Руханият • 04 Қыркүйек, 2019

Ұлттың тілі, ділі болған ұраны

868 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Cәрке батыр Әбілқайыр ханның сенімді серіктерінің, қаһарман батырларының бірі болған. Оның батырлығын Ресей патшалығы да мойындаған. Мәскеу мен Петербург архивтерінде Сәрке батыр­дың ерлігі туралы деректер көптеп кездеседі. Батырдың мемориалдық кешенін Ақтөбе облы­сы, Қарғалы ауданы Қос Естек ауылында орнату кездейсоқ емес, кезінде осы ауылды Сәрке батыр жайлаған.

Ұлттың тілі, ділі болған ұраны

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында биыл 7 қыркүйекте атақты Сәрке батырдың аруағына арнап құран бағышталып, іс-шара өткізілгелі отыр. Шараға қатысушылар Сәрке батырға арналған көр­мені тамашалап, театрландырылған қойылымға куә болады. Сондай-ақ Сәрке батырға арналған еңселі ескерткіштің ашылуына қатысады. Батырға арналған қазақ күресінен турнир мен айтыс та шараның абыройын асқақтата түспекші.

Сәрке батыр

Уа, қызыл тіл, кем сөйлеме, асырма,

Сәрке баба – Жағалбайлы саңлағы!

Ойран салған он сегізінші ғасырда,

Кіші жүздің қол бастаған сардары!

 

Жоңғарлардың дарымаған сан уы,

Кеудесінде сақтаған-ау кек кілтін.

Жүрегіне жанып алған қаруы,

Алмас қылыш – жанарындай өткір-тін.

 

Әбілқайыр қол бастаса қасқайып,

Бөкенбаймен үзеңгілес тұрыпты.

Жанарынан көрген емес жас тайып,

Сәрке батыр – баба биік рухты!

 

Аңырақай – жоңғар қырған шайқаста,

Сәрке, Есет, Бөкенбайдай ер жүрек,

Жеңді Рухы, басым болып айқаста,

«Күш – бірлікте» – жеңіс туы желбіреп!

Бауыр сөзі шын батырды есті етпек,

Сәрке дос қып «қайыр» деген ұғымды.

Қалмақ қуған елу мыңдай естек кеп,

Шапанының шалғайына тығылды.

 

Естектердің кейбіреуін тоқтатып,

Сұлу жерде Сәрке батыр тұрды ірі!

Алғаш түскен естектердің қонысы,

Қос Естек деп аталады бұл күні.

 

Жағалбайлы батыр  туды, асыл бақ,

Сәрке батыр – қайқы қылыш иесі.

Ұрпақтардың қона берсін ғасырлап,

Бойларына батырлықтың киесі!

 

Елдің ерін тарих әсте ұмытпас,

Ұлттың тілі, ділі болған ұраны.

Алашпенен жан-тағылымы рухтас,

Сәрке батыр – жадымызда тұрады!

 

Серік Кәкімғалиұлы САРИН