Үкімет • 05 Қыркүйек, 2019

Жолдау депутаттарға жауапты міндеттер жүктеді

247 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кеше Парламент Мәжілісінің бесінші сессиядағы алғашқы жалпы отырысы өтіп, бірқатар заң жобасын әзірлеу жөнінде мәселелер талқыланды.

Жолдау депутаттарға  жауапты міндеттер жүктеді

Жаңа депутаттар ант берді

Алқалы жиынға Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин төрағалық етті. Ол алдымен күн тәртібіндегі тақырыптарға тоқталмас бұрын, Парламенттің кезекті сессиясының ашы­луында алғаш рет Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын жариялағанына назар аударды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын жалғастыра отырып, Қазақстанымызды одан әрі дамытудың негізгі мақсаттарын белгілеп берді. Олардың барлығын заң жағынан қолдау үшін депутаттық корпустың алдында да жауапты міндеттер тұр. Сол үшін сессия барысында біз өз уақытында халыққа қажетті, сапалы заңдар қабылдайтын боламыз. Сондықтан осы жауапты міндетті абыроймен атқару үшін бүгіннен бастап белсене іске кірісу қажет, – деді Нұрлан Нығматулин.

Мәжіліс Төрағасы экономиканы жаң­ғыр­туға, әлеуметтік ахуалды күшейтуге, бюд­жет және салық жүйесін жетілдіруге, аза­мат­тардың құқықтары мен бостандықтарын қор­ғауға, шағын және орта бизнесті қолдауға, экологиялық және басқа да мәселелерге ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.

Нұрлан Нығматулин депутаттарға Прези­денттің және Үкіметтің Парламенттегі өкілдерін таныстырып, мемлекеттік органдар арасындағы бірлескен жұмыстарды нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді. Президенттің өкілі болып жаңадан Бейбіт Өксікбаев, ал Үкіметтің өкілі болып Ермек Аманшаев тағайындалды.

Сонымен қатар отырыста Мәжілістің жаңа депутаттары Гүлшара Әбдіқалықова, Нұржан Әшімбетов және Жұлдыз Омарбекова ант берді. Олар іске кірісер алдында «Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының тұтастығы мен тәуелсіздігін нығайтуға, оның Конституциясы мен заңдарына қатаң бағынуға, депутаттың өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға ант етемін» деді.

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Парламент комитеттері мен комиссиялары туралы заңның 8-бабына сәйкес Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы қызметіне Гүлшара Әбдіқалықованың кандидатурасын ұсынды. Бұл ұсынысты 104 депутат түгел мақұлдады.

Сондай-ақ жаңа депутаттар Нұржан Әшімбетов Аграрлық мәселелер комитетінің, Жұлдыз Омарбекова Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің құрамына сайланып, тиісті қаулылар қабылданды.

Бұған қоса жалпы отырыста Мәжіліс депутаттары Бақтияр Мәкен мен Гүлнар Иксанованың өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылды.

 

Заң жобаларын әзірлеу жайы талқыланды

Мәжіліс отырысының күн тәртібінде бірқатар Заң жобасы жөнінде қорытынды әзірлеу туралы мәселелер қаралды. Алдымен Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Гүлжан Қарақұсова депутаттар назарына заң жобаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсынды. Оның біріншісі «Астана» халықаралық қаржы орталығына қатысты болды. Одан кейін Ұлттық қордан 2020-2022 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы ұсынысын жеткізді.

– Аталған заң жобасында Ұлттық қордан 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферт мөлшерлерін бекіту көзделеді. Мұның көлемі 2020-2021 жылдары 2,7 трлн теңге мөлшерінде анықталады. 2022 жылы 2,6 трлн теңгеге дейін төмендетіледі. Қаржы және бюджет комитеті бұл заң жобасы бойынша 2019 жылы 6 қарашаға дейін қорытынды әзірлеуге дайын, – деді Гүлжан Қарақұсова.

Сонымен бірге 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасы әзірленеді. Сондай-ақ кейбір заңнамалық актілерге қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл бойынша жоба қаралды.

– «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы Тұңғыш Президенттің 2018 жылдың 5 қазанындағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауына сәйкес әзірленді. Заң жобасы білім берудің барлық деңгейдегі ұйымдары саласында туындайтын қарым-қатынастарды реттеуді қамтамасыз ететін құқықтық тетікті жетілдіруге, педагог қызметінің өзекті әлеуметтік және кәсіби мәселелерін тиімді шешуге бағытталған. Сондай-ақ педагогтардың еңбегін ынталандыру, оның ішінде қосымша ақыларды арттыру, өздеріне тән емес функциялардан босату шаралары көзделген. Комитет осы заң бойынша жұмыс істеуге және 25 желтоқсанға дейін қорытынды шығаруға дайын, – деді Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің хатшысы Бейбіт Мамраев.

Сонымен қатар жалпы отырыста бірқатар халықаралық келісімшартты ратификациялау туралы заң жобаларын дайындау қарас­тырылды. Солардың қатарында Қазақстан Үкі­меті мен Армения Үкіметі арасындағы Аза­маттық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді қабылдау мәселесі талқыға салынды. Бұл заң жобасын Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев таныс­тырды.

– Келісімді ратификациялау ең алдымен төтенше жағдайды болжау саласында тәжірибе алмасуға, қауіп төнген және туындаған жағ­дайда халықты дайындауға септігін тигізеді. Екіншіден, тараптардың оқу орындарында азаматтық қорғау саласында мамандарды оқытуға, үшіншіден, тараптар аумағында болған төтенше жағдайларды жоюда көмек көрсетуге мүмкіндік береді. ҚР Заңнамасы шеңберінде келісімде көмек көрсету мен жедел әрекет ету, құтқару бөлімшелерінің шекараны жеңілдетіп кесіп өту және тараптар аумағында болу шарттары бар. Төтенше жағдайды жою­да құтқару құралдарын алып кіру мәселесі реттелген. Бұған дейін мұндай келісім Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Украина, Грузия мемлекеттерімен жасалған. Барлығы 17 екіжақты, 13 көпжақты келісім бар, – деді министр.

Сондай-ақ Ерлан Тұрғымбаев аталған келі­сім шеңберінде армян тарапымен сейсмикалық қауіпсіздікті, оның ішінде жедел хабарлау мен халықты эвакуациялауды арттыру жө­нін­де тәжірибе алмасу қарастырылғанын, заң жо­басының кері әсері жоқтығын және қосымша қаржылай шығынды талап етпейтінін айтты.

Бұл заң жобасы туралы ұсынысты тың­даған 104 депутат қолдау білдіріп, қаулы қа­был­дады.