01 Наурыз, 2013

Атакәсіптің ертеңі алаңдатады

423 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін

Атакәсіптің ертеңі алаңдатады

Жұма, 1 наурыз 2013 7:21

Ауыл – алтын бесік, мал шаруашылығы – атакәсіп. Қазақтың қанына сіңген бұл егіз ұғымның қасиеті хақында айтып жатудың өзі артық. Себебі, бүгінгі ел билеген басшыдан бастап, ғылым қуған ғұлама мен қарақан басын баққан қараға дейін жөргегінде жатып-ақ ауылдың саумал ауасымен ауызданған, тәй-тәй басқан сәтінен атакәсіптің қыры мен сырына қаныққан кешегі қаратабандар. Өкінішке қарай, ауыл шаруашылығын нарыққа көшіру жолындағы реформалар мен тәжірибелерге тым әуестеніп, соңғы жылдары осы қасиетті ұлттық құндылықтарымызға көлеңке түсіріп алған сыңайлымыз.

 

Жұма, 1 наурыз 2013 7:21

Ауыл – алтын бесік, мал шаруашылығы – атакәсіп. Қазақтың қанына сіңген бұл егіз ұғымның қасиеті хақында айтып жатудың өзі артық. Себебі, бүгінгі ел билеген басшыдан бастап, ғылым қуған ғұлама мен қарақан басын баққан қараға дейін жөргегінде жатып-ақ ауылдың саумал ауасымен ауызданған, тәй-тәй басқан сәтінен атакәсіптің қыры мен сырына қаныққан кешегі қаратабандар. Өкінішке қарай, ауыл шаруашылығын нарыққа көшіру жолындағы реформалар мен тәжірибелерге тым әуестеніп, соңғы жылдары осы қасиетті ұлттық құндылықтарымызға көлеңке түсіріп алған сыңайлымыз.

Ашығын айтсақ, өскелең ұрпақ санасында бұл қос ұғымның қасиеті көмескі. Көмескіленгені сол емес пе, қазақ жас­тары атакәсіптен қол үзіп барады. «Ауыл жылдары» жарияланып, мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына миллиардтаған қаржы бөліне бастаған соңғы бірнеше жылдың жүзінде де ауылға барып, тұ­ралаған атакәсіпті тұрғызуға құлшыныс танытқан жастар қарасы көрінбейді. Бұл ретте ауыл жастары жеңіл тұрмыс іздеп, қалаға қашады деген жаңсақ пікірге негіз жоқ. Өйткені, ауыр жұмыстарының 90 пайызы қол күшімен атқарылатын қаладағы құрылыс ұйымдарына жалданған қазақ жастарының жұмысы жеңіл, тұрмысы тамаша деп ешкім айта алмас.

Қазақты алтын бесігі мен атакәсібінен қол үздірген басты себептердің бірі, сонау тоқсаныншы жылдардың басындағы ауыл шаруашылығында асығыс жүргізілген жекешелендіру реформасы екендігі анық. Ауылдың сәні – мал еді. Мал кеткен соң ауылдан да мән кетті. Аға ұрпақ жыл­дар бойы өсірген мыңғырған мал аяқ астынан «көлденең көк аттының» қо­лына көшті. Нарық әкелген «бартер» деген бәленің кесірінен миллиондаған мал пышаққа ілікті. Айналасы алты-жеті жылдың ішінде ақтылы малынан айрылған ауыл азып-тозып шыға келді. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қал­масын» ұранымен өткен ғасырдың 30-шы жылдарында зорлықпен жасалған ұжымдастыру науқаны Қазақстанның мал шаруашылығын күйретсе, 90-шы жылдардың басында жүргізілген жүйесіз жекешелендіру реформасы қазақ даласында мал басын екінші рет орасан зор шығынға ұшыратты. Мәселен, 1990 жылы Қазақстанда 9 757,2 мың бас ірі қара мал болса, 2000 жылы 4 106,6 мың бас ірі қара мал ғана қалған. 1990 жылы 1 626,3 мың жылқы болса, 2000 жылы 976 мың жылқы қалған. Әсіресе, осы кезеңде қойды қынадай қыру оқиғалары белең алды. Қазақстанда 1990 жылы 36 миллионға жуық қой болса, 2000 жылы 9 миллионның о жақ, бұ жағында ғана қой-ешкі болды.

