01 Наурыз, 2013

Жаңа жүйеге көшеді

261 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Жаңа жүйеге көшеді

Жұма, 1 наурыз 2013 8:08

Газетіміздің кешегі санында Мемлекеттік басқару академиясында «Қазақстан- 2050» Стратегиясы ережелеріне сәйкес озық басқару шешімдерін қабылдау және әкімшілік реформаларды іске асыру мәселелері жөнінде халықаралық семинар өткені турасында жазылған болатын. Елді елеңдеткен әкімшілік реформа турасында арнайы шетелден білікті маман шақыртылып, дәріс тыңдалған осы маңызды шара туралы есепті оқырман назарына ұсынып отырмыз.

 

Жұма, 1 наурыз 2013 8:08

Газетіміздің кешегі санында Мемлекеттік басқару академиясында «Қазақстан- 2050» Стратегиясы ережелеріне сәйкес озық басқару шешімдерін қабылдау және әкімшілік реформаларды іске асыру мәселелері жөнінде халықаралық семинар өткені турасында жазылған болатын. Елді елеңдеткен әкімшілік реформа турасында арнайы шетелден білікті маман шақыртылып, дәріс тыңдалған осы маңызды шара туралы есепті оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Жасырып жабатын несі бар, көпшілік арасында мемлекеттік қызметшілердің қызметтеріне көңілдері толмай, осы пәтшағарлар халықтан түскен қаржыдан еңбекақы алмай ма, ендеше, неге алдарына барсаң, жүре тыңдап, шешілуі оңай шаруаның өзін қиындатып, әбден өткелектен өткізіп қинайтыны несі деген сөз жиі айтылады. Әрине, барлық мемлекеттік қызметшіге бірдей топырақ шашудан аулақпыз, алайда тапқан нанын адалымен жеп, еңбегін сатпайтын адал қызметшілер де осының арасында, қосақ арасында кетіп жатады, дегенмен, «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды», «Халық айтса, қалт айтпайды» деген де сөз бар.

Әйтеуір, мемлекеттік қыз­меттің, әкімшілік басқарудың реформаға сұранып тұрғаны айқын.

Елімізде 26 наурыздан бастап «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың күшіне енуінен жұртшылық тек жақ­сылық күтіп отыр. Бір айға жетпейтін уақытта әкімшілік басқаруға жаңалық алып келетін заң қалай жұмыс жасар екен, жергілікті өзін өзі басқаруда әкімдер сайланады екен деген әңгіме қариялар отырған жерде де айтылатын болды. Бұл заңдағы өзгерістерге халықтың көз тігіп отырғанын көрсетеді емес пе?!

Сондықтан реформаны жүзеге асыру жұмыстары алдында өткі­зіл­ген халықаралық семинарға біз­дің де қызығу­шылығымыздың тууы заңды.

Семинар жұмысын ашып, онда сөз сөйлеген Қазақстан Президенті Әкімшілігі Бас­шы­сының орынбасары Ғабидолла Әбдірахымов елімізде әкімшілік реформа жүргізу аясында бірқатар маңызды шаралар қабылданатынын атап өтті. Олар екі бағытта атқарылып, бірінші бағытта мемлекеттік қыз­мет саласы одан әрі жетіл­дірілсе, екінші бағытта өзін өзі басқару саласында маңызды қадамдар жасалмақ. Мәселен, мемлекеттік қызметшілер санатына бұрын мемлекеттік басқару жүйесінде болмаған «А» корпусы қосылады. Оған министрліктердегі қазіргі жұмыс жасап жатқан жауапты хатшылар мен комитет төрағалары, ал жергілікті басқару органдарынан аудан әкімдері кіріп, бұл корпус санаты 400 лауазымды құрап, жоғары көлемде жалақы тағайындалатын болады. Олардың барлығы арнайы тесттен өтеді, оның ішінде қуанарлығы–осы санаттағылардың бар­лы­ғының мемлекеттік тілден тест тапсыратындығы. Прези­дент Әкімшілігі Басшысы орын­басарының айтуынша, қазіргі уақытқа «А» корпусына кіретін лауазымды қызметкерлерге арналған тест бағдарламасы жасалған. Оны Мемлекеттік қызмет істері агенттігі дайындап та қойыпты. Ал «А» корпусына өтуге үміткер тест тапсырғаннан кейін Ұлттық кадр комиссиясынан әңгімелесуден өтеді. Осыдан кейін әрбір үміткердің қандай лауазымды қызметке баратындығы шешіледі.

Жергілікті өзін өзі басқа­рудағы ендігі бір жаңалық – ауыл әкімдерінің сайлануы. Президент тапсырмасы бойынша ол осы жылдың қыркүйек айына дейін жүргізілуі тиіс. Сондықтан деген Ғабидолла Әбдірахымов сайлау тамыз айының ішінде өтуі мүмкін деп орталық органдардың бірқатар өкілеттерінің жергілікті органдардың құзыретіне өте­тінін айтты, яғни «5 мыңға жуық штаттық бірлік министр­ліктерден алынып, ауыл аппараттарын құру үшін берілетін болады», – деді ол. Қазіргі күні де ауылдық жерлерде әкімдер жұмыс істеуде. Дегенмен, олар­дың жеткілікті аппараты жоқ. Сондықтан да ауыл әкім­діктерінің аппаратын кеңейту көзделіп отыр екен, сонымен бірге, оларға біраз жауапкершілік те жүктелетіні белгілі.

