Жетімін жылатпаған ел едік
Сенбі, 2 наурыз 2013 8:31
«Жетімді жылатудан қатты сақтаныңдар, өйткені, түнде адамдар ұйықтап жатқанда олардың зары жүреді, ал таң сәріде Раббысына көтеріледі де жылатушы үстінен шағым жасайды. Сонда Алла тағала жылатушының тиісті жазасын береді. Сондықтан жетімнің жылауынан мейлінше сақтаныңдар». Пайғамбар (с.ғ.с.) хадисі, міне, осылай дейді.
Сенбі, 2 наурыз 2013 8:31
«Жетімді жылатудан қатты сақтаныңдар, өйткені, түнде адамдар ұйықтап жатқанда олардың зары жүреді, ал таң сәріде Раббысына көтеріледі де жылатушы үстінен шағым жасайды. Сонда Алла тағала жылатушының тиісті жазасын береді. Сондықтан жетімнің жылауынан мейлінше сақтаныңдар». Пайғамбар (с.ғ.с.) хадисі, міне, осылай дейді.
Бірі өмір есігін аша салысымен-ақ «тастанды» атанған, енді бірі ата-анасының аялы алақаны мен қамқорлығынсыз қалған бейкүнә сәбилердің ішкі мұң-наласы мен зарының, тіпті бір тамшы көз жасына қалудың қандай ауыр күнәға душар ететінін осыдан-ақ аңғаруға болатын шығар.
Бала – ата-ананың бауыр еті. Бауыр етінен жаралған соң «көз қуанышының» бақытты ғұмыр кешуі, толыққанды отбасында дүниеге келіп, тәрбиеленуі үшін ата-ана барын да, жанын да беруге даяр. Десек те, қоғамымыздағы бар баланың бірдей анасының аялы алақанын, жан жылуын сезінбейтіні ащы да болса шындық. Дүниеге шыр етіп келген сәбидің тірі жетімге, я болмаса тұл жетімге айналуы – бүгінгі қоғамның ауыр дерті.
Егер біз халқымыздың саны – 17 млн.-ның шамасында десек, оның 5 млн.-ға жуығын балалар құрайды екен. Ал статистикалық деректерге сүйенсек, сол 5 млн. баланың 35 мыңға жуығы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған сәби көрінеді. 2004 жылы «Патронаттық тәрбие туралы» қаулы қабылдануына байланысты, 2 мыңға тарта бала Қазақстан отбасыларында патронаттық тәрбиеге берілсе, 22 мыңға тарта бала қорғаншылық пен қамқоршылыққа алынған. Қамкөңіл балалардың 10 мың 887-сі жетім балаларға арналған 196 интернаттың қарамағында.
Әрине, жетім балалар туралы сөз қозғағанда, мұның бір парасы оларды асырап алуға, оның ішінде шетелдік азаматтардың отбасыларына берілуіне келіп тірелетіні белгілі. 1998 жылы «Неке және отбасы туралы» Заң қабылданып, 1999 жылдан бастап сәбилердің шетел асып жатқаны белгілі. Ресми дерек бойынша, сол жылдардан бері 47 мыңнан астам бала асырап алыныпты. Олардың 38 мыңнан астамын отбасыларына қазақстандық азаматтар алса, 8 мың 806-сын шетелдіктер, ал 547-сін шетелдік туыстары асырап алған көрінеді. Десек те, шетелдік азаматтардың бала асырап алуы бүгінгі күнге дейін қоғамдық ойды сан саққа жүгірткен, кейде ел ішінде наразылық туындатып, болашаққа алаң көңілмен қарауға итермелеген мәселе болғаны жасырын емес. Бұл жайт қазір де ел ертеңі үшін алаң азаматтарды толғандырып отыр.
Еліміз 2010 жылдың наурыз айында Халықаралық бала асырап алу саласындағы ынтымақтастық және балаларды қорғау конвенциясын ратификациялаған болатын. Кейін бұл конвенция басқа да заңнамалармен толыға түсті. Мәселен, 2011 жылдың желтоқсан айында Парламент «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының жаңа кодексін мақұлдаса, 2012 жылғы наурызда аталған кодекске қатысы бар 10 бірдей акт қабылданды. Осы 10 актінің 6-уы бала асырап алу үдерісімен тікелей байланысты болып табылады.
