20 Ақпан, 2013

Айқын да жарқын бағдарлама

302 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Айқын да жарқын бағдарлама

Сәрсенбі, 20 ақпан 2013 7:28

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы На­зарбаев 2012 жылғы 14 жел­тоқсандағы халыққа Жолдауында білім беру саласына зор көңіл бөлгені қуантады. Д.Серікбаев атын­дағы Шығыс Қа­зақстан мем­лекеттік техникалық универ­си­тетінің профессорлары мен оқы­тушылары, студенттері Елба­сының Жолдауын теледидардан көріп, зер сала тыңдады. Президенттің әр тұжырымы, әрбір тапсырмасы біздің көкейімізден шықты. Бұл Жолдау – Қазақстанды одан әрі гүлдендіре берудің, ел тұрмысын жақсарта түсудің айқын да жарқын ұзақ мерзімді бағдарламасы.

Сәрсенбі, 20 ақпан 2013 7:28

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы На­зарбаев 2012 жылғы 14 жел­тоқсандағы халыққа Жолдауында білім беру саласына зор көңіл бөлгені қуантады. Д.Серікбаев атын­дағы Шығыс Қа­зақстан мем­лекеттік техникалық универ­си­тетінің профессорлары мен оқы­тушылары, студенттері Елба­сының Жолдауын теледидардан көріп, зер сала тыңдады. Президенттің әр тұжырымы, әрбір тапсырмасы біздің көкейімізден шықты. Бұл Жолдау – Қазақстанды одан әрі гүлдендіре берудің, ел тұрмысын жақсарта түсудің айқын да жарқын ұзақ мерзімді бағдарламасы.

