Қоғам • 30 Тамыз, 2019

Ұлт намысы

1370 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ойлап қарасаңыз, бейтаныс кісілердің бірге сапар шегіп, бір купеде түнеп келе жатуының өзі де қызық. Әуелде екеуі терезеге қарап, екеуі есікке қарап, өздерімен өздері болып, үн-түнсіз отырған жолаушылар пойыз қозғалған соң қыбырлап, бір-біріне көз қиықтарын тастап, әйелдер ер кісілерге, ер кісілер әйелдерге «біз киім ауыстырып алсақ... қалай болады» дегендей ишара танытады.

Ұлт  намысы

Содан соң әркім өзінше тар купедегі қапырық кеңістікке бейімделіп алады да, «Қайда барасыз?», «Мұнда қонақ боп келіп пе едіңіз?», «Ә-ә, жұмыс бабымен бе?» деген сияқты қысқа-қысқа сұрақ-жауаптардан кейін ортақ әңгімеге тұздық боларлықтай бір тақырып табыла қалса, түн ортасына шейін сұхбат құруы мүмкін.

Бірақ біз әңгіме етіп отырған бүгін­гі жолаушылардың бірі өзінің көп сөзге әуестігі жоқ екендігін бірден аңғар­тып, үстіңгі сөреге қарғып шықты да, етбетінен жата қалып кітап оқуға кірісті. Ал астыңғы, яғни бірінші сөре­дегі жап-жас, жіп-жіңішке қыз кіп-кішкен­тай сөмкесінен ұялы телефонын шыға­рып, үлкендер жағы онша түсіне бермей­тін шытырман ойындардың қызығына түсті.

Оған қарама-қарсы отырған ақ сары жүзді, әдеміше келген, реңді апай үлкен терезенің алдындағы оймақтай үстелдің үстіндегі пакетін ашып, өзіне лайықтап шай жабдықтарын әзірлей бастады.

Тап осы сәтте купеде бір кішігірім проблема туындай қалды. Себебі купедегі төртінші жолаушы – қасқа бас, қозықарын, қырма сақал кісі мана ішке кірген бетте екінші сөреге сылқ еткізіп тастай салған жуан сөмкесін жоғарыдағы қуысқа қоймақ болып мойнын созғаны сол еді, ол жерде бір кірқожалақ түйіншек тұрғанын көзі шалып тіксініп, жиіркеніп қалды.

Содан соң купенің есігін шалқайта ашты да, дәліздің оң жақ бұрышында отырған жолсерік жігітке мойнын соза қарап:

– Әй, бала, бері кел, – деді зілденіп.

Ол орнынан ұшып тұрып, аяғын тез-тез басып жетіп келді.

– Мынау не? – деді қозықарын кісі әлгі түйіншекті көрсетіп.

–  Ә-ә, ол артық пәстельдер ғой,– деді жолсерік жігіт аздап ыңғайсызданып.

– Неғып тұр мұнда?

– Басқа қоятын орын болмаған соң... – Ол іштей қиналып, қипақтай бастады. – Алып кетейін бе?.. Бірақ... оны енді қайда апарып қойсам екен?..

– Білмеймін. Тез алып кет.

Жолсерік шекесін жиырып, амалсыздан жоғарыға қол созуға мәжбүр болды.

Ә дегенде-ақ көзіне жағымсыз көрінген қырсық түйіншектен құты­лып, оның орнына өзінің жуан сөмкесін жайғастырған соң, қозықарын кісі маңдайынан шып-шып шыққан терді алақанымен сүртіп отырып:

– Пүф-ф! – деп қатты шаршағандай терең дем шығарды. – Қазақ десең,  өзіңе тиеді! Кез келген жерде тәртіп­сіздік, жүгенсіздік!

Осы кезде екінші сөредегі кітап оқып жатқан жігіттің ойы бөлініп: «Бұған қазақтың қандай қатысы бар? – деп ойлап, иығын қиқаң еткізді. – Әрине жолда кез келген ұсақ-түйек қолайсыздықтың жүйкеге тиетіні рас. Бірақ оған бола бүкіл қазақты кінәлаудың қажеті қанша? Кінәлі болса, жолсеріктер кінәлі. Одан ары қазсаңыз, ҚТЖ кінәлі...»

Бірақ қозықарын кісі мұнымен де тоқтаған жоқ. Мұқым дүниедегі бүкіл жалқаулық пен мәдениетсіздікті өз ұлтымыздың үстіне әкеліп төкті.

Реңді апайдың жүзі сәл салқын тартса да, үн қатпады. Екінші сөредегі жігіт аздан соң желкесін қасып, «әй, не айтса да, ауыз өзінікі емес пе» дегендей кітапқа қайта үңілді.

Ұялы телефонға үңіліп отырған қыздың саусағы біраздан бері қимыл­сыз қалған-ды.  Қозықарын енді соны аңғарғандай, оған шүйліге қарап, мұны мен сендерге – жастарға айтып отырмын дегенді тұспалдап:

– Әне, солай, қарағым, – деді ны­ғыз­­данып.

Купе ішінде бір сәтке өлі тыныштық орнады. Себебі қыз бала оған жа­уап қатқан жоқ. Аздан соң орнынан ақырын ғана тұрып, қозықарынға тесіле қараған күйі:

– Сіздің өзіңіз сондайсыз, – деді баяу ғана.

Сөйтті де, дәлізге шығып кетті. Маналы бері ұлтқа қарата төккен жуын­дысын кенеттен біреу өзінің бетіне шашып жібергендей тіксініп, есін жия алмай қалған қозықарын басын шайқап, аузына құм құйылғандай үнсіз қалды.

Екінші сөредегі жігіт шыдай алмай сылқ-сылқ күлді. Реңді апай да езу тартты.