Қоғам • 04 Қыркүйек, 2019

«...Жазасыз жан өлді деп ойлай ма екен?»

762 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алла тағала қазақтың иелігіне асты мен үсті байлыққа толы кең-байтақ жерді нәсіп еткені көңіл марқайтпай қоймайды. Алайда осынау Ұлы даламыздың, оның қойнауындағы ризық-несібеміздің қадірін біліп, оны құныттап пайдалану, жанын сала қорғау жағынан келгенде әттеген-ай дейтін тұстарымыз көп-ақ...

«...Жазасыз  жан өлді деп ойлай ма екен?»

Бүгінгі қоғамымызда кеңінен талқыла­нып жүрген тақырыптардың бірі – қоршаған ортаны қорғау мәселесі. Соның ішінде, әсіресе жануарлар әлеміне қатысты түйткілді жайттар табиғатқа шынайы жаны ашитын, обал-сауаптың не екенін терең түсінетін жамағатты аз толғандырып жүрген жоқ.

Басқасын былай қойғанда, Үкіметтің арнайы қаулысымен аулауға тыйым салынған, «Қызыл кітапқа» енген ақбөкен (киік) тө­ңі­регіндегі түрлі келеңсіз оқиғалар то­лас­тар емес. Өкінішке қарай кейбір өңір­­лерде киіктердің қынадай қырылу жағ­дай­лары, жол талғамайтын көлігімен ой­қас­­тап, отты қаруын кезеніп, аяғын ал­шаң басқан браконьерлердің жазықсыз, қор­ғансыз жануарларға салып жатқан ылаңы халықтың жүрегіне шаншудай қадалып-ақ тұр. Әсіресе, обал-сауапқа пыс­қырып та қарамайтын, киіктің мүйізін шет­ке сатуды кәсіп еткен озбырлардың өз пай­дасы үшін адам өлтіруден де тайынбай­тынын да көрдік. Бұл сөзімізге биылғы қаңтар айында Қарағанды облысының Нұра ауданында «Охотзоопром» БП» мекемесінің инспекторы Е.Нұрғалиевтің қызмет бабында браконьерлердің қолынан қаза табуы, инс­пектор Петр Ницыктың ауыр жарақат алуы дәлел. Бұл оқиға жануарлар дүниесін қорғау саласында түйткілді мәселелер, шешімін күт­­кен шаруалар қордаланып қалғанын көр­сет­се керек. Осы арада айта кетейік, таби­ғат­­қа зиян келтіргендерді тергеу ісінің, сот са­рап­тамаларының сапасын жақсарту да ма­ңызды.

Ұлттық құндылықтарымыздың бірі – киік­­терді өз деңгейінде қорғай алмауымыз өзімізге сын. Бүгінде елімізде ақбөкен саны күрт азайып кеткен. Бұған жаппай қырылу жағдайлары, браконьерлердің еркінсуі, олармен күрестің әлсіздігі тікелей әсер етіп отыр.

«Түлкінің қызылдығы – өзіне сор», де­мекші, киіктің мүйізінің бағалы болуы да жануардың қырылуының басты себебі болып тұр. Естуімізше, киік мүйізінен Қытайда өте қымбат дәрілер жасалады екен. Сондықтан Қытай тарапынан сұраныс бар көрінеді. Ал олардың ақшасына қызыққандар киік аулауды кәсіп етіп алған. Осы мәселеде менің бір көкем басқаша айтады: «Қытайда киіктің мүйізінен сайтан да жасалмайды, жалған әңгіме. Олар біздің экономикамызға кері әсерін тигізуді көздеп, дәрі жасаймыз деген желеумен қазақтың тегін азығы, жемшөп сұрамайтын, өз бетінше өсіп-өнетін киіктерді қыруды мақсат етуде. Ал жат жұрттың тиын-тебеніне қызыққан әрі құныққан біздің тоң­мойындар мұны түсінбей, өз байлығын рәсуалауда...».

Тұмса табиғат бүгінгідей бүліне қоймаған заманның өзінде қазақ баласы табиғатқа, жерінің аң-құсына жанашырлықпен қара­ған. Мәселен, Алаштың ардақтысы Сәкен Сейфуллин өзінің «Ақсақ киік» атты өлеңінде:

«...Азайды соңғы кезде байғұс бөкен,

Мың-мыңнан баяғыда өреді екен.

Бұл күнде келе жатқан жолаушыға,

Кез келеді анда-санда саяқ некен...», деп жырлаған. Бұл осыдан бір ғасырға жуық уақыт бұрын жазылған өлең. Қазіргідей отты қару, жүйткіген машина жоқ сол кездің өзінде «Азайды соңғы кезде байғұс бөкен», деп торыққан ақын қазіргі жағдайды көрсе қандай күйге түсер екен?!

Сәкен ақын адамның баласынан кем көрмеген ақбөкенді аулауды кәсіп еткен браконьерлердің жазадан оңай құтылып кететінін жиі естиміз. Мәселен, соңғы деректерге қарағанда, кейінгі үш-төрт жыл көлемінде 3 мыңға жуық киік атылыпты. Ал 800-ден астам күдікті ұсталған болса, олардың 17-сі ғана бас бостандығынан айырылған, 158-інің бас бостандығы шектелген. Қалғаны қайда?.. Олар заңнан үстем бе?

Келтірілген деректер бойынша, браконьерлерге қатысты қозғалған қылмыстық істердің басым бөлігі нақты айғақтар жоқ деген сылтаумен сотқа жетпей, қысқартылып кетеді екен. Міне, осылайша жазадан құтылып кеткендер қайтадан «кәсібін» жалғастыра береді. Бұл браконьерлермен күресті нәтижесіз ететін жайт. Сонымен қатар браконьерлерді ұстағанда оларды жеңіл айыппұлмен босатып жібере салмай, астындағы көлігін де тәркілесе талай аңшысымақтар тыйылар еді.

Сөзімізді ақиық ақын С.Сейфуллиннің ешкімді бейжай қалдыра қоймас сұраулы өлең жолдарымен аяқтасақ:

«...Бөкенді атып мерген өлтіргенде,

Жазасыз жан өлді деп ойлай ма екен?»...