Қоғам • 30 Тамыз, 2019

Жасөспірімдер арасында әлімжеттік азаймай тұр

636 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Халықаралық беделді ұйымдардың бірі ЮНИСЕФ таратқан ақпаратқа сенсек, Шығыс және Орталық Еуропа, Орталық Азия елдерінде балаларға жасалатын тұрмыстық зорлық-зомбылық кеңінен таралып, жегіқұрттай тамырын тереңге жайып бара жатқан көрінеді. Оның ішінде Қазақстанда 1-14 аралығындағы балалардың 53 пайызы үйде озбырлықпен тәрбиелеу әдісінің құрбаны болған.

Жасөспірімдер арасында әлімжеттік азаймай тұр

Nur Otan партиясы жаны­нан құрылған балалардың құқығын қорғау жөніндегі рес­публикалық сараптамалық жұмыс тобы өткізген кеңей­тілген кеңесте от басы, ошақ қасында жиі орын алатын әлім­жеттік мәселелері кеңінен талқыланып, бірқатар ащы шындық бүкпесіз айтылды. «Бақытты отбасы» жобасы шеңберінде жасөспірімдердің құқықтары мен мүдделерін қорғауға, қордаланған проблемаларды шешуге білек сыбана кіріскен кеңес мүшелері мен қоғам белсенділері ата-ананың, балабақша мен мек­тептің жауапкершілігін арттыру, ведомостволар тарапынан қа­дағалауды күшейту, келеңсіз оқиғалардың алдын алу, саламатты өмір салтын насихаттау, орнықты рухани-адамгершілік ахуал қалыптастыру бағытында айқындалған іс-шаралар шоғырын жиналғандардың назарына ұсынды. Облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев жергілікті жерлерде атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндады. Жыл басынан бері 4826 аз қамтылған отбасына көмек көрсетілген. Инклюзивті негізде білім алатын 2042 оқушыға барынша жағдай жасалған. Мүмкіндігі шектеулі балалар үшін ресурстық орталық, психологиялық оңалту кабинеті жұмыс істейді. Алайда «жеті айда бір жасқа дейінгі баласы бар 3424 анаға 351 млн теңге көлемінде жәрдемақы төленді. Тұрмысы төмен отбасыларды материалдық қол­дау мақсатында 35 млн теңге жұмсалды. Қосалқы шаруашылықты дамыту мақ­сатымен 81 көпбалалы отба­сы демеуқаржыға ие болды», деген Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағ­дарламалар басқармасы бас­шысының орынбасары Гүл­мира Мәулетбаеваның негізгі тақырыптан ауытқып кеткенін аңғарды білем, кеңестің тәжірибелі сарапшысы Рысты Жұмабекованың атаулы әлеу­меттік көмек нағыз мұқ­таж жандарға жетіп жатыр ма, жоқ­шылықтың тауқыметін бас­тан кешірген отбасы балалары толық қамтылды ма деген сауалына жауап табылмады.

Тағы бір тоқтала кетер жайт, өңірде жас өспірімдер арасында жыл басынан бері 4 баланың денсаулығына зақым келген. 18 жасөспірім заң талаптарын бұзса, 11-і ұрлық-қарлықты кәсіп еткен. Жыныстық қатынасқа түсудің 14, жас баланы ұрып-соғудың 4, зорлаудың 2, азғырудың 1 фактісі тіркелген. Мектеп оқу­шы­ларының 57 пайызы ғана үйір­мелер мен секцияларға барады.

 Балаларға қатысты зорлық-зомбылық туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалім­дердің таяуда өткен тамыз конференциясында тағы бір еске салды. «Мемлекеттік емес мекемеге дейінгі шағын ұйымдарда тәрбие-білім беру процесі іс жүзінде жоқ. Тәрбиешілер мем­лекеттік міндетті стандарттар талаптарын әрдайым басшылыққа алмайды. БАҚ материалдарынан біз балаларды ұрып-соғу жағдайлары туралы жиі білеміз. Суи­цид себебі неде екенін ой­ланумыз керек» деп атап көр­сетіп, бірқатар міндет жүктеді. Былтыр түрлі деңгейде қысым көрген жарты мыңнан астам солтүстікқазақстандық нәзік жан мамандар кеңесіне жүгініп, олардың құқықтарын аяққа басудың 1200 фактісі анықталған. Ал ұрып-соғу бойынша 19 қылмыстық іс, оның ішінде үшеуі адам өлтіру оқиғасына байланысты сотқа жолданған. Заңсыз әрекеттердің көптігіне қарамастан, 18 тұлға ғана әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның басты сыры, әлімжеттік құрбандары көбіне шағымданудан бас тартып жатады. Боямасыз шындық жабулы қазан күйінде қалғаннан кейін отбасы мүшелеріне қатысты құқық бұзушылық кемудің орнына белең алып кететіні жасырын емес. Биыл күш көрсету салдарынан жәбір көрген 12 адамға жәрдем көрсетілген. Олардың жетеуі – кәмелетке толмағандар.

Тәртіп сақшылары соң­ғы екі жылда әлімжеттік оқиғала­ры­ның жиілеп кеткеніне алаң­даулы. Әйелдерді қорғау орта­лығының қызметкері Татьяна Усманованың пікірінше, алдын алу шараларымен бұл кеселді тоқтату қиын. Отанасы да, бала да шаңырағында болып жатқан келеңсіз жайттар жайлы тіс жармайды. Соның кесірінен көп зардап шегеді. Осы көзқарасты түбегейлі өзгертпей болмайды дейді ол. Балалардың толық және бақытты отбасында өсіп-жетілуін басты мұрат еткен жер­гілікті «Мой ребенок» қоғамдық бірлес­тігі «Отбасылық академия» орталығымен бірле­сіп, «ONEGE» жобасын іске асыруға кіріскен. Оған Ақ­парат және қоғамдық даму ми­нистр­лігі «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» мұрындық болып отыр. Алайда бұл бағдарламаға қосылушылар қатары саусақпен санарлықтай ғана.

Талдау жұмыстары көрсет­кен­дей, тұрмыстық озбырлық, отбасылық жанжал, өмір сү­ру сапасының төмендігі, жетіс­пеушілік, жоқшылық, тағы бас­қа себептерден өз-өзіне қол жұмсау оқиғалары да көбейіп кеткен. Оның бірден-бір дәлелі еліміз суицидтен көз жұму фак­тілері бойынша әлемде алдыңғы орындардың бірінде тұр. Мұндай жағдайлардың орын алуы негізінен ата-аналар­дың балаларын қараусыз қал­дыруынан, күнделікті тәрбиесіне жете көңіл бөлмеуден туындайды. Статистикалық деректерге қарағанда, қылмыстың төрт­тен бірі балалардың көшеде қараусыз жүруінен жасалатын көрінеді. Бірақ ресми мәлі­меттер нақты жағдайды толық си­пат­тап бере алмайтыны белгілі.

Өз құқығын қорғауға дәр­мен­сіз, қара күш алдында әл­сіз балаларға араша түсу мем­­лекеттік мәселе екенін «Бақыт­ты отбасы» жобасы шең­бе­рінде ұйым­дастырылған көш­пе­лі ке­ңес айқын байқатты.

 

Солтүстік Қазақстан облысы