Аймақтар • 04 Қыркүйек, 2019

Алматы Орта Азияның бизнес-хабына айналады

246 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президент Жолдауында тиімді шағын және орта бизнес қала мен ауылды дамытудың негізі екендігі айтылды. Әсіресе, микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады. Оның нәтижесінде тұрақты жұмыс орындары ашылып, жұмыссыздық азаяды.

Алматы Орта Азияның бизнес-хабына айналады

Мемлекет басшысы алға қойған міндеттердің дәлелі ретінде Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев кәсіпкерлердің дәстүрлі V конференциясы барысында қала қоржынына түсетін салықтың алпыс пайыздан астамы шағын және орта бизнеске тиесілі екендігін жеткізіп, өңірлік бизнесті дамытуға арналған «Almaty Business-2025» бірыңғай бағдарламасының әзірленгендігін жеткізді.

Экономикалық белсенді аймақ Алматыны дамыту бойынша қала басшылығы тарапынан қазіргі кезеңде осы бағдарлама бойынша бес бағытта жұмыстар атқарыла бастады. Қазіргі кезде бес бағыт бойынша кедергілерді жою, бизнесті қаржыландыруды арттыру, инфрақұрылымды дамыту және инвестициялық жобаларды қолдауға байланысты  кешенді шаралар жүзеге асуда. Ал осы бағытта   «Qoldau» кәсіпкерлік орталығының қаланың алты ауданында бөлімшелері ашылып, онда бір терезе қағидаты бойынша кәсіпкерлік кеңестер берілуде. Оңтүстік астанада тіркелген 180 мыңнан астам кәсіпорын өкілдері осы конференцияда өздерін толғандырған үлкенді-кішілі мәселелерге орай «Атамекен» ҰКП мен қала басшылығына ұсыныстарын жеткізді.  

Кәсіпкерлікке қолдау көрсету мен дамыту — әкімдік жұмысының стратегиялық басым  бағыттарының бірі екендігіне тоқталған қала әкімі «Almaty Business-2025» бірыңғай бағдарламасы Алматыны Орта Азияның бизнес-хабына айналдыру мақсатында әрі кәсіпкерлікті тікелей қолдау мен дамытуға негізделгенін жеткізді. Бақытжан Сағынтаев сонымен қатар әлеуметтік салаға да ерекше назар аударылатынын атап өтіп, медицина, білім, ІТ технология және турзим салаларындағы бизнеске қолдау сараптамалы-бағдарлы кластер құруға мүмкіндік беретіндігіне тоқталды. Алдағы уақытта қала басшылығы «Атамекен» ҰКП бірлесіп «шикізат-өндіріс-өткізу» тәртібі негізінде жобаларды жүзеге асыра бастайды.  Бұл қаланың бизнес-ахуалын түбегейлі өзгертуге мүмкіндік береді.

«Атамекен»  ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев кәсіпкерлерді қолдау мәселесінде «Атамекен» әкімдікпен бірлесе жұмыс істеп, проблемалық кредиттер қорында жатқан жер телімдерін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация балансына беру жөнінде Үкіметке өтінім жасауға дайын екендігін жеткізді. Ал бос жерлерді қандай қажеттіліктерге алуға болатынын анықтау үшін бас жоспардың деректерін негізге ала отырып, сондай-ақ қаланың әлеуметтік дамуына қажетті жер телімдерін белгілеп, қалғанын бизнес қажеттілік үшін аукционға шығару мәселесін, банктерде кепілдікте жатқан жерлерді қолданудың құқықтық механизмдерін  жасау қажеттілігіне тоқталды.  Бүгінде қалада жер телімдері бойынша ақпаратты цифрландыру толық  аяқталған.

Алматыдағы іскерлік ахуалды жақсарту мен ашықтығын қамтасыз етуде бос жер телімдері, инженерлік желілердің қуаты және оларға қосылу мүмкіндігі туралы электронды ақпараттар кәсіпкерге онлайн режимде қолжетімді болуы қажет деген Тимур Құлыбаев тұрақты емес сауда нысандарының мәселесін де қозғап өтті. Ал оны шешудің тетіктерін Нұр-Сұлтан қаласында жүзеге асқан «1000 сауда орны» жобасының тәжірибесі негізінде қарастыруды ұсынды.

Конференцияда қала әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев «Almaty Business-2025» аймақтық бағдарламасын таныстырды. Қалада, сондай-ақ қала маңында орналасқан барлық кәсіпкерлік нысандарды қолдауға бағытталған кешенді бағдарлама аясында «Qoldau» орталығы және жас кәсіпкерлерге арналған «Bastau» жобасының қолға алынғандығын жеткізді. Сонымен қатар Сапарбек Тұяқбаев «бір терезе» негізінде жұмыс істейтін «Qoldau» орталығында  бизнеске қатысты барлық ұйымдардың және де жер учаскелерін тіркеу мекемелерінің де орналасатындығына тоқталды. «Ал жас кәсіпкерлерге арналған «Bastau» бағдарламасы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы жүзеге асады. Елу шақты кеңседе тәжірибелі кәсіпкерлер бизнеске келген жастарға дәріс оқитын болады. Бағдарлама аясында қысқа мерзімді оқытуға бүгінде 4 мыңнан аса адам жіберілген. Ал «Almaty Business-2025» аймақтық бағдарламасы аясында ағымдағы жылы 9 мыңнан астам маман оқытылса, 2020 жылға қарай 30 мыңнан жұмыс орнын ашу көзделіп отыр.

АЛМАТЫ