теңге көтермеақы тө­ленеді. «Дипломмен – ауылға! бағ­дар­ламасы аясында жасалатын жеңілдіктер аз емес. Қазір
47 пәтер дайын», деді облыс басшысы БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

 

Солтүстік Қазақстан облысы