Аймақтар • 30 Тамыз, 2019

Жайылымдық жерлердің жайы алаңдатады

1159 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгінде Жамбыл облысында жалпы жер қоры 14 млн 426,4 мың гектарды құрайды. Оның ішінде 65 пайызы, яғни, 9 млн 406 мың гектар жер жайылымдық болып саналады. Алайда бүгінде көптеген елдімекен үшін жайылымдар басты мәселеге айналып отыр.

Жайылымдық жерлердің жайы алаңдатады

Жалпы, жайылымдарды пайдалануда тиісті талаптар қаншалықты сақталуда және бірқатар аймақта мал басына шаққанда жайылымдық жерлер тапшылығының туындауы­на не себеп деген сауалдың туатыны орынды. Шынында да бұл мәселе шаруалардың да көкейкесті мәселесіне айналды. Сондықтан да жайылымдарды пайдалануды реттеу күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі болып отыр.

 Облыстық жер қатынастары бас­қармасының басшысы Бах­ти­яр Көпбосынов жал­пы жа­йы­­лымдық жерлер­ге жүр­гі­зіл­ген талдау қоры­тын­дысына сәйкес, еліміздің «Жайы­лым­дар туралы» Заңының талап­та­ры мен нормаларының орын­далмай отырғанын айтты. Бас­қар­ма басшысының айтуын­ша, бекітілген жайылымдар жүк­­­темесі нормаларының сақ­­талмауы салдарынан елді­ме­­кендер маңындағы жайы­лым­дық жерлердің тозу үрдісі мен мал басына шақ­қан­дағы жетіспеушілігі туын­да­ған. Бү­гін­гі таңда өңір тұр­ғын­дары­ның ауласындағы мал басы­на қажет жайылым көле­мі 3 млн 600 мыңнан астам гектарды құрап отыр екен. «Әр­бір елдімекен бойынша шар­уа­­шылықтардың барлық санат­та­рындағы мал басының есебі алынып, жайылымдық жерлерді нақтылау жүргізілді. Әр ауыл­дық округ бойынша жалпы пай­да­ланымдағы жайылымдық жер­лердің пайдалануға бері­ліп кеткен бөлігінің және елді­ме­кен­дер аумағына жақын орна­ласқан жайылымдардың иеле­рін анықтау жұмыстары жүр­гі­зілді. Талдау нәтижесі бо­йынша Байзақ, Жуалы, Қордай және Меркі аудандарының 19 ауылдық округінде жалпы пайдаланымдағы 1,044 мың гектар жайылымның 35 жер пайдаланушыға беріліп кет­кен­дігі анықталды», дейді Б.Көп­бо­сынов.

Сонымен қатар жер кадас­трындағы мәліметтерге сәйкес, аталған аумақта 92 мың гектар жайылымдық жерлер бекітіліп, 364 жер пайдаланушылар тізімі жаса­лыпты. Енді осы жерлерді жер пайдаланушылармен келісе отырып, ауылдық әкім­дік­терге бекітіп беру арқылы 57 ауылдық округ бойынша жайы­лымдарға деген сұранысты қана­ғаттандыруға болады екен. Мәселен, ағымдағы жылы Жуа­лы ауданында көрсетілген аумақ­қа кіретін 120 гектар жа­йы­­лымның 100 гектары мем­лекетке қайтарылған. Зер­делеу нәтижесінде ауыл шаруа­шы­лы­ғы кәсіпорындары, шаруа қожа­лық­тары және өзіндік қосал­қы шаруашылықтар бойынша тіркелген мал басының есебі де нақтыланған. Сондай-ақ Шу ауданының Жиделі, Шоқпар, Еспе, Құлақшын, Алайғыр елдімекендері бойынша жапсарлас жерлер есебінен және Бірлік, Ескі Шу, Қорағаты, Шоқпар ауылдық округтеріне шалғайдағы мал жайылымдары есебінен 13900 гектар жайылымдарды қосымша бөліп беру жұмыстары да жүргізілуде. Бұл өз кезегінде малдарды жазғы жайлауға шығару арқылы елді­мекендер маңындағы жайылымдарды тозудан сақтайды. Әзірге өңірдегі бірді-екілі аудан­дарда болмаса, бұл тәжірибе барлық ауданда қолданысқа енбеген.

