Қазақстан • 02 Қыркүйек, 2019

Қорықшы қаза тапқан қылмыстық іс қайта тергеледі

327 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Табиғат қорғау инспекторы Ерлан Нұрғалиевтің өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алдын ала тыңдалым өтті. Нәтижесінде іс жан-жақты зерттелмегендіктен және дәлелдер жеткіліксіз болғандықтан, қайта тергеуге жіберілді.

Қорықшы қаза тапқан  қылмыстық іс қайта тергеледі

Айыптау актісіне сәйкес, айып­та­лу­шылардың үшеуі – Берік Ахметов, Қайрат Ақшанов және Нұрлан Шүкіл­ді­ков «Охотзоопром» инспекторы Ерлан Нұрғалиевті өлтірді және оның әріптесі Петр Ницыкқа қастандық жасады, ақбөкендерді заңсыз аулады деп айып­талуда. Ал олардың серіктестері – Берден Базаров, Батырбек Қайырбеков, Жарасхан Мырзабаев және Айдос Әкі­мов­­ке тек заңсыз аң аулағаны үшін айып тағылып отыр.

Алдын ала тыңдалым барысында жәбірленушілер мен сотталушылардың өкілдері сотқа дейінгі тергеу үстірт жүргізілді деп санайтындарын айтып, қылмыстық істі прокурорға қайтаруды сұрады.

Сотта марқұм қорықшының ұлы Медет Нұрғалиевтің және инспектор Петр Ницыктың сөзін сөйлеген адвокат Алмат Қасқырбай қастандық жасағандардың қатарына кірмеген төрт айыпталушының ісін қайта қарау­ды сұрады. Адвокаттың айтуынша, бұл төртеу Қылмыстық кодекстің 432, 434-баптары бойынша аса ауыр қылмысты жасырғаны үшін және дер кезін­де қылмысты жария етпегені үшін айыпталуы керек. Олардың бұл кінә­­лары бұлтартпас фактілермен ай­ғақ­­талған. Біріншіден, олар қылмыс орнында оқиғаға куә. Одан кейін бәрі бірге бір үйде түнеген және поли­ция­ға жағдай туралы хабарлауға мүм­кін­діктері болды.

Қорғаушының сөзін марқұмның досы және оның ұлының заңды өкілі Ғалымжан Тәуекелов те құптады. Ол егер әлгі төртеу дер кезінде поли­ция­­ға жүгінгенде, қорықшы Ерлан Нұр­ға­лиевтің өмірін сақтап қалуға бо­ла­тын еді деген өкінішін білдірді. Жәбірленуші тарап бұл адамдардың әрекет­теріне де ауыр жаза қарастырылу керек екендігін мәлімдеді.

Сонымен қатар сотталушы тарап­тың авдокаттары да қылмыстық істі прокурорға қайтарып, тергеуді қайта жүр­гізуді сұрады. Адам өлімімен айып­та­лушылардың бірі Қ.Ақшановтың қорғаушысы тергеу органының айыптау актісінде қылмыс орнының толық мәліметтерін көрсетпегенін және заң­сыз аң аулау салдарынан келтірілген залалдың мөлшерімен келіспейтінін айтты.

«Бір топ адам қасақана адам өлтірді» деп айыпталған сотталушылардың қор­ғаушылары қылмыстық бапты қайта квалификациялауды талап етті. Олар­дың айтуынша, күдіктілер абайсызда өлімге әкеп соқтырған дене жара­қа­тын келтірген. Себебі қорықшы Ерлан Нұр­ға­лиев оқиға орнында қаза тап­паған, ауруханаға жеткізгенде тірі болған.

Бұған қоса адвокаттар поли­цей­лердің аңшылардың киікті атқан­да­рын дәлелдей алмағанын айтты. «Охот­зо­опром» инспекторлары даладан атылған 17 жануарды тауып, олардың зала­лын 45 млн теңге деп есептеді. Бірақ қорғаушылар бұл сома асыра сілтелген, залалдың шын мәніндегі сомасы 17 млн теңгеден сәл асады деген пікірлерін жеткізді. Сотталушы Қ.Ақшановтың қорғаушысының өтінішін Б.Ахметов пен Н.Шүкілдіковтің адвокаттары қолдап отыр.

Алдын ала тыңдалымнан соң Қа­ра­­ғанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған аудан­аралық сотының судьясы Бекзат Шал­ғым­баев істі прокурорға қайтару туралы үкім шығарды. Оның пайымдауынша, іс егжей-тегжейлі зерттелмеген, қылмыстық іс баптары дұрыс қолданылмаған, тергеушілер қыл­мыс­тың қай жерде, қалай жасалғанын дәлелдейтін материалдарды айыптау актісіне енгізбеген. Айыптаулар тек екі тараптың ауызша түсініктемелеріне негізделіп жасалған. Сондықтан айыптау актісінде кереғар жауаптар жиі кездеседі. Күдіктілердің әрекеттерін саралау туралы шешімде қылмыстардың объек­тивті жағы сипатталмаған. Сон­дай-ақ аталған қылмыстық іс бойын­ша сот өндірісінің тілі қазақ тілі деп таң­дал­ған, алайда құжаттардың бір бөлігі зардап шегуші Петр Ницык үшін орыс тіліне аударылмаған.

Бұл оқиға жыл басында тіркеліп, Қарағанды облысы Нұра ауданында киік атқан браконьерлер екі инспекторды жарақаттаған еді. Ауыр жарақаттан ес жимаған Ерлан Нұрғалиев 15 қаң­тар­да Нұр-Сұлтан қаласының №1 ауруханасында көз жұмды. Қазір қылмыстық іс бойынша жеті адам айыпталып отыр. Олар­дың үшеуі – қамауда.