Қазақстан Халықаралық бала асырап алу саласындағы ынтымақтастық және балаларды қорғау конвенциясына қол қоя отырып, өзіне бірқатар міндеттер алғанын да естен шығармау керек. Ендігі мақсат – сол міндеттердің орындалуы. Әрине, біздің қолымызда бұл міндеттердің қандай деңгейде жүзеге асып жатқаны туралы нақты мәлімет жоқ. Десек те, сала мамандары көп жағдайда: «Біз қалай болғанда да шетелдіктердің бала асырап алуына тыйым сала алмаймыз. Олардың бала асырап алуына рұқсатымызды бере отырып, баланың құқықтарын қамтамасыз етуге мейлінше мүдделі болуымыз керек», дегенді алға тартып жатады.
Осы орайда, бүгінде мемлекет тарапынан бала асырап алуға қатысты бірқатар өзгерістердің енгізілгенін де айтуға болады. Мәселен, бұрын Қазақстан Халықаралық бала асырап алу саласындағы ынтымақтастық және балаларды қорғау конвенциясына қосылмаған және «Неке және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының кодексі қабылданбаған кезде мемлекетімізден бала асырап алу үдерісі емін-еркін, еш кедергісіз жүріп келген-тін. Бұл үдеріс қалай жүргізілді дегенге келсек, егер шетелдік отбасы Қазақстаннан бала асырап алғысы келсе, ғаламтор желісі арқылы байланысқа шығып немесе өзге де жолдарын тауып, я болмаса жергілікті органдармен байланысу арқылы баланы асырап алатын еді. Бір сөзбен айтқанда, оны тікелей бақылап отыратын орган болмаған. Ал елімізде бала асырап алуға қатысты нормативтік-құқықтық актілер қабылданғаннан кейін ондай үдерістерге шектеу қойылып, тек аккредитациядан өткен шетелдік агенттіктер арқылы ғана бала асырап алуға мүмкіндік тумақ. Мәселен, мұндай агенттіктерді тіркеу үдерісі былтырғы жылы басталып, биылғы жылдың 18 қаңтарында толықтай аяқталыпты. Осыған сәйкес, тіркеуден өтуге өз құжаттарын жіберген 60 шетелдік агенттіктің 37-сі ғана аккредитациядан өткен.
Біз осы мәселеге мүдделі бірден-бір өкілетті орған – Білім және ғылым министрлігі балалардың құқығын қорғау комитеті төрайымының орынбасары Бақыт Әлібаевамен тілдесіп, ой-пікірін тыңдаған едік. Маманның айтуынша, соңғы жылдары әлемдік заманауи тәжірибеге сәйкес, бала асырап алу мәселелерін реттеудің түбегейлі жаңа құқықтық тетігі құрылыпты. Яғни, бала асырап алу үдерісіндегі жаңашылдықтың бірі – асырап алынатын жетім балаларды есепке алудың иерархиясын, сондай-ақ, жетім балаларды асырап алуға берудің тәртібін белгілеу екен. Бұған қоса, шетелдік бала асырап алушыларды іріктеудің шарты өзгерген көрінеді. «Мәселен, бүгінде бала асырап алушылар бола алмайтын адамдар қатары көбейді. Жалғызбасты ер адамдар, тұрақты мекені жоқ азаматтар, азаматтығы жоқ тұлғалар, сотталған және нашақорлыққа, ішімдікке бейім азаматтар бала асырап алу құқығына ие бола алмайды. Сондай-ақ, біз шетелдіктердің баламен қарым-қатынас жасау уақытын екі аптадан төрт аптаға дейін арттырдық. Бала асырап алушылар мен асырап алынатын бала арасындағы жас айырмашылық он алты жастан кем емес және қырық бес жастан артық болмауы белгіленді. Ендігі кезекте біздің елімізде тіркелген шетелдік агенттіктер асырап алынған баланың хал-жағдайының қандай екендігінен хабардар ететін фото, бейне материалдарды, басқа да мәліметтерді жіберуге тиісті. Бұл агенттіктер балаға қатысты алғашқы үш жылда жылына екі рет, ал 18 жасқа келгенше жылына бір рет есеп беруі қажет», дейді комитет төрайымының орынбасары.
Әрине, бұл бала асырап алуда шетелдіктерге қойылар талаптың белгілі бір мөлшерде қатаңдатылғанын байқатса керек. Өмір болған соң, әртүрлі жағдайлар кездесіп жатады. Жетімнің бір тамшы көз жасынан қорықпай, түрлі мақсатта пайда тапқысы келетіндердің барын ешкім жоққа шығара алмайды. Конвенция мен жаңа заңда қойылған талаптар, міне, осындай келеңсіздіктердің алдын алса құба-құп. Ал ол талаптардың қаншалықты және қалай орындалатыны – екінші мәселе. Бұл орайда, әлемдік тәжірибеден де бірер мысал келтіре кетсек болады. Мәселен, Латвия мен Литвада жетімдерді тек сол мемлекеттен қоныс аударған шетелдіктердің ғана асырап алуға мүмкіндігі болса, Израиль мен Армения жетімдерді тек өз ұлтының өкілдеріне ғана беретін көрінеді. Германия мен Ирландиядағы жағдай да осыларға ұқсас екен.
