100 • 10 Тамыз, 2019

«Еңбекшіл қазақ» газеті: Ел жастарының екпіні күшті

531 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

1924 жылы «Еңбекшіл қазақ» газетінің №237 санына шыққан «Ел жастарының екпіні күшті» мақаласын назарларыңызға ұсынамыз.

«Еңбекшіл қазақ» газеті: Ел жастарының екпіні күшті

Орынбор іші дәл осы кезде қазақ даласының кір мойын, кең қоныш қара баласынан аяқ алып жүргісіз. Қазақстанның қиыр шетінен Орынборға шұбырғалы алдына айдан асып, соңы күні бүгінге дейін келуін тоқтатқан жоқ.

Борбайы быт-шыт, тұла бойында тиынға аларлық лыпасы жоқ кедейі де, түлкі тымақты мырзасы да оқу іздеп, орын сұрап, аймақтық мекемелердің кеңсесін босатпай жүр.

Танымайтын сыпайы кісі көрінсе бүгежектеп, қаймығып, қыздар-әйел балалар да жүр.

Бұлай жанталасып шұбыру өткен жылғы жаздан бері қазақ жастарына дағды немесе бәсеке сияқты болып барады.

Былтырғы тәжірибе бойынша биыл да осылай болатынына көз жетіп, халық ағарту комиссариаты күн бұрын жұртқа жар салған. «Бұрынғы оқу ордалары толық, жаңадан орын болмайды. Енді келу – әурешілік» деп газет арқылы таратқан-ды. Жоғарғы шашылған хабарға елең еткен жан жоқ сықылды. Жаяу-жалпы биыл да жөңкілген.

Бұрынғы мектептерге жаңадан үстеп алуды көтермейді. Белгілі мөлшерде арттырып, баланы тоғыта берсе, мектеп ақсайды, кемдік көреді деп жаңа келушілерді қайтаратын болып, қайтарып да жатыр.

Сөйтіп, біздің талпынған жас жүректеріміздің еңсесі түсіп, елдеріне қайтқалы тұр.

Елде не бар?

Қалың елде жастардың сусынын басатын мектеп-школ жоқ. Барларында өнегелі оқытушы, мағлұмат алатын кітап-құрал кем.

Елдегі өмір, ескі тұрмыс жастарға жақпайды. Жаңа тұрмыс-жаңа мәдениеттің тәрбиесін беріп отырған білім орны қазақ ішінде әлі сирек дедік.

Білімге құмартқан жастардың таңдайы кеуіп, жұтынып отыр.

Жастардың бұл талаптары бір жағынан қарағанда сүйінетін де іс. Жаңа ғылымнан ат-тонын ала қашып «шоқындырады, бұзады» деген ескішілдердің азғырындысы былай қалған.

Жастардың бұл омыраулауы – келешекке үміт туғызады.

Ел еңбекшілдерінің көзін қаптаған надандық шелі серпіліп, мәдениетті тұрмысқа ұмтылғанның нысанасы осы. Мұны осал деуге болмайды.

Бірақ жастарды жыл сайын шұбырынды қылмай, жер-жерде, ауыл ішінде мектеп ашып, кемшіліктерін толықтыруға қам қылу керек. Өне бойы мемлекетке асылып, сене беру де жақсы әдет емес. Ел шаруалары, өзара жәрдем комитеттері, кооперативтердің аса назар салатын жұмысы осы.

Ел ішінде мың сан жас оқуға ынтығып отыр. Ел іші тәрбие орны болсын. Жастардың жігерін суытпалық. Ел жастарының екпіні күшті.

Жөнеу