Болашақ мамандар даярлаудың сапасын арттыру білім беруді жетілдірудің басты мақсаты болып отырған бүгінгі шақта Д.Се­рік­баев атындағы Шығыс Қазақ­стан мемлекеттік техникалық уни­верситеті алда тұрған міндеттерді табысты шешу жолында кешенді шаралар қолдануда.
Елбасының жоғары білімнің сапасы ең талғамды талаптарға сай болуы, оқу орындары әлемнің жетекші университеттерінің қата­ры­на қосылуға талпынуы керек деген тапсырмасын ШҚМТУ-дің профессорлары мен оқытушылары басшылыққа алып отыр. Бұл істе университеттің Батыс пен Шы­ғыстың, Азияның дамыған ел­де­рінің жоғары оқу орындары­мен байланысын бір жүйеге келті­ріп, ынтымақтастықты одан әрі тереңдете түсуінің маңызы мол болмақ. Біз бүгіннің өзінде елі­міздегі ең таңдаулы оқу орны – Назарбаев Университетімен іс­керлік байланыс орнаттық.
Университетте кәсіби ше­бер­­лігін істе дәлелдеген алты жүз­ден астам профессорлар мен­ оқы­тушылар қызмет етеді. Сту­дент­тердің ғылыми-зерттеу жұ­мы­сына белсене араласуы­ ұстаз­дардың біліктілігіне, тәжірибесіне тікелей байланысты. Білім беру ғылым арқылы жүзеге асатын­ды­ғын ескере отырып, біз профессорлар мен оқытушылардың бү­гінгі күннің өскелең талаптарына алдымен өздерінің сай болуын қадағалаймыз, олардың еліміздегі алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында білімдерін жетіл­ді­руін ұйымдастырамыз.
Президент Жолдауы университет ғалымдарының инновациялық экономика мен орта қалыптастыру жолындағы жауапкершілігін арттырып, сенімін күшейтті. Егер алғашқы жиырма жыл қалыптасу мен өсу кезеңі болса, алдағы жиыр­ма жылда Қазақстан жаңа са­тыға көшуге  – жоғары технологиялар мен инновациялар әлеміне әзірленуде. Соны та­лап­тарға сәйкес ғылымның іс жү­зіндегі нәтижелілігіне бет бұ­руы­­мыз керек. Мемлекет басшысы­ қа­зақстандық инновациялық жүйе­нің осал тұсы ғылым мен биз­нес­ ортаның, өндірістің тиімді іс-қи­мы­лы жоқтығы екенін сан мәр­те­ ескерткен. «Бизнес және ғы­лым- 2020» жол картасының талдап­ жа­­салуының көкейкестілігі де осында.
Бүгінгі таңда кадрларды даяр­лау мен қайта даярлау үдемелі-ин­дустриялық-инновациялық да­му жөніндегі мемлекеттік бағ­дар­ламаға сәйкес жүргізілуі тиіс. Бұл – маманға тапсырыс бе­руші кәсіпорындар болашақ қыз­мет­керінің кәсіби шеберлігіне, нақты мекеменің талаптарына маманның сай болуына мүдделілік деген сөз. Сондықтан, оқу үдерісіне тап­сырыс беруші араласуы керек. Соңғы жылдары жұмыс бе­ру­ші университетімізге келіп, өзі­нің ертеңгі маманын таңдайды. Сөй­тіп, жас маман қызметке нақты өн­діріс жағдайында дайындалады. Ол жұмыс процесін көзімен кө­ріп, ортаны сезінеді, өндірістік қондырғыларда жұмыс істеуге бейімделеді. Сонда ғана оқу материалы санаға терең сіңеді.
Бұл – болашақ инженер тәр­биелеудің тиімді үлгісі. Ол бар­лық мамандықтар бойынша жұ­мыс берушілер қатысуымен жа­сал­ған арнайы курстар аясын­да туындайды. Өнеркәсіп кәсіп­ор­нында практикалық білім ал­ған болашақ маманның ертең ел қатарлы қызметкер болып ке­туіне осылайша жол ашылады. Бүгін университеттің барлық ка­федралары осындай курс­тар аш­қан. Ал, «Геология және тау-кен істері» және «Химия және түс­ті металлургия» кафедралары өзде­рінің бөлімшелерін Казцинк корпорациясында ашты. «Түсті, асыл және сирек металдар метал­лур­гиясы» жөніндегі дәрістер өн­діріс басында оқылып, емтихан қабылдауға жұмыс берушілер белсене қатысады.
«Казцинк», «Казцинкмаш», «Қазақмыс», «Үлбі металлургия зауы­­ты», «Өскемен титан-магний комбинаты», «Азия-авто», «Арматура зауыты» және басқа ірі кәсіпорындардағы кафедра филиалдары арқылы жасалып, өндіріске енгізілген көптеген курстық және дипломдық жобалар студенттердің нақты өндірістік жағдайда жоғары машықтанған маман болып қа­лып­тасуына ықпал етуде. Бұл кәсіпорындарда заманауи технологиялар мен қондырғылар шоғырланған, университет осылармен тығыз ынтымақта үдемелі индустриялық-инновациялық даму жобаларына белсене қатысып келеді.
Өңірімізде машина жасау­ өндірісінің дамуына байланыс­ты «технологиялық машина­лар» және «машина жасау» маман­дықтары бойынша білікті инженерлер даяр­лау міндеті алға қойылды. Нағыз маманды нақ­ты өндіріс жағдайында ғана тәр­биелеуге болатынын ескере келе, ШҚМТУ «Азия-авто» ак­цио­нерлік қоғамымен келісім-шарт­қа қол қойды. Жоғары оқу ор­ны мен кәсіпорын арасындағы келісімге сәйкес ғылыми-тех­ни­калық ынтымақтастық, автомобиль өнеркәсібі үшін мамандар даярлау бұдан былай екі жақтың да мүдделі ісіне айналмақ. Бұл мақсатқа жету жолында автомобиль зауытының өндірістік базасында «Көлік және логистика» кафедрасының филиалы ашылды.