Қолдағы малын «бартердің» құр­бандығына беріп, тәжірибелі малшылар құрығын ұстап қалды. Төрт-бес қойын бір-екі қап ұнға айырбастап, екі-үш баспағын балалардың мектепке баратын киім-кешегіне жаратып, ауыл қазағы тесік астауға телмірді. Жаппай жұмыссыздық жайлаған ауыл тұрғындары кәсіп іздеп қалаға ағылды. Ел ішінде стихиялық урбанизация мен бей-берекет көші-қон үдерісі белең алды. Аз уақыттың ішінде мәдениеті дамыған, инфрақұрылымы қалыптасқан кеңшарлар мен ауылдар қаңырап, ақтылы мал мекені болған жасыл жайлаулар тусырап қалды. Барлық саналы ғұмырын мал өсірудің жайына арнаған кешегі майталман малшылар енді күн көріс қарекетімен амалсыз қаладағы басқа кәсіптерге бейімделуге мәжбүр болды. Сөйтіп, атадан балаға жалғасып келе жатқан атакәсіп сабақтастығы әлсіреді. Бұл өкпені қысқан өтпелі кезеңдегі «өз күніңді өзің көрдің» кебіне ұрынған тоқ­саныншы жылдардағы еліміздің ауыл шаруашылығына тән ортақ көрініс еді.

Мемлекет басшысының соңғы жылдары еліміздің ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында тұрақты түрде жүргізіп келе жатқан басымдықтарының арқасында бұл салада да оң өзгерістер байқала бас­тады. Мемлекет тарапынан бөлінген мил­лиардтаған қаржының көмегімен егін шаруашылығында айтарлықтай же­тістіктерге қол жеткізілді. Енді мал ша­руашылығын дамыту мәселесіне көңіл бөліне бастады. Соңғы уақытта мемлекет тарапынан бөлінетін қаржыға мал шаруашылығы да кенде болып жатпаған сияқты. Бір ғана мысал, мемлекет шаруаға асыл тұқымды 1 бас малды ұстау үшін 8 мың теңге, жемге кеткен шығыны үшін қосымша 4,5 мың теңге субсидия тө­лейді екен. Жүздеген бас мал ұстаған фермерлер тек субсидия ретінде ғана мемлекеттен жыл сайын миллиондаған теңге көмек алады. Министрліктің мә­лімдеуінше, бұл сала жылдан жылға дамып, біршама жұмыс істеп тұрған сияқты. Ендеше, отандық мал шаруашылығының өнімдері қазақстандықтардың сұранысын қаншалықты дәрежеде қамтамасыз етеді? Бюджеттен бөлінген миллиардтаған қаржының қайтарымы қандай?

Мамандардың дерегі бойынша, елімізде тұтынылатын сүт өнімдерінің 27 пайызы ғана Қазақстанда өндіріледі екен. Қалған 73 пайыз сүтті біз шетелдерден тасимыз. Ал ет өнімдерінің 25 пайызы ға­на қазақстандық фермерлердің үлесіне тиесілі. Еліміздің етке деген сұранысының да 75 пайызын импортпен жауып отырмыз. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойын­ша, 2011 жылы еліміздегі өңделген азық-түлік та­уарларының жалпы айналымы 3 805,3 млн. АҚШ долларын құрап, 2006 жылмен салыстырғанда 184,6 пайызға өсіпті. Оның ішінде 2 835 млн. АҚШ доллары немесе 74 пайызы тағы да импорттың үлесіне тиеді екен. Ең өкініштісі, қаншама жылдардан бері күнделікті азық-түлік өнімдерін тұтынатын қазақстандықтар Ресей мен Белоруссияның мал шаруашылығын дамытуға, шетел фермерлерін гүлдендіруге үлес қосып жатыр.

