Аймақтар • 04 Қыркүйек, 2019

Таразда Түркі халықтарының бірлігіне арналған кеш өтті

315 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің Марс Үркімбаев атындағы Жастар сарайында ТҮРКСОЙ Жастар камералық оркестрінің концерті өтті.

Таразда Түркі халықтарының бірлігіне арналған кеш өтті

Аталған шара биыл Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық Кеңесінің құрылғанына 10 жыл толуы құрметіне арналды. Концертке Тараз қаласының өнерсүйер тұрғындары, аталған университеттің оқытушылары мен студенттері қатысты.

Құрамында күні бүгінге дейін 10 елдің 100-ден астам талантты жастары өнер көрсеткен оркестрге бұл жолы Татарстанның Халық артисі Ренат Салаватов, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Анвар Акбаров және Әзірбайжанның танымал жас таланты Мұстафа Мехмандаров сынды танымал өнер адамдары дирижерлік етті. Оркестр құрамы әлемге әйгілі шығармаларды орындап, көпшіліктің ықыласына ие болды. Сонымен қатар, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының ұйымдастырған концерттік бағдарламасында әлемдік деңгейдегі сахна саңлақтарымен бірге өнер көрсетіп, тәжірибе жинаған жас таланттар тыңдаушыларын Түркі әлемі музыкасының сиқырлы әлеміне бірге саяхат жасауға шақырды.

Салтанатты шараға Халықаралық түркі мәдениеті ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов арнайы қатысып, ТҮРКСОЙ Жастар камералық оркестрінің Орталық Азияға тұңғыш рет турнеге шыққанын атап өтті.  «Оркестріміз құрылған күннен бұл күнге дейін әлемнің түкпір-түкпірінде концерттер берді. Алайда өз елімізде осындай ірі турне ұйымдастырмап едік. Бұл турне – біз үшін туған аймағымыздағы алғашқы турымыз болады», деді Бас хатшы. Сонымен қатар, Тараз қаласы Қазақстаннан келесі кезекте «Түркі әлемінің мәдени астанасы» атануға лайық бірден-бір қала екенін де атап өтті. 

Өз сөзінде М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков аталған оркестрдің мәдени құндылығымызға негізделгенін, өнерпаздардың да жоғары деңгейлі мамандар екенін айта келе, Бас хатшы Дүйсен Қасейіновке университеттің «М.Х.Дулати атындағы төсбелгісін» табыстады.    

Тұтас түркі халқының бірлігін насихаттайтын турне ағымдағы жылдың тамыз айында Түркістан облысынан бастау алып, Шымкент қаласында жалғасқан болатын. Енді көне Тараз шаһарынан кейін турне Алматы қаласында және Қырғыз Республикасының Бішкек, сонымен қатар Әзірбайжан Республикасының Баку қаласында жалғасады.

 

Жамбыл облысы