Аймақтар • 05 Қыркүйек, 2019

Қарағандыда 67 көпбалалы отбасына 6 млн теңге қаржылай көмек көрсетілді

255 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Дәстүрлі «Мектепке жол» республикалық акциясына Қарағанды облысы белсенді түрде ат салысты. Әсіресе Жезқазғандағы Utaria LTD компаниясының осы бағыттағы қайырымдылық істерін ерекше атап өтуге болады.

Қарағандыда 67 көпбалалы отбасына 6 млн теңге қаржылай көмек көрсетілді

Қарағанды облыстық  Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қайырымгерлер мен тәлімгерлер клубының» өкілі және «Жомарт жүрек» төсбелгісінің иегері Сәуле Шауенова жетекшілік ететін бұл компания 67 көпбалалы отбасына балаларын мектепке даярлау үшін 6 млн теңгеге жуық қаржылай көмек көрсетті. Әр балаға 25 мың теңгеден бөліп, оларға айтып жеткізгісіз қуаныш сыйлады.

– Егер Қазақстанның әрбір тұрғыны аз қамтылған отбасылардың балаларына жеткілікті түрде көңіл бөлетін болса, онда мектепке баратын  балалар саны артып, білім беру деңгейі де өсе түсер еді.  Ал мұның өзі болашақ ұрпақты дамытуға игі ықпалын тигізеді, – дейді Сәуле Шауенова.

Utaria LTD компаниясы мен оның басшысы Жезқазғанда ғана емес, республика бойынша танымал. Компания металлургия, тау-кен өндірісі, мұнай-газ және химия салаларының жұмысшыларына арнап 500-ге жуық киім түрлерін шығарады. Сонымен қатар кәсіпорын балаларға, ерлер мен әйелдерге арналған киім де тігеді. Кәсіпорын өніміне деген сұраныс өте  жоғары.

1

Компанияның қолдауымен Жезқазған қаласында «Рухани жағыру» бағдарламасы аясында «Туған жер» жобасы бойынша «Білім және даму орталығы» ашылған, онда IT-сыныбы жұмыс істейді. Білім мекемесінің Nur Otan партиясының «Балаларға арналған тегін IT-сыныптар» бағдарламасы аясында құрылғанын да айта кеткен ләзім.

Бұдан бөлек, компания мүмкіндігі шектеулі жандарға, әлеуметтік әлжуаз топ санатына жататын тұрғындарға да ұдайы қамқорлық жасап келеді. Мысалы кәсіпорын оларға және «Utaria LTD өндірістік компаниясы» ЖШС-нің жас мамандары мен зейнеткерлерге арнап  барлық тұрмыстық жағдайы жасалған заманауи жатақхана салып берді.

Аталған акциядан Сәтбаев қаласында тігін және тоқыма шеберханасын құрған кәсіпкер, көпбалалы ана Алена Эберман да тыс қалмады. Кәсіпкер әйел 30 балаға 300 мың теңгенің мектеп киімін тегін ұсынды. 

Жалпы «Қайырымдылық керуені» қайырымдылық акцияларының күнтізбесі аясында осы жылдың бірінші жартыжылдығында Ассамблея 1,