Қобыраған қолма-қол ақшадан арылар шақ
Жұма, 29 наурыз 2013 1:09
POS-терминал туралы не білеміз?
Сауда саласына жаңа әдіс-тәсіл, жаңа леп келгелі қашан. Көбіміз оны күйбең тірліктің көлегейінен көре де бермейміз. Айтпағымыз – елдегі заманалық ірі сауда орындарындағы есеп айырушының төлем терминалы (POS-терминал). Мәселен, елордасы Астананың өзіндегі үлкен сауда үйлерінің бес-алтауында ғана төлем терминалдары бар. Олар көпшілікке белгілі – «Metro», «Magnym», «Paмстор», «ГРИИН», «Керуен» сынды сауда орындары.
Жұма, 29 наурыз 2013 1:09
POS-терминал туралы не білеміз?
Сауда саласына жаңа әдіс-тәсіл, жаңа леп келгелі қашан. Көбіміз оны күйбең тірліктің көлегейінен көре де бермейміз. Айтпағымыз – елдегі заманалық ірі сауда орындарындағы есеп айырушының төлем терминалы (POS-терминал). Мәселен, елордасы Астананың өзіндегі үлкен сауда үйлерінің бес-алтауында ғана төлем терминалдары бар. Олар көпшілікке белгілі – «Metro», «Magnym», «Paмстор», «ГРИИН», «Керуен» сынды сауда орындары.
Шындығына келсек, бүгінгі таңда ең қымбат тауар уақыт болып қалды. Тұтынушының уақытын үнемдеп, қолайлы жағдай жасау үшін сауда орындарында кассалық аппараттарды төлем терминалдары біртіндеп ығыстырып шығарып барады. Өйткені төлем терминалы есеп айырысу бойынша бір сәтте бірнеше операцияны қатар атқарады. Мұнымен бірге, заманауи әмбебап аппарат тұтынушының банктік төлем кәртішкесімен де лезде есеп айырыса алады. Сондай-ақ, тұрақты тұтынушыларға түрлі пайыздық жеңілдікті де автоматты түрде жылдам жасайды.
Өткен жылдың соңына таман ел Үкіметі қалтаға буда-буда ақшаны салып жүруді мүмкіндігінше шегеріп, сауда нүктелеріне жаппай төлем терминалдарын орнатуды қалаған еді. Бұған операцияны жүзеге асыратын банктердің кейбірі дайын болмай шықты. Расында, игілігі мол бұл іске банктер ғана емес сауда орындары мен ондағы шағын кәсіпкерлер, сондай-ақ тұтынушы халықтың үлкен бөлігі де мүлдем әзір емес. Тіптен төлем терминалдарын көрмеген, білмеген, ұқпағандары да баршылық. Сондықтан жаңа жүйені жаппай қолданысқа енгізбес бұрын, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы POS-терминалдың немене екендігі мен оның толық қызмет мүмкіндігін ел-жұртқа жан-жақты таныстырып, тиімділік тұстары мен жақсы қырларын дұрыс ұқтырған құп секілді.
Дайындықсыз шара дағдарысқа шырмайды
Астанада 10 жылдан бері жұмыс істеп тұрған «Әлем» сауда орталығында негізінен жеке тұлғалар жұмыс істейді. Яғни жауапкершілігі шектеулі серіктестік былай тұрсын, олардың арасында жеке кәсіпкерлігін куәлендіргендердің өзі тым аз. Аталған сауда орталығы директорының орынбасары (аты-жөнін көрсетпеуімізді сұрады) осы жағдайға байланысты мұндағы сауда нүктелерінде төлем терминалдарын орнату әлі ерте екенін айтады. Онда тіптен, азық-түлік пен көкөніс сататындар қатар тізіліп, 1-1,5 метр жерді ғана жалға алып отыр. Расында, ол нүктелердің иелері жеке кәсіпкерлігін куәлендіргенімен, оның әрбір нүктесіне төлем терминалын орнату мүмкін емес сияқты. Директордың орынбасары осыған меңзеді.
Аталған сауда орталығының екінші қабатында негізінен киім-кешек сататын түрлі көлемдегі сауда дүңгіршектері (бутиктер) орналасқан. Дүңгіршек иелерінің дені төлем терминалы бойынша қызмет көрсету шарасы туралы мүлде білмейді де. Тек теледидар мен радиодан там-тұмдап естіген ақпараттары төлем терминалының не екенін, оны қалай пайдаланып, одан елге және оның өзіне қандай пайда келетінін терең түсініп, ұғуына аздық етіп отырғаны анық. Өркениеттің бір өрнегі саналатын төлем терминалына өту шарасын кәсіпкерлермен қатар, мұқым елге кешенді түрде дұрыс түсіндіру, нанымды насихаттау шарасын қолға алған жөн екенін тағы қайталаймыз. Әйтпесе, көрмеген, білмеген, танымаған жаңалыққа жұрттың бәрі үдере үркіп қарауы ықтимал. Негізі, тау суындай тасқынды талап, жаңалықтың жақсылығын көріп-біліп, пайдасына көзі жеткенде ғана туатынын қаперге алған дұрыс-ау.
