Қоғам • 03 Қыркүйек, 2019

Қосымша кәсіп меңгеруге мүмкіндік

333 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Қосымша кәсіп меңгеруге мүмкіндік

«Атамекен» ҰКП Алматы қала­сында қосымша мамандықтарды игеру бойынша тегін курстар оқыта бастады. Қысқа мерзімді оқыту нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкер­лікті дамыту бағдарламасы шеңберінде ұйымдастырылғандықтан білім алушылар үшін оқу ақысы тегін әрі шәкіртақы қарастырылған.

Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстары жұмыс іздеп жүрген әрі жұмыссыз азаматтар үшін тиімді. Бір айдан бастап алты ай мерзімге созылатын оқыту курстарына Алматы қаласының жұмыспен қамту, сондай-ақ «Атамекен қолдау орталығы» мобильді орталығында жазылуға болады. Қазір 85 оқу орталығы ашылған. Талапкерлер үшін қырыққа жуық мамандықтың бірін таңдау мүмкіндігі бар.

Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының Адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Вера Цзин атап өткендей, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту кәсіпорындар базасында ұйымдастырылады. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының алғашқы бағыты бойынша биыл «Атамекен» ҰКП білім беру ұйымдарының тізіміне қосымша 65 білім беру ұйымы енген. Осы бағытта соңғы екі жылда 20-ға жуық оқу орталығы ашылса, қазіргі кезде олардың қатарында 85 білім беру ұйымы, оның ішінде 53 кәсіпорын мен қауымдастық, 10 дербес орталық пен 22 колледж бар.

АЛМАТЫ