Қазақстан • 04 Қыркүйек, 2019

Президенттің қатысуымен Азия елдері қаламгерлерінің тұңғыш форумы басталды

359 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Азия елдері қаламгерлерінің  тұңғыш форумы басталды. Бұл туралы Қазақпарат тілшісі хабарлады.

Президенттің қатысуымен Азия елдері қаламгерлерінің тұңғыш форумы басталды

Азия елдері қаламгерлерінің  тұңғыш форумы Азия құрлығында орналасқан елдер арасындағы әдеби-мәдени байланыстарды нығайту, одан әрі дамыту әрі егеменді еліміздің бүгінгі кескін-келбетін, Қазақстанның әдебиетін, рухани құндылықтарын паш ету, әдеби үдерістің дамуына қатысты Азия елдерімен тәжірибе алмасу сынды мақсат-міндеттерді көздейді. Әдеби форумның жалпы отырысына Нобель сыйлығының номинанттары Оңтүстік Корея қаламгері Ко Ын, катарлық Моза аль-Мальки, моңғолиялық Гомбожавын Мэнд Ооёо, Оңтүстік Азия халықаралық сыйлығының лауреаты үндістандық Амар Митра, Әзербайжан халық жазушысы Анар Расуыл Рзаев баяндама жасайды.

Форум жұмысы 3 күнге созылады. Бүгін шараның жалпы отырысы өтіп жатыр. Екі бөлімде 11 спикер баяндама оқиды. Ертең TED.9 форматында арнайы шара өтеді. Онда 10 спикер дәріс оқып, еркін форматта сұхбаттасады. Сондай-ақ, Абай көшесінің бойында «Қаламгерлер аллеясы» ашылады. Шара аясында Орталық Азия қаламгерлерінің кездесуі өтеді. Онда Ұлы Жібек жолы бойындағы әдебиеттің болашағы туралы айтылады. Форум аясында жас Азия қаламгерлерінің кездесуі де жоспарланған.

Президент әкімшілігі мен Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауыман өтетін шара 4-6 қыркүйек күндеріне жоспарланған. Форумға сонымен қатар Букер және ASEAN сыйлықтарының лауреаттары, жазушылар одақтары мен қауымдастықтарының төрағаларынан құралған 90 қонақ келген.