02 Наурыз, 2013

Мәңгілік Ел формуласы

632 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мәңгілік Ел формуласы

Сенбі, 2 наурыз 2013 9:07

Алдыңғы жылы ел мерейін үстем еткен Қазақстан Тәуелсіздігінің жиырма жылдық мерейтойының ең бір шарықтау шегі төрткүл дүниеге қазақ атын танытқан асқақ Астанада ашылған «Мәңгілік Ел» салтанат аркасы болғаны баршамыздың есімізде. Мәңгілік ел болу – мың өліп, мың тірілген қазақ халқының асқақ арманы. Арада бір жыл өткенде сол арман асқарын бағындырудың бас бағдарламасы жасалып, жер жаһанға жария етілуі санамен ойлап білген кісі көңіліне зор қуаныш әрі үлкен мақтаныш сезімін ұялатады. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауымен тұтас танысқаннан кейін түйген ой осы болды.

 

Сенбі, 2 наурыз 2013 9:07

Алдыңғы жылы ел мерейін үстем еткен Қазақстан Тәуелсіздігінің жиырма жылдық мерейтойының ең бір шарықтау шегі төрткүл дүниеге қазақ атын танытқан асқақ Астанада ашылған «Мәңгілік Ел» салтанат аркасы болғаны баршамыздың есімізде. Мәңгілік ел болу – мың өліп, мың тірілген қазақ халқының асқақ арманы. Арада бір жыл өткенде сол арман асқарын бағындырудың бас бағдарламасы жасалып, жер жаһанға жария етілуі санамен ойлап білген кісі көңіліне зор қуаныш әрі үлкен мақтаныш сезімін ұялатады. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауымен тұтас танысқаннан кейін түйген ой осы болды.

Тарихи Жолдаудың көптің көңіл төрінен орын иемденуінің, меніңше, екі түрлі негізі бар. Біріншіден, алдыңғы Жолдаулардан айырмашылығы – Ел Тәуелсіздігі мерейлі мерекесіне арналған салтанатты жиында жария етілуі жұрт қуанышын еселей түсті. Екіншіден, Елбасының өз сөзімен айтқанда, «2030-Стратегиясының мерзімінен бұрын орындауға қол жеткен параметрлерінің қорытындыларын шығару үлкен абырой» болғаны ел мерейін тасытты: «Ел 20 жыл бойы егемендігіміз бен саяси салмағымызды нығайтуға жұмыс істеді. 20 жыл өткен соң бұл мақсатқа қол жетті. Қалыптасу кезеңі табысты аяқталды. Біздің алдымызда Қазақстанның тұтас­тығын сақтай отырып дамыту міндеті тұрды. Біз жоспарлағаннан да асыра орындадық, – деп қорытынды жасаған Елбасы сөзін нақты деректермен дәйектеп берді. – Тұңғыш рет тарихта біздің мемлекетіміз халықаралық дәрежеде танылған нақты шекарасын белгіледі. 14 мың шақырым мемлекеттік шекара межеленді. Жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім 1998 жылғы 1500 доллардан 2012 жылы 12 мың долларға жетіп, 7 еседен астам өсті. Соңғы 15 жылда халықтың саны 14 миллионнан 17 миллион адамға дейін өсті. Соңғы бес жылда ана өлімі шамамен 3 есе азайды, бала туу көрсеткіші бір жарым есе өсті. Өмір сүру ұзақтығы 70 жасқа дейін ұлғайды. 2012 жылдың қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнімнің көлемі жағынан біз әлемнің 50 ірі экономикасының қатарына кіреміз».

Бұл Елбасы тілге тиек еткен негізгі нәтижелердің бір парасы ғана. Ал санамалай берсек, оның қатары еселене береріне ешкімнің күмәні тумасы анық. Сарыарқа төрінде күн санап көркейіп өсіп, Алаш атын әлемге паш еткен асқақ Астананың өзі неге тұрады!

Сонымен, Қазақстанның 2050 жыл­ға дейінгі жаңа саяси бағыты бағ­дарлануының бір себебі «Қазақ­стан-2030» Стратегиясының орындалуы­мен байланысты екеніне көз жеткендей болды. «Қазақстан-2050» Стратегиясы – «Қазақстан-2030» Стратегиясының жаңа кезеңдегі үйлесімді дамуы. Осыған орай, ұлттың 2050 жылға дейінгі жаңа саяси бағытының жобасын ұсынамын», – дейді Елбасы бұл жөнінде.

«Мықты мемлекет күнкөріс саясатымен емес, жоспарлау саясатымен, ұзақ мерзімді дамумен және эко­но­микалық өсумен айналысады». Жолдауда күллі әлемге паш етілген осы тұжырым – «Қазақстан-2050» Стратегиясын қабылдаудағы екінші себеп екені еш талас туғызбайды.

Ал үшінші себепті Елбасы: «2050 жыл – жай бейнелі дата емес. Бұл бүгінде әлемдік қауымдастық бағдар ұстап отырған нақты мерзім. Біріккен Ұлттар Ұйымында 2050 жылға дейінгі өркениеттер дамуының жаhандық болжамы әзірленді. 2050 жылға дейінгі болжамдық баяндаманы Дүниежүзілік азық-түлік ұйымы жариялады. Қытай өзі үшін дәл осындай стратегиялық жос­парлау көкжиегін айқындап алды», – деп қарастырады Жолдауда.