Жалпы, Жамбыл облы­сы мал шаруашылығына қолайлы өңір болғандықтан, мал басын арттыру бойынша да жұмыс­тар жүргізілуде. Бұл ретте жайы­лымдық жерлерге деген сұра­ныстың жылдағыдан артып келе жатқанын байқауға болады. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Құлкеевтің айтуынша, өңірде мал басы жыл санап артып келеді. Мәселен, мүйізді ірі қара 440 425 басқа жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 29079 басқа өскен. Сонымен қатар жылқы саны 14 1904 басқа өсіп, былтырғымен салыстырғанда 10296 басқа артқан. Ал қой мен ешкі 33 23121 басқа өсіп, 124457 басқа дейін көбейген. Дей тұр­ғанмен, облыстық жер қаты­настары басқармасының мәлі­метінше, 1992 жылмен салыс­тырғанда биылғы қой-ешкі саны 4,238 мың және түйе 2,1 мың басқа кеміген. Яғни, облыс­та тіркелген мал басы 1992 жылғы деңгейге жетпеген. Алайда өңірде бірде-бір бас мал асыра­­маса да, өз иеліктерінде айтар­лық­тай көлемде жайы­лым­дық жер­лерді ұстап отырған агроқұрылымдар бар болып шықты. «Талдау нәтижесі облыс аудандарында иелігінде жайылымдық жерлері бар 5574 агроқұрылымдардың бірде-бір бас мал ұстамайтындығын көр­сетті. Осының салдарынан елдімекендер маңын­да­ғы жайылымдарға жүк­те­ме артып, бұл жерлер дегра­да­цияға ұшырауда», дейді Б.Көп­бо­сынов. Мал асырамаса да иеліктеріне көп жерлерді алып алған агроқұрылымдарда бар­лы­ғы 1 млн 700 мың гектардан астам жайылымдық алқап тіркелген. Бұл деректер аталған басқарманың мониторингілеу жұмыстарының нәтижесінде анықталған.

Бүгінгі таңда ауыл шаруа­шы­лығы саласын өркендету мақсатында жайылымды арт­ты­ру­дың және оны тиімді пай­да­ланудың маңызы зор. Бірақ өңірде мал басы мен иелігіндегі жайылымның аумағы сай кел­мей­тін шаруа қожалықтары көп. Кезінде есебін тауып талай жерді еңсеріп қалғандар енді өзгенің малын өз аума­ғы­на жолатпайды. Бұл – бір. Екіншіден, пайдаланусыз жат­қан бос жердің жайы да өзекті мәселенің бірі. Бүгінде Жамбыл облысында 1 млн 926 мың 256 гектар бос жер бар екен. Ал басқа мемлекет пайдаланып жатқан жер көлемі 2 млн 489 мың 300 гектарды құрайды. Оның ішінде Ресей мемлекеті Сарысу және Мойынқұм аудан­да­рына екі полигон салып, пайдалануда. Қазіргі кезде жер қатынастары басқармасының тарапынан аталған жерлерді мемлекетке қайтару жұмыстары жүргізілуде.

Бүгінгі таңда пайдалану­сыз жатқан жайылымдық жерлерді қолданыстағы заңнама аясында мемлекет меншігіне қайта­ру­дың және қайта іске қосудың маңызы артып тұр. Бұл ретте облыс әкімі Асқар Мырзахметов өңірдегі барлық елдімекендер аумағындағы жайылымдық жер­лерді нормаға сәйкес қайта есептеу мен саралаудан өткізу керегін айтып, тиісті бас­шы­ларға нақты тапсырмалар берген болатын. Сонымен қатар жайылымдық жерлерді кү­тіп ұстау мен жерді жалға алушы­лар­дың міндеттемелері бо­йынша талдау жүргізу де бас­ты назарда болуы керек. Бұл мәселеде ұйымдастыру және түсіндірме жұмыстарының да жөні бөлек.

 

Жамбыл облысы