Аймақтар • 02 Қыркүйек, 2019

Елордадағы жаңа мектепке Абай есімі берілді

415 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Білім күнінде Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясының ашылу рәсімі өтті. Салтанатты шараға Премьер-Министр Асқар Мамин, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Қоғамдық маңызды бастамаларды дамыту қорының басшысы Әлия Назарбаева қатысты.

Елордадағы жаңа мектепке  Абай есімі берілді

Жиында сөз алған А.Мамин алдымен барша қазақстандықты жарқын да айтулы мереке – Білім күнімен құттықтады. «Алдымыздағы оқушылар қадам басқан жаңа мектепке Абай Құнанбайұлының есімі беріліп отыр. Өздеріңіз білетіндей, келесі жылы ұлы ақынымыздың туғанына 175 жыл толады. Елбасы Н.Назарбаев сіздердің озық білім алып, заманауи технология­ларды жаппай игеріп, әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілетті, білікті маман болып қалыптасуларыңызға ерекше мән береді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тамыз кеңесінде жаңалық пен прогреске құштар ұрпақты тәрбиелеуге әзір мұғалімдерге сұраныс жоғары екенін атап өткен еді. Осы ретте Тұңғыш Президентіміздің тапсырмасымен «Педагог мәртебесі» туралы заң әзірленді», деді Премьер-Министр. Үкімет басшысының айтуынша, аталған заңда ұстаздардың жалақысын өсіруге, әлеуметтік жағдайын жақсартуға ба­ғытталған нақты шаралар көзделді. Үкімет мұғалімдердің өмір сапасын арт­тыруға, күнделікті қызметін са­па­лы атқаруына қажетті жұмыстар жүр­гізуде. «Құрметті оқушылар, мек­тептің ашылуына орай Қоғамдық маңызды бастамаларды дамыту қоры 3D модельдерді зерттеуге арналған вир­туалды ғылыми секциясы бар «жасыл технологиялар» зертханасын табыс етті. Ал «СарыарқаАвтоПром» ірі отандық зауыты әлемдік стандарттарға сай жасалған автобусты сыйлап отыр», деген А.Мамин демеушілерге алғыс айтып, оқушылар мен педагогтарға сәт­тілік тіледі.

Салтанатты шарада Президент Қ.Тоқаевқа Абай өлеңдерін оқу эстафетасын жолдаған Ләйлім Рысқали арнайы бас ақынның өлеңін оқыды. Мәнерінен әдеп пен білімге деген құштарлықтың иісі аңқитын оқушы Ләйлім эстафетаны елордадағы №87 Абай атындағы жаңа мектептен Алматыдағы бас ақынның есімі берілген білім ошағына жолдады. 

Мерекелік жиынға оқушылармен бірге ата-аналар да көптеп келген. Көп­шіліктің атынан құттықтау сөз ал­ған ана Айгүл Айымжанқызы жаңа мектеп үшін ризашылығын білдірді. «Құр­метті оқушылар, заманауи білім алу жолындағы қадамдарыңызға сәттілік тілейміз. Ал біз, ата-аналар өз тарапымыздан балаларымызға тәрбие мен білім беруде ұстаздар мен мектебімізге қолдау көрсетеміз», деді ол.

Осыдан соң алғашқы қоңырау со­ғылып, Премьер-Министр жаңа мектепті аралап көрді. Қонақтарды қарсы алған оқушылар білім ошағынан ашылған Абай мұражайы, «Абайтану», «Жасыл технологиялар» және «Вир­туалды ғылыми зертханалар» ка­би­неттерін таныстырды. Мұражай ұлы ақынның туған жері, өскен ортасы­нан танымдық ақпарат беретін «Бала Абай», өлеңдеріне негізделіп салынған карти­налар, Құнанбай заманынан сақ­талып келе жатқан тас диірмен секілді жәдігерлері бар «Ақын Абай» және ең­бектерін насихаттаумен, өнерін жал­ғастырумен айналысқандарға арнал­ған «Абайдың ақын шәкірттері» атты үш бөлімнен тұрады. Бұдан бөлек, қо­нақ­тар қор жабдықтаған виртуалды ғылыми зертханада болып, заманауи технология­лармен жұмыс істеп көрді. Сонымен қатар Үкімет мүшелеріне мек­тептің кең асханасы таныстырылды.

900 орынға лайықталған мектеп гуманитарлық бағытта жұмыс істейді, сондай-ақ балаларға мемлекеттік тілде білім береді. Ондағы оқу кабинеттерінің саны – 36. Білім ошағына 1026 бала қабылданған, оның ішінде 153 оқушы алғаш рет мектеп партасына отырды. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жаңа мектептің бірнеше проблеманы шешіп отырғанын жеткізді. «Осы мектептің балалары бұған дейін үш ауысыммен оқитын. Сондықтан бұл білім ошағы бас қаладағы үш ауысыммен жұмыс істеген екі мектептің мәселесін шешіп отыр. Әрі қазақтың ұлы тұлғасы Абай есімінің берілуі ұстаздар мен оқу­шыларға жауапкершілік жүктейді. Елі­міздегі әрбір облыс орталығында бас ақын атындағы мектептің болуын қолға алып отырмыз», деді министр.