Сонымен, біз тілдескен киім-кешек дүңгіршегінің иесі Гүлмира Мәсіғұтқызы Астанаға жақында қоныс аударып, жеке бизнесін Керекуден енді көшіріп жатыр екен. Соған орай әлі кассалық аппараты да, жеке кәсіпкерлігін куәлендіретін құжаты да жоқ. Бірақ керекті құжаттың бәрін жасап жатыр. Төлем терминалынан жалпылама түсінігі бар. Бұл жүйеден бір ұққаны, одан ел бюджетіне де, жеке кәсіпкерге де, сатып алушыға да пайда болмақ. Мұндай жүйенің заңдық негізде ғана жұмыс істейтініне нанғысы келеді. Сондықтан, төлем терминалының табиғатын түбірлі түсіндіріп, тиімділігі мен пайдасына көзін жеткізсе өз сауда орнында орнатылуына қарсы емес.
Келесі бір сауда дүңгіршегінің иесі болып табылатын Күлән Зайытқызы төлем терминалы туралы естімеген, ол туралы ештеме білмейді. Өйткені газет оқымайды, теледидар қарамайды, радио тыңдамайды (Бұл жерде жаңалықтар мен ақпараттарды айтып отырмыз). Апайымыздың жеке кәсіпкерлік куәлігі де, кассалық аппараты да бар. Бірақ сауда нашар, киім-кешек, зат алуға келушілер тым сирек. Сондықтан, апайымызды төлем терминалынан гөрі «Сауда орным жабылып, табыс көзім мүлде тоқтап қалмайды ма?» деген ой көбірек мазалайды. Шындығын айтқанда, «Артем» базарындағы сауда нүктесі жалақысының өзін жабуға жетпей жабылып қалыпты. Қазіргі 60 шаршы метрді құрайтын «Әлем» базарындағы нүктесі де сол кепті кие ме деп күйзеледі, кейуана.
Ал елордадағы «Орталық базар», «Көк», «Биік Шанхай» сынды базарлардағы ашық-шашық «жабайы» саудалар жөнінде айтпасақ та болады. Әйткенмен, Астана тұрғындарының бірқатарын базар тұтынушылары тұрғысында сөзге тарттық. Төлем терминалының мәні мен маңызы жөнінде жалпы түсінік алған олардың барлығы дерлік жаңа жүйені жатсынып, оны пайдаланудан бас тартқан жоқ. Керісінше, қалтаға буда-буда ақша салып жүргеннен көрі, банктік бір кәртішкемен төлем жасаған абзал екендігін айтты. Демек оларға төлем терминалы туралы жарнама дұрыс жетпей жатыр. Осы орайда төлем терминалдарын сауда нүктелеріне орнатқысы келетін банктер мен кәсіпкерлер өз пайдасын еселеуі үшін бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыста жұмыс істегені жөн-ау деген пайым келеді. Әйтпесе, жан-жақты дайындықсыз шара жаңа жүйені дағдарысқа шырмауы әбден ықтимал.
Жаңалықтың жақсылығын жасырмалық
Бұл сөзді «Керуен» сауда орталығындағы Galmart супермаркетінің бас администраторы Мирас Сәбитов айтты. Маманның дегеніне сенсек, құлқын сәріден түннің бір уағына дейін жеті бірдей төлем терминалында үздіксіз сауда жүретін орынның тұтынушыларының 30 пайыздан астамы алған азық-түлігіне төлемді банктік кәртішкемен жасайды екен. Елордадағы сол жағалау әкімшілік аудан болғандықтан, аталған азық-түлік супермаркетінің қызметін негізінен мемлекеттік қызметкерлер мен ұлттық компаниялардың орталық аппаратының мамандары тұтынады. Сондай-ақ, Астананың Есіл ауданы тұрғындарының дені бақуатты адамдар екені де аян. Супермаркеттің саудадағы тасының күн озған сайын өрге домалауының құпия-сыры осында-мыс.
Galmart супермаркетінің ашылғанына бар-жоғы жыл толыпты. Сонда да, әуел бастан іске қосылған төлем терминалымен жұмыс істеу қалыпты жағдайға айналып үлгерген. Терминалдарды банктер әкеліп орнатқан. Әзірше, терминалдар «Халық банкі» мен «Қазкоммерцбанктің» төлем кәртішкелеріне қызмет етеді екен. Өкінішке қарай, отандық банктердің бірқатарына хабарласып, төлем терминалдары туралы пікірлерін ала алмадық. Оған қоса, жоғарыда аты аталған сауда орталықтарының жетекші менеджер мамандары қарапайым сұрақтарға жауап беруден бас тартып, қожайынның арнайы рұқсатына қарай сілтеді. Ал қожайынды орнынан табу біздің елде қиямет-қайым екені тағы белгілі.
Төлем терминалы туралы тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – жаңалықтың жақсылығын жасырғандай болу, банк пен кәсіпкерге және тұтынушыға, яғни үш тарапқа да пайдасын емес, кесірлі зиянын тигізіп тұр десек, артық айтқандық емес. Сондықтан жаңалықтың жақсылығын жарнамалауға, ақын Мұқағали айтқандай: «Асығу керек, асығу керек, асығу…».
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».