Еліміздің Балалар құқығын қорғау комитеті таратқан ақпаратқа сүйенсек, 2010 жылы шетелдіктер Қазақстаннан 506 баланы асырап алса, 2011 жылы бұл көрсеткіш 130 баланы құраған екен. «2011 жылы Испания азаматшасы Қазақстанның есейіп қалған апалы-сіңлілі үш қызын асырап алған болатын. Алайда, олар жарты жылдан кейін тіл кедергісінен, бәлкім, бір-бірімен дұрыс қарым-қатынастың орнамауы салдарынан болар, кері қайтарылды. 2012 жылы елімізден шетелдіктер ешқандай баланы асырап алған жоқ. Ал биылғы жылы бала асырап алуға ниет білдірген Испания мен Канада азаматтарынан құжаттар келіп түсті», дейді сала маманы.
Комитет өкілі сондай-ақ бүгінгі таңда еліміздегі балалар үйі санының жыл өткен сайын азайып келе жатқанын да тілге тиек етті. Мәселен, 2009 жылы 213 балалар үйі тіркелсе, қазіргі таңда олардың саны 196-ны құрайды екен. «90-шы жылдармен салыстырайын: ол кезде елімізде 93 мыңнан астам жетім мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған бала болса, бүгінгі күні ол көрсеткіш 34 мың 785-ке төмендеген. Мұны халықтың әлеуметтік жағдайының көтерілгендігімен, қолайсыз отбасылармен әртүрлі іс-шаралардың, ақпараттық жұмыстардың жүргізілуімен байланыстыруға болатын шығар. Екіншіден, жетім балалардың азаюына патронаттық тәрбиенің де көп көмегі тиді. 2011 жылдан бастап патронаттық тәрбиеге алынған 2 мыңнан астам балаға мемлекет тарапынан жәрдем көрсетіліп, 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жалақы төленіп келеді», дейді Бақыт Оразалықызы.
Сала маманының сөзінен аңғарғанымыз: Балалар құқығын қорғау комитетінің назарында тұрған мәселелердің бірі – жетімдерді баспанамен қамтамасыз ету екен. Себебі, 18 жасында жетімдер үйінен шыққан бойжеткен мен бозбала өз тағдырын жасөспірімдер үйімен байланыстырады. Егер, елімізде 34 жасөспірімдер үйі болса, оларда 1 мың 300-ден астам бала тәрбиеленіп жатқан көрінеді. Ал, Қарағанды мен Алматы қалаларында орналасқан жастар үйлерінде 23 пен 29 жасқа дейінгі жастардың тұруына рұқсат берілген. Десек те, бүгінгі таңда 12 мыңға жуық бала баспанаға мұқтаж екен.
Тағы бір атап көрсететін жайт – аталған комитеттің «Бала асырап алу» деген сайтының көмегімен былтыр 50 жетім бала отандық отбасыға орналастырылыпты. Ал 1 мың 871 адам бала асырап алуға кезекте тұрған көрінеді. «Көп жағдайда отандық азаматтар өзіне сәл де болса ұқсайтын, денсаулығында ешқандай да кінәраты жоқ сәбилерді асырап алғысы келеді. Ал жетімдер үйіндегі балалардың 80 пайызынан астамы аурушаң балалар ғой. Екіншіден, бала асырап алатын жандардың көбісінің тұрмыс-жағдайы орташа. Бала асырап алатын ауқатты азаматтар жалпы көрсеткіштің небәрі 5 пайызын ғана құрайды», дейді сала маманы бізбен әңгімесінде.
Әрине, әрбір бөбектің өз ата-анасының жүрек жылуы мен аялы алақанын сезініп өскеніне, ал жетім балалардың отандық отбасыларда тәрбиеленгеніне не жетсін?! Бұл еліміздің демографиялық ахуалының сәл де болса жақсаруы үшін де, ең бастысы, өкініп әрі опынып қалмауымыз үшін де аса қажет. Қазақ халқы қашанда жетімін жылатпағанын, жатқа бермегенін, олардың тағдырына бей-жай қарамағанын ескерсек, қаракөз сәбилердің шетел аспай, өз топырағында тәрбиеленуі – елдігімізге сын емес пе?!
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».