Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауының мазмұнына ақпараттық кеңістікті талдау негіз болғандай. Яғни, бұқаралық ақпарат құралдарында көтерілген проблемалардың бірқатары көрініс тапты деп ойлаймын. Президент сол проблемаларға Жолдау аясында жауап берді.
Зейнетақы жүйесіне, экономикалық өсімге, саяси жаңғыруға және басқаларына қатысты маңызды мәселелердің барлығы қамтылды. Мәселен, 5 пайыз көлеміндегі қосымша зейнетақы төлемі тақырыбы қоғамда қызу талқыланғаны белгілі. Қ.Тоқаевтың Жолдауында оны төлейтін кәсіпкерлер тарапының да, халықтың да мүддесі ескерілді. Екі тарап та өздеріне қажетті жауап алды. Әлеуметтік төлемдерге қатысты тұрғындарды алаңдатқан жайттар, агроөнеркәсіп кешеніндегі проблемалар, мемқызметтің тиімділігі сынды мәселелердің барлығы жауапсыз қалған жоқ.
Мен саяси жүйені дамытуды атап өткім келеді. Президент экономиканы дамытуды саяси жүйені жаңғыртудан бөлек жүргізу мүмкін еместігіне ерекше тоқталды. Парламент міндетті түрде көппартиялы болу керек деген пікірді қолдайтынын білдірді. Митинг туралы заңнаманы жетілдіру, азаматтардың өз ойын еркін білдіруіне мүмкіндік беру, балама сындарлы саяси көзқарастардың болуы сынды мәселелердің айтылғаны өте дұрыс болды деп есептеймін.
Қазіргі таңда билік тым ауқымды дүниелерден бұрын, тұрғындардың қажеттілігіне жедел назар аударуға басымдық беретіні байқалды. Басымдықтар айқындалды, ендігі мәселе – Президент көтерген бастамаларды, жүктеген міндеттерді жүзеге асыру. Меніңше, билік органдарындағы біраз шенеуніктің жұмыс стилін өзгертуіне, жағдайға бейімделуіне тура келеді. Әрине бұл еліміздегі ахуалдың жақсы жағына өзгеруіне әсер етеді.
Президент Жолдауы өте ауқымды, көптеген мәселені қамтыған ауқымды құжат. Мемлекет басшысы айтқан тапсырмалардың, қолға алынатын жұмыстардың әрқайсысын жүзеге асыруға уақыт керек. Айталық, митингке рұқсат беруге қатысты жұмыстар бірнеше аптада шешілуі мүмкін. Ал зейнетақы жүйесін оңтайландыруға одан көбірек, бәлкім жарты жылдай уақыт керек болар. Мемлекеттік қызмет саласы, әкімдердің рейтингтерін анықтау, жұмыстарын бағалау сынды жұмыстарды жүзеге асыруға бірнеше жыл кетуі мүмкін. Әрине мен барлығын шартты түрде айтып отырмын. Қалай болғанда да, Жолдау мазмұнындағы мәселелер сатылап іске асырылатын болады.
Ғазиз ӘБІШЕВ,
саясаттанушы