Мемлекеттік қызмет істері агент­тігінің төрағасы Әлихан Байменов Ұлыбритания Бірік­кен Корольдігі Премьер-ми­нистрі Кеңсесінің Тони Блэр басқарған уақыт­тағы басшысы болған Джона­тан Пауэллге сөз берер­де тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік қызметті құруда о баста ағылшын-саксон тәжірибесі қаперге алынғанын айта келе, мейман оқитын дәрістің барлық қатысушыларға пайдасы болатынын жеткізді. Ал алқалы жиында «Мемлекеттік қызметтегі персоналды басқарудағы қазіргі заманғы үрдістер. Ұлыбритания тәжірибесі» тақырыбы бойынша мінберге көтерілген Джонатан Пауэллдің дәрісі назар аударарлықтай болып шықты.

Ал Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Әли Көмекбаев «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңды жүзеге асыру» және «А» корпусын құру жөнінде сөз сөйлеп, елдегі мемлекеттік қызмет сапасын жақ­сарту төңірегінде әңгіме өрбітті.

Мемлекеттік қызмет­кер­лердің дәрежесіне қарай екі корпусқа бөлінетіні туралы мәселе бұрын да көтеріліп келген еді. Мәселен, «А» корпусына басқарушы қызметкерлер топталатын болса, «Б» корпусына атқарушы, яғни орындаушы қызметкерлер жинақталмақ. Кадрларды, мем­ле­кеттік қыз­меткерлерді бұлай­ша бөлу – мем­лекеттік қызмет­керлердің қызметтік сатыда көтерілуін дұрыс жүргізуге, жалпы алғанда, мемлекеттік қызмет сапасын арттыруға жағдай жасайтын көрінеді. Бір атап өтерлігі, «А» корпусында жұмыс жасау үшін қызметкер алдымен «Б» корпусында ұзақ та қажырлы еңбек етуге тиіс. Тек содан кейін ғана оған алғашқы корпусқа өтуге мүмкіндік тумақ. Бұл – еліміздегі мемлекеттік қызмет жүйесінің жанданып және мемлекеттік қызмет сапасының жақсартылып, сондай-ақ мемлекеттік қызметке алынушыларға қойылатын та­лап­тардың жыл санап қатаң­датылып келе жатқанын көрсетсе керек.

Жиын барысында Әли Кө­мек­баев мемлекеттік қызмет саласын жандандыруға қатысты реформа жайын әңгіме өзегіне айналдырды. Бұл заңға өзге­ріс­тер наурызда енетінін бар­лық­тарыңыз білесіздер. Осы саладағы реформаға сәйкес, саяси қызметкерлердің санын азайту арқылы еліміз мемлекеттік қызметтің әлем бойынша ең озық үлгісін қалыптастыратын болады. Мемлекеттік қызмет­кердің кәсіби біліктілігі мен мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру бағы­тында жаңа заң жобасы оң өзге­рістер әкеледі деген ойдамыз, деді ол өз сөзінде. Оның сө­зіне қарағанда, жаңа заң күшіне енген сәтте мемлекеттік қызметкерлердің жаңа тізімі құрылады. Мәселен, жоғарыда айтқанымыздай, «А» корпусына қала, аудан әкімдері де еніп, оларға белгілі бір деңгейде біліктілік талаптары қойылады. Ал ауыл, кент әкімдері «Б» корпусына топтастырылмақ.

Бір айта кетерлігі, мем­лекеттік қызметкердің орны үш жағдайда – тағылымдамадан өтуге жіберіл­генде, әскери борышын өтеуге шақырылғанда, оқуға түскенде сақталып қалады екен.

Қазіргі таңда Президент Әкім­шілігінің кадрлық саясатын жүзеге асыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде бұл заң жобасының өз күшіне енуіне тыңғылықты дайындықтар жасалуда. Бұл ретте негізгі функцияларға тоқталуға болады: мәселен, «А» корпусынан үмітті қызметкерлердің жеке құжаттары мен материалдары жан-жақты қаралады. Бүгінде Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басшылығымен «А» корпусына кіретін мемлекеттік қызметкерлерге арналған тест бағдарламасы әзірленгенін жоғарыда айттық.

Сондай-ақ, Ә.Көмекбаев өзі­нің сөзінде мемлекеттік қызметке қабылданатын азаматтың тәжі­ри­бесі айрықша ескерілетінін, бұл оның жоғары лауазымды қыз­метке көтерілуіне белгілі бір дәрежеде ықпал ететінін де тілге тиек етті. Бұл ретте, оларға қойылар талап та сәйкесінше күшейтілетін болады. Бір сөзбен айтқанда, елімізде жасалып жатқан мұндай өзгерістер, яғни жаңа реформалардың барлығы мемлекеттік қызметтің, әкімшілік басқарудың сапасын арттыруды көздейді, деді ол.

Бұдан кейінгі кезекте «Жер­гілікті ауыл әкімдерін сайлауды ұйымдастыру» мәселесі бойынша Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Владимир Фоос сөз алып, жергілікті өзін өзі басқаруға енгізілген өзгерістердің бірі – ауыл әкімдерін сайлау төңі­ре­гінде жиналғандарға ақпа­рат берді. Оның айтуынша, жергілікті жерлерде ауыл әкімдерін сайлаудың жүйесі жан-жақты әзірленген. «Биыл­ғы жылдың тамыз айында өткізу көзделіп отырған ша­ра­ға дайындық басталып кетті. Оларға қойылар талап та күшей­тілді. Мәселен, ауыл әкіміне үміткер азаматтарға қойылар талаптар жаңартылды. Солардың бірі – үміткерлердің барлығы да жоғары білімді азаматтар болуы тиіс», – деді В. Фоос.

Жиын барысында мем­ле­кеттік қызмет сапасын арттыруға, әкімшілік және жергілікті өзін өзі басқару тетігін күшейтуге қатыс­ты өзге де өзекті мәселелер жан-жақты талқы таразысына түсті.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

––––––––––––––––––

Суретті түсірген

Ерлан ОМАРОВ.