ХХІ ғасырда ғылым және ин­новация егіз ұғымға айналды. Алда тұрған көкейкесті мін­дет­терге сәй­кес Д.Серікбаев атын­да­ғы ШҚМТУ ғы­лыми-зерттеу, білім беру және ин­новациялық үдерістерді ин­те­гра­циялаудың жаңа жолда­рын қа­растырып, жүзеге асыруда. Үде­мелі индус­трия­лық-ин­но­ва­­­циялық дамудың мемлекеттік бағ­дар­ламасында бел­гіленген қа­зақ­­стан­дық дамудың бес басым ба­­ғыт­та­ры аясында (энер­ге­ти­ка, ши­­­кі­зат пен өнімдерді терең­де­те өң­­деу, ақпараттық және теле­ко­м­­му­никациялық технологиялар, өмір туралы ғылым, елдің ин­тел­лектуалдық әлеуеті) универ­си­­тет өзінің ғылыми-зерттеу ба­­сым­­дықтарын анықтады. Олар – табиғатты тиімді пайда­лану және табиғи қорларды терең қайта өңдеу, ақпараттық-коммуникациялық тех­нологиялар, баламалы энергетика, нанотехнологиялар және жаңа материалдар.
Университет «университет-технопарк» инновациялық моделі аясында бизнесті, білім беру мен ғылымды интеграциялаудың жақ­сы тәжірибесін жинақтады. Ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының тапсырыстары бойынша нано және ядролық технологиялар, минералды шикізатты терең өңдеу технологиялары негізінде жаңа материалдар алу жөнінде «Іргетас» зертханасы зерттеулер жүргізуде. Бұл бағытта қол жеткен жақсы көрсеткіштер де бар. Олардың қата­рында жаңа құрылыс материалдары мен компоненттерін, жылу сорғылары қондырғыларын, интеллектуалды картасы бар энергия қорларын есептеу құралдарын, берилий тотығынан жасалған қыш бұйымдарды, жарықдиодты шамдарды айтуға болады.
Олар жаңа ғылымды көп қажетсінетін өндірістер құруға ба­ғытталған. Мысалы, Білім және ғылым министрлігі университеттің ғылымын дамытуға 50 миллион теңге бөлді. Ал, «Іргетас» инже­нер­лік зертханасын жетілдіріп отыру үшін жыл сайын 13 миллион теңге береді. Министрлік тарапынан басқа да көптеген іргелі және қолданбалы зерттеулер қаржыландырылуда.
«Ұлттық инновациялық қор» АҚ «Алтай» технопаркіне 28 миллион, ал жоғарыда аталған жобаларды жүзеге асыру үшін 72 миллион теңге қаржы бөлді.
Ғылым мен бизнестің бірі­гуі үшін шетелдің жоғары оқу­ орындарымен, ғылыми орталық­тары­мен және компанияларымен ын­ты­мақтастықты дамыту керек. Университет заманауи инно­ва­циялық технологиялар саласында маңызды халықаралық ғы­лыми жобаларды шетелдік ғалым­дар­мен бірлесе жүзеге асыруға жұмылуда. Былтыр ғана ШҚМТУ-де Амери­ка­ның, Ұлыбританияның, Герма­нияның, Кореяның, Жапо­ния­ның, Ресейдің, Еуропаның бас­қа да елдерінің 60-тан астам профессорлары университетіміздің сту­денттеріне, магистранттары мен докторанттарына дәріс оқып, тәжірибелік сабақтар жүргізді.
Университет шетелдік әріптес­тер­мен байланысын нығайтып келеді. Біз Жапонияның Акита университетімен, Германияның Мюн­хен техникалық универси­те­тімен ынтымақтаса жұмыс атқару­дамыз. Бұл жоғары оқу орын­дарының бай тәжірибесімен та­ны­сып қана қоймай, олардың жақ­сы істерін өзімізге қолдануға қам жасап келеміз.
«Алтай» технопаркі иннова­ция­­лық идеяларды іздеп табумен ұдайы шұғылданып келеді. Техно­парк­тің ғылыми-техникалық кеңесі ұсыныстарды талдап, сараптама жасау нәтижесінде ком­мер­циялық жағынан пайдалы 35 жобаны таңдап алды. Болашағы ең зор деген жобалар олардың базасында шағын инновациялық кәсіпорындар құру жолымен іске асырылады. Бұл жерде ауыз суды тазартатын жаңа тұрмыстық сүзгілерді, энергияны үнемдейтін жарықдиодты технологияларды және басқаларды атауға болады.
Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемле­кеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында жастарға тәрбие беру жұмысын кү­шейту талап етілді. Білім меке­ме­лері маман даярлаумен қатар оның сегіз қырлы, бір сырлы, ерік-жігері мығым, елін, жерін қас­терлейтін, алда тұрған асуларды қиналмай алуға қабілетті адам тәрбиелеуге міндетті. Сондықтан, біздің алдымызда тәрбие жұмысын түбірінен қайта құру міндеті тұр. Университетімізде бұл салада да­ тындырылған істер аз емес. Жас­тарға патриоттық тәрбие беру жөнінде жасалған арнайы бағ­дар­ла­маға сәйкес әрбір факультет пен кафедра ұжымы қыз-жігіттердің ой-өрісін кеңейту, отансүйгіштік сезімін күшейту жолында тұрақты жұмыс істеп келеді. Жолдауға сәй­кес бұл бағдарламаға өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, жұмы­сы­мыздың мазмұнын жаңа шаралармен байыта түспекпіз. Студент­тердің ой-пікірін біліп отыру үшін мен олармен аптаның әрбір сей­сенбісінде арнайы кездесіп, ашық әңгіме өткіземін. Бұл кездесулерде жастар оқу, тұрмыс, демалыс мәселелері жөнінде көптеген сұ­рақтар қойып, нақты жауабын алады. Ректордың блогына жолданатын ұсыныс-пікірлер де баршылық.
Жастарымыздың алаңсыз білім алуына жағдай бар. Университет өз күшімен екі жүз жиырма орындық студенттер үйін іске қосты. Магис­транттарға, докторанттарға, жас ғалымдарға және студенттерге арналған бес жүз орындық жатақ­хана құрылысын бастағалы отырмыз. Сондай-ақ, спорт кешенін, кітапхананың қосымша үйін салуды да жоспарлаудамыз. Таяу болашақта университеттің бас ғимараты кеңейтілмек.
Мемлекет басшысы Н.Ә.На­зар­­баевтың халыққа Жолдауын университет ұжымы, студенттер бі­лім саласына жасалған үлкен қам­қорлық ретінде қарсы алды. Ендігі міндет – Президент алға қойған тапсырмаларды жүзеге асыру.

Нұрлан ТЕМІРБЕКОВ,
Д.Серікбаев атындағы 
ШҚМТУ ректоры, профессор.