Аймақтар • 30 Тамыз, 2019

Кітап – білімнің кені

593 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Целиноград аудандық кі­тапханалар жүйесінің ел ішінде мәдени-ағар­ту ісіне қомақты үлес қосуымен қа­тар әде­биетті насихаттау, әртүрлі шығармашылық кеш­тер ұйымдастыру бары­сындағы еңбегі өз алдына бір төбе. Мұнда аудан тұр­ғындарының рухани қажет­тіліктерін зерделей зерттеп, қалтқысыз қызмет етумен қатар жалпақ жұртты жарқын болашақ бағытына топтастыру жұмысы өте мазмұнды.

Кітап – білімнің кені

Целиноград аудандық кітапха­на жүйесіне аудандық орталық кітапхана мен Шалқар, Нұресіл, Тасты, Жалғызқұдық, Оразақ тә­різді 13 елді мекендегі кітапхана кіреді. Оның ішінде «Родина» селосы мен Нұресіл ауылындағы кітапханалар жоғары мәртебеге ие. Алдымен, барлық кітапханалардың компьютерлендіріліп, интернет желісіне қосылғандығын айта кетуге болады. Аудандық орталық кітапханада 2010 жылдан бас­тап кітап қорын екшейтін Rabis бағдарламасы жұмыс істейді. 2018 жылы жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, қосымша тағы да  6 жаңа WEB-Rabis бағдарламасы енгізілді. Оқырмандар тарапынан сұраныстың көп болуына орай кітапханалардағы кітап қо­рын еселей толықтыру ісі үзбей жүргізіледі. Мәселен, 2018 жылы аудандық бюджеттің есебінен 1145,6 миллион теңгеге 1031 дана кітап сатылып алынды. Оған қоса әр жыл сайын облыстық бюджеттен бөлінген қаражатқа әдебиет әлеміндегі татымды, сүйекті дү­ние­лер алынып, қор көлемі молая түсті.

Кітапхана жүйесіндегі елді ын­­тымаққа бастайтын, асқаралы міндеттер төңірегінде топтастыратын бар жұмыс әлеуметтік желі арқылы көпшілікке жедел таратылып отырылады. Ал ондай игілікті іс мұнда же­тер­лік. Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жарық көргеннен кейін кітапхана жүйесі жергілікті тұр­ғындар арасында жүйелі жұмыс жүргізген. Әсіресе «Туған жер» жобасы бойынша қолға алынған қыруар жұмыс көпшілік көңілінен шығарлық. Халық өз топырағының құнын біледі, қасиетін қаперінен шығармайды. Өйткені төскейін өздері адал еңбектерімен түлетіп, бар ғұмырын қоғамның байлығына арнап келеді емес пе? Әсіресе Шал­қар ауылдық кітапханасында сан ғасыр бойы халқымызбен бірге жасасып келе жатқан ғажайып әдет-ғұрыпты, салт-дәстүрді наси­хаттап, оның ішкі мән-маңызын түсіндіруге, қайтадан жарқырата жасандырып, халық кәдесіне  жа­ратуға үлкен ұмтылыс жасалса, Арайлы ауылындағы кітапханада «Атамекен» бағдарламасы бо­йынша оқыр­манға ой саларлық мазмұнды жұмыстар өткізілді. Ал «Родина» селосындағы кі­тапханада «Сиқырлы қылқалам», Оразақ ауылдық кітапханасында «Біздің мұра» айдарларымен әр­кімнің көкірегіндегі туған жерге деген мөп-мөлдір махаббатты жар­қыратып көрсететін сыршыл да сындарлы игілікті істер қолға алынды.

Кітапханалардың мол мүм­кіндігі «Қа­зақстанның киелі жер­лері» бағдарламасы шеңбе­рінде қолға алынғандығын атап ке­те­лік. Тарих ғылымдарының докторы Жам­был Артықбаевтың же­текшілігімен ар­найы экспедиция жасақталды. Жұмыс тобының құ­рамына тарихшылар мен өл­ке­танушылар, осы төңіректегі кө­кірегіне көп сыр жинаған қазыналы қарттар, ақындар мен жазушылар енгізілді. Бұл топ ең алдымен Алтайдан Атырауға дейінгі кең көсілген қазақ даласындағы кие­лі жерлерге шолу жасаса, кейін өз топырақтарындағы, таяу маң­дағы тарихы жерлер тө­ңірегінде әрқилы деректерді жинастырып, байтақ даланың бар болмы­сын, қисапсыз қасиетін за­мандастардың көкіректеріне құ­йып беру бағы­тында бағалы істер атқарды.

Сөз арасында халыққа осын­шалықты қызмет көрсетіп отыр­ған кітапхананың мүмкіндігін сал­мақтай-саралау үшін мате­риал­дық-техникалық базасын да айта кетелік. Мәселен, аудандық орталық кітапхананың кең де жарық оқу залы бар. Кітап қоры 20 000 данадан астам. 2018 жылы 1200 оқырманға қызмет көрсеткен. Кітапхана төрінде «Рухани жаң­ғыру» мүйісі тұр. 

Кітапхана қызметінің бір көр­сеткіші – оқырмандар саны екендігі белгілі. Бұл арада тәп-тәуір өсім бар. Сөзімізді тірілту үшін дерек кел­тіре кетелік. Мәселен, 2018 жы­лы оқырмандар саны 1633-ке көбейген. Кітапхана қызметін пай­­даланушылар саны 2854 адам­ға ұлғайған. Бір жүйедегі 13 кі­тапхананың кітап қоры 155132-ге жеткен. Оның 50636-сы мем­ле­кет­тік тілдегі кітаптар. 

Қорыта айтқанда, аудандағы кітапханалар жүйесі кітап – білім­нің кені екендігін, ал өз ордалары жасампаздықты жырлайтын жер екендігін дәлелдеп-ақ келеді.

 

Ақмола облысы,

Целиноград ауданы