Ішкі сұраныстың 20 пайызын ғана қамтамасыз ететін мал шаруашылығын толыққанды сала деп айтуға да ауыз барар емес. Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігінің кілті тұтастай жаттың қолына көшкен. Желге ұшып кетпесе, жыл сайын бюджеттен бөлінетін миллиардтаған қаржының да тиімділігін көретін уақыт жетті ғой. Айналып келгенде, кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан оңды-солды құйып жатқан қаржы да салық түрінде алынған қарапайым халықтың несібесі емес пе? Қарапайым тұтынушы тым болмаса сол несібесінің игілігін дастарқан мәзіріндегі отандық өнімдерден көргісі келеді. Ал біздегі жағдай «баяғы жартас – бір жартас». Нарықтық қатынастар қалыптасқан кезеңнен бергі уақытта базарлар мен дүкендердің сөрелеріндегі самсаған азық-түлік тауарларының жылтыраған қа­ғаздарының өзі шекара асып, жат жерден жеткен жартылай фабрикаттар екенін айғақтайды. Химиялық қоспасы көп бұл өнімдердің адам ағзасына келтіріп жатқан кесірі келешек таразысында.

Мал шаруашылығының қайтарымы құлдырап, атакәсіптің қадірі қашуының тағы бір себебі, осы бір стратегиялық са­ланың маңызын түсініп, шынайы жұмыс жүргізетін нағыз майталман мамандардың жоқтығынан болып отыр. Жеңіл ақшаның жайын жақсы білетін «жаңа қазақтардың» жаппай араласуымен мал шаруашылығына жан бітірудің қадамдары жасалып-ақ жатыр. Алайда, «қолыңнан келсе, қонышынан бастың» керімен күштеп жекешелендіру науқаны кезінде қоғамдық малды жаппай жекешелендіріп алған кешегі партия және кеңес органдарының қызметкерлері мен кеңшарлардың, ұжымшарлардың директорларынан құралған бизнесмен-фермерлер – «жаңа қазақтар» мал шаруашылығын нарық жағдайына бейімдеп, жаңаша дамытып әкете алмады. Олар оңай жолмен қолдарына келген төрт түлікке жеңіл ақша түсіретін байлық көзі ретінде ғана қарады. Мал шаруашылығы базасын нығайтуға, жем-шөп қорын қалыптастыруға қаржы салмады.

Осынау кең-байтақ далада қазақ халқы ғасырлар бойы мал шаруашылығын дамытып, көшпенділердің ұлы өркениетінің негізін қалаған болатын. Халқымыздың ұлттық болмысы, тарихи салт-дәстүрі де ықылым заманнан бергі күн көріс көзі – атакәсіп – мал шаруашылығымен қоса қалыптасып, бірге дамыды. Ежелгі қазақ елінің еркіндігі, туған жерінің кеңдігі де осы қасиетті атакәсіппен тікелей байланыс­ты. Төрт түліктің бабымен жылдың төрт мау­сымын да табиғат аясында өткізетін қазақтардан артық мал өсірудің қыры мен сырын білетін халық жоқ екендігін де көне тарих тәжірибесі дәлелдеген. Халқымыз ғасырлар бойы мал шаруашылығын дамыту жағдайын жетілдіріп отырды. Бертін келе мал бағудың көне дәуірдегі дәстүрі өзгеріп, шаруашылықты дамытудың уақытқа сай жетілген жаңа әдістері орнығып, мал жартылай жайылып бағылатын болды. Жаз айларында мал жайылымда бағылып, қыста қорада күтіп бағылатын. Қолға қарайтын мал үшін қысқа жеткілікті жем-шөп қоры дайындалды. Тіпті тебінге түсетін жылқы малын да қатты қыс айларында арнайы әзірленген жем-шөп қорымен қосымша азықтандырып отыратын. Өткен ғасырдағы Кеңес заманында қазақ мал бағудың осы әдісіне бүтіндей көшкен еді.