Қазақстан дамуының, бүгінгі жеткен жетістіктеріміздің ең негізгі кілті еліміздегі тұрақтылық пен татулықта екенін Елбасы егемендігіміздің елең-алаңынан бері талмай айтумен келеді. «Бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады. Бұл тарих заңы. Сондықтан қазақтардың бірлігі – елдігіміздің кілті, ең басты мәселесі. Қазақты ешуақта сырттан жау алған емес. Қазақ әлсіресе, алауыздықтан әлсіреген, күшейсе, бірліктен күшейген. Үйдің берекесі қабырғасының қиюымен емес, теңінің жиюымен, отбасындағы сыйластықпен, татулықпен кіреді. Мемлекет те солай.

Үдеудің сыры – бірлікте,

Жүдеудің сыры – алауыздықта.

Бабаларымыз тірі болу үшін бір болса, біз әрдайым ірі болу үшін бір болуымыз керек», – деген жолдарды тебіренбей оқу мүмкін емес. Бұдан артық қалай айтуға болады?!

Әңгіме ауаны тарихи Жолдаудың идеологиялық мығымдығына қарай ойысқандықтан, ойымызды шегіне дейін шегелей жеткізуді жөн көрдік. Біздіңше, «2050 Стратегиясының» алдыңғы «2030 Стратегиясынан» бас­ты айырмашылығы да, артықшылығы да осында. Оның табиғи заңдылығы да жоқ емес. Бұдан 15 жыл бұрын тәй-тәй басқан Тәуелсіз Қазақстанның экономикалық қуаты тым әлсіз болатын. Ел алдында халықтың әл-ауқатын көтеру міндеті тұрды. Сондықтан бірінші орынға экономикалық мүдде шықты. Идеологиялық мәселелер кейінге шегерілді. Қазіргі Қазақстан жағдайы мүлде бөлек. Ел экономикасы қарқынды дамып, халқымыздың тұрмысы көш ілгері түзелді. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Бірақ тек материалдық байлық адамдарды бақытты ете алмайтынын өмір көрсетіп берді. Ендігі жетіспейтіні – рухани байлық. «2050 Стратегиясы» осы олқылықтың орнын толтыру жолын айқындауымен де аса бағалы. Жолдаудың «Ұлттық интеллигенцияның рөлі» атты бөлімінде Елбасының: «Біз мемлекеттігіміздің рухани мәселелер экономикалық, материалдық мәселелерден ешбір кем бағаланбайтын даму кезеңіне келіп отырмыз», деп тұжырым жасауы – сөзіміздің жаны бар екенінің нақты дәлелі.

Осы орайда, Жолдауда ұлт зиялыларына айрықша маңыз беріліп, ерен жауапкершілік жүгін арқалатып отырғаны да көңіл төрінен орын иемденгенін жасырғымыз келмейді. Өйткені, Елбасы дәл айтқандай, «Рухани дамуда негізгі рөлге әрқашан интеллигенция ие». Сондықтан да «интеллегенция қалыптасқан мемлекет кезеңінде жалпыұлттық құндылықтар жасауда алдыңғы қатарлы күш болуы керек».

Жалпыұлттық құндылықтар дегенде, ең алдымен, ұлт зиялыларының көңілін мемлекеттік тіл мәртебесіне ие ана тіліміздің жадау жағдайы алаңдататынын еш жасыра алмаймыз. Жолдауда бұл мәселе бойынша да көңілге медет боларлық бағыт-бағдар айқындалып, нақты тапсырмалардың берілуі жанымызға жаққанын айтуға тиістіміз.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келгенде, Алаш көсемсөзін зерттеуші ретінде Алаш идеясы мен Елбасы Жолдауы арасындағы тарихи сабақтастыққа көз жеткізгендей болдым. Ол – қазақ жұртын Мәңгілік Ел ету идеясы. «Біз болашаққа көз тігіп, тәуелсіз елімізді «Мәңгілік Ел» етуді мұрат қылдық. «Қазақстан-2050» Стратегиясы осынау мәңгілік жолдағы буындар бірлігінің, ұрпақтар сабақтастығының көрінісі. Тәуелсіз елді өз қолымен құрған буыннан басталған ұлы істерді кейінгі ұрпақтың лайықты жалғастыратынына кәміл сенемін. Бабаларымыздың ерлігі, бүгінгі буынның ерен істері және жас ұрпақтың жасампаздығы арасында сабақтастық болса ғана біз Мәңгілік Ел боламыз.

Мен ХХІ ғасыр Қазақстанның «алтын ғасыры» боларына сенемін. Қазақстан халқы ұлы тарихтың иесі атануға лайық.

Аңсарлы азаттығымыз бен тәу етер тәуелсіздігіміз баянды болсын! Мәңгілік Ел болу жолындағы ұлы істеріміз жаңа дәуірлерге жол ашсын!» – деп, тарихи Жолдауы арқылы төрткүл дүниеге паш еткен Елбасы тұжырымы соның айқын айғағы.

Қайрат САҚ,

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық

университеті журналистика және саясаттану

факультетінің деканы, алаштанушы ғалым.