Бүгінгі фермерлер қазақ даласының өңірлік ерекшеліктерін, атакәсіптің бабалардан қалған осынау бай тәжірибесін ескермей, мал шаруашылығының қа­лыптасқан жүйесін бұзды. Олар барын­ша аз шығынмен мол пайда табуды күйттеді. Отарлы қой, табынды малға бір-екі малшы ғана жалдап, ферманың иесі де, зоотехнигі де, мал дәрігері де бір өзі болды. Ірі кеңшарлардағы малдәрігерлік орталықтар, зертханалар жүйесі жойылды. Мал табындарында зоотехникалық сұрыптау, ветеринарлық емдеу шаралары жүргізілмейтін болды. Шаруа қо­жалықтарының иелері «қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» дегендей, кейінгі кездегі ауа райының жылыну үрдісіне үміттеніп, қысқа қажетті жем-шөп қорын дайындауға да салғырт қарай бастады. Оған биылғы қаһарлы қыста малдары қырылып жатқан Павлодар облысындағы шаруа қожалықтарының жетесіздігі дәлел.

Павлодар облысында биылғы қыста орын алған осы оқиға қордаланған талай-талай кемшіліктің бетін ашты. Мал шаруашылығы саласын өркениетті тұрғыда дамыту мәселелері былай тұрсын, қоғамымызда төрт түлікке деген жаны ашымастық көзқарастың қалыптасқаны анық көрінді. Жергілікті әкім-қараларды қырылған малдың обал-сауабынан, өңір экономикасына тигізетін кері әсерлерінен гөрі, орынтақтарынан айрылып қалмауы, келеңсіз кемшіліктердің жоғары жаққа әшкере болмауы ерекше алаңдатса, шаруа қожалықтарының иелерін қалтасының қамы ғана қынжылтады екен. Сондықтан олар жергілікті жерде болып жатқан жағдайларды жасырып бағуда.

Қарашада қырық градус аяз қа­қап, қаңтарда жаңбыр жауған биыл­ғы қыстың сынағында шаруа қо­жа­лықтарының жағдайы сын көтермеді. Солтүстік облыстардың бірқатар ша­руашылықтарында мал шығынға ұшы­рады. Әсіресе, Павлодар облысы шаруа қожалықтарының тебіндегі жылқысы көп қырылды. Алғашқыда Кереку өңі­рінде желтоқсан және қаңтар айларында тебіндегі төрт мыңға тарта жыл­қы қырылғаны туралы хабар тарады. Ауыл шаруашылығы министрлігі ізінше бұл қауесетті жоққа шығарды. Тіпті Павлодар облысының әкімі Ерлан Арын теледидар арқылы өңірлік ашық жиналыс өткізіп, малы шығынға ұшыраған шаруа қожалықтары басшыларын жалған ақпар таратты деп айыптап, құқық қорғау органдарына олардың үстінен қылмыстық іс қозғау туралы тапсырма да берді. Әкімнің айтуынша, бұл шаруа қожалықтарының иелерінің «джип» мініп, қалада салтанат құрудан қолдары босамайтын көрінеді. Олар қысқа қажетті жем-шөп қорын дайындамайды. Малдың шығынын қасақана өсіріп, артық малды далаға тығып, мем­лекеттен өтемақы алуды ойлайды екен. Мұндай жағдай бұрын да болған көрінеді. Павлодар облысындағы мал шығынына байланысты журналистердің қойған сұрағына жауап берген Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Ма­мытбековтің сөзі де әкімнің пікірімен орайлас шықты. Оның мәлімдеуінше, Павлодар өңірінде жұттың ешқандай белгісі байқалмаған. Облыста тұтастай алғанда 250-ге тарта жылқы шығын болған. Керісінше, павлодарлық «Тұрар», «Абылайхан» атты шаруа қожалықтары иелерінің айтуынша, тек осы екі шаруа қожалығында ғана 300-ден 500-ге дейін жылқы қырылған. Павлодар облыстық статистика департаментінің директоры Дана Сұлтанованың мәлімдеуінше, тек қаңтар айында ғана облыста 150-ге тарта ірі қара, 539 бас жылқы өлім-жітімге ұшыраған. Ал енді кімге сенесіз?!.

Жалпы, біздің статистика саласының деректеріне деген сенімімізге көлеңке түс­кен. Мәселен, жақында экономика ғылымдарының докторы, профессор Ата­мұрат Шаменов «Ауылға ауқымды саясат керек» атты сұхбатында («Айқын». 9 ақпан, 2013 жыл): «Соңғы он жыл шамасында еліміздегі мал басының статистикасы жылда аз да болса өсімді көр­сетіп келе жатқан болатын. Өткен жылғы ірі қараны идентификациялау кезінде Қазақстан бойынша 1 миллион ірі қара жоқ болып шықты. Статистикалық мұндай көзбояушылық кімге керек, ол дұрыс шешім қабылдауға кедергі жасайды» деп атап көрсетті.

Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша, соңғы жылдары елімізде мал тұқымын асылдандыруға ерекше басымдық беріліп келеді. Бұл көкейкесті мақсатты жүзеге асыру үшін арнайы бағ­дарлама қабылданып, миллиардтаған қаржы бөлінді. Осы бағдарлама шеңберінде осыдан екі жылдан астам уақыт бұрын «ҚазАгро» ұлттық холдингінің бастамасымен еліміздің болашақтағы ет экспорттау әлеуетін арттыру үшін шетелдерден жаппай асыл тұқымды мал импорттау шарасы қолға алынды. Бұл бас­тамаға бұрынғы Ауыл шаруашылығы министрі, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаев бастаған ғалымдар қарсы болып, шетелдерден ұрық алу үшін селекциялық мақсатта ғана белгілі мөл­шерде мал импорттау қажеттігін айтып, ал жаппай асыл тұқымды мал импорттау бір жағынан өте қымбатқа түсетінін, екінші жағынан қауіпті жұқпалы ауру әкелуі мүмкін екендігін алға тартқан бо­латын. Қазіргі Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков өзінің «ҚазАгро» холдингінде жетекшілік жасап жүрген кезінде көтерген осы бастамасын орындауға құлшына кірісіп кетті. Жыл басында өткен Үкімет отырысында  А.Ма­­­мытбеков 2016 жылға дейін елімізге 72 мың бас мал импорттау жоспары бар екендігін, соңғы екі жылда 22 мың бас асыл тұқымды малдың орнына 30 мың бас мал жеткізілгендігін, 60 асыл тұқымды репродуктор-шаруашылықтардың құ­рыл­ғанын атап көрсетті.

Өкінішке қарай, бюджеттің мил­лиард­таған қаржысы шығындалған бұл аса жауапты шарадан да ши шықты. Министр қанша жуып-шайғанымен асыл тұқымды мал импорттау мәселесінде орын алған олқылықтар соңғы уақытта үлкен қоғамдық пікір туғызуда. Ағымдағы жылдың ақпан айында еліміздің барлық БАҚ-тары Солтүстік Қазақстан облысына Австриядан ұшақпен әкелінген малдан бұрын құлақ естіп, көз көрмеген шмаленберг вирустық ауруының шыққаны туралы дабыл қағуда. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газеті 2012 жылы мәселе көтерген болатын (қараңыз, «ҚазАгроҚаржы» – ауылды нақты қолдау». «Егемен Қазақстан», 5 желтоқсан, 2012 жыл). Осындай тақырыппен газетке берген сұхбатында «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқармасының төрағасы Ғұмар Ра­хымжанов «Қазір елімізге әкелініп жат­қан аргус және герефорт тұқымды ірі қаралар өте қымбат тұрады. Олардың әрқайсысының бағасы 5 мың доллардан асады. Ал бұл әкелінген мал асыл тұқымды деген атына лайық па? Оны әрбір шаруа өзі бағалауы керек. Кейбір алыпсатар компаниялар Еуропадан, Америкадан бір сиырды 1 мың доллар арзан бағаға сатып алып, оларды асыл тұқымды мал ретінде көрсету үшін анаболик дәрі-дәрмегімен егіп, біздің ауыл шаруашылығы субъектілеріне нағыз асыл тұқымды мал ретінде қымбат бағаға сатады. Шетелден асыл тұқымды мал сатып алуда сұмдық сорақы мысалдар шығуда», деп атап көрсетті.

Әрбір басын 5 мың АҚШ долларына сатып алып, ұшақпен тасып жатқан бұл асыл тұқымды мал Қазақстанның мал шаруашылығын қай ұшпаққа шығарады? Ең алдымен, бұл малдың бағасы мемлекет үшін аса қымбатқа түсуде. Екіншіден, қанша керемет төзімді болса да бұл мал жергілікті жағдайға бейімделіп кете ала ма? Тіпті Батыс елдерінің ылғалға бөккен көкмайса шөбімен ауызданған малдың ішіне біздің құрғақшылыққа бейім қатқыл шөбіміз жаға ма? Қазақстанның бір өңірінен екінші өңіріне әкелінген малдың өзі қашан жерсінгенше, жүдеп-жадап біраз қиналатын еді ғой. Біздің жақтың табиғи жем-шөп қорына бейімделген күннің өзінде бұл мал ертеңгі күні экс­портқа шығаратын жоғары сапалы нағыз «мәрмәр» етті бере ме? Одан да осынау миллиардтаған қаржыны тиімді пайдалана отырып, кезінде өзіміздің аты әлемге жайылған ғалымдарымыз ашқан қазақтың ақ бас асыл тұқымды сиырларын неге көбейтпейміз. Дүние жүзінің мамандары әлдеқашан мойындағандай, қазақтың ақбас сиырларының мәрмәр еті сапасы жағынан халықаралық рынокта жоғары бағаланады.

«Қолда барда алтынның қадірі жоқ» дегендей, өзгенің қаңсығына қызығып жүріп, өзіміздің асылымыздан да айрылыппыз. Мамандардың айтуынша, қазір елімізде нағыз таза қанды қазақтың ақбас асыл тұқымды сиырлары да қалмапты. Олар кешегі өлара кезеңде мың-мыңдап Ресейге айдалып кетіпті. Қазір біз бұл асыл тұқымды сиырларды Ресейден, Та­тарстаннан тасып жатырмыз. Ақиқатын айтсақ, асыл тұқымды ақбас сиырлардай салмағы ауыр, еті сапалы мал сирек. Сондықтан, ертеңі дүдәмал шетелдің малын жерсіндіреміз деп әуре-сарсаңға түспей, сыннан өткен отандық асыл тұқымды ақбас сиырларды қайтадан қалпына келтіруіміз керек. Қазір мұхиттың арғы жағынан әкеліп жатқан сыры беймәлім сиырларға жұмсалған бюджет қаржысы ақталмай шығынға белшемізден батып қалуымыз әбден мүмкін.

Шығынға батты деген сол емес пе, күні кеше Ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринарлық қызметі Солтүстік Қазақстан облысының «Полянское» ЖШС мен «Леонов» шаруа қожалығындағы Ав­стриядан әкелінген 700-ден астам асыл тұқымды сиырларды 200-ге тарта төлімен бірге дәрі егіп өлтіріп, өртеп жіберді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты мамандары елімізге әкелінген бұл малдың Австрия жерінде жүрген кезінде жұқпалы ауруға шалдыққанын алға тартып, экспортқа шығарылатын мал­дың ауруын жасырғаны үшін сол елдің малдәрігерлік қызметін кінәлайды. Осыған байланыс­ты жұқпалы ауруға шалдығып жойылған малдың шығынын да австриялықтар өтеуге тиіс дейді. Ал министр Асылжан Мамытбеков бұл асыл тұқымды малды Австрия мемлекетінен біздің елімізге жеткізуде делдалдық көрсеткен Венгрияның компаниясын кінәлап, мал шығынын солар өтеуге міндетті дейді. Кейіннен мәлім болғанындай, іс жүзінде бұл малдың шығынынан Австрия мемлекеті де, Венгрия компаниясы да бас тартты. Амалсыз бұл шығынның да салмағы еліміздің бюджетіне түспек.

Кейбір мамандардың пікірінше, мал шаруашылығы тиімсіздігінің бас­ты себебі, оның ұсақталып кетуінде болып отырған сияқты. Мәселен, бүгінде еліміздегі барлық малдың 80 пайызына жуығы ұсақ үй шаруашылығының үлесіне тиесілі. Ал тарыдай шашыраған мұндай шаруа қожалықтарынан қандай тұрақты да сапалы өнім талап етуге болады. Сондықтан, мал шаруашылығында мал өсіретін, оның өнімдерін өңдейтін кешенді мегашаруашылықтардың үлес салмағын барынша арттыру керек. Екінші бір маңызды мәселе, мал шаруашылығы өнімдерін өндіретін кешендердің табысын арттыру үшін олардың өнімін өздері тікелей тұтынушыға жеткізу жағдайын ойластыру керек. Ол үшін жаңа уақытқа бейімделген кооперациялар құру керек. Бұл орайда кешегі Кеңес заманында тиімді жұмыс істеген тұтынушылар кооперациялары жүйесін қайтадан қалпына келтірсе артық болмайды. Ақиқатын айтқанда, талай жылғы тәжірибеден өткен ескі жүйенің бәрін төңкеріп тастау аса көрегендік емес екенін уақыт та дәлелдеді. Соңғы кезде елімізде жаппай өрістеп бара жатқан ештеңе өндірмей-ақ тек алыпсатарлықпен көтеріп алған тауарларынан 100 пайыз пайда түсіретін делдалдық жүйе бара-бара жабайы нарықтың да түбіне жетуі мүмкін. Сондықтан, бүгінде жеңіл пайда табу жолында «тәттіге қонған қара шыбындай» қаптап кеткен делдалдарға тыйым салатын уақыт жетті.

Еліміздің мал шаруашылығын бәсекеге қабілетті нарық жағдайында дамытуға кедергі болып отырған ең маңызды мә­селе – бұл саланың нағыз мамандар­мен қамтылмауында болып отыр. Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда малшы мамандығының беделі өте құлдырап кеткен. Малшылардың әлеуметтік тұрмыс жағдайы да ешбір сын көтермейді. Мал шаруашылығын дамытудағы шешуші тұлға – малшының тұрмысы Кеңес кезеңіндегі жағдайдан да төмендеп кеткен. Қысы-жазы мал со­ңында жүрген бүгінгі жалдамалы мал­шы-шопандарға бұрынғыдай автоклуб, автодүкен, жылжымалы монша сияқты әлеуметтік тұрмыстық нысандар қызмет көрсетпейді. Экономикалық зерттеу деректері көрсетіп отырғанындай, бүгінде еліміздегі ең төмен бағаланатын да, тым мардымсыз жалақы алатын да малшы қауымы болып отыр. Малшы еңбегінің тиімділігін арттырмай бұл саланың тиімділігін арттыру мүмкін емес. Ауыл-селоларда жұмыссыздық белең алып тұрған бүгінгі уақыттың өзінде мал бағатын адам табылмауының өзі көп жайды аңғартса керек. Ендеше, атакәсіптің беделін арттыру мал шаруашылығында орын алған осындай олқылықтардың орнын толтырып, бұл салаға нағыз мемлекеттік мүдде тұрғысындағы көзқарасты орнықтыру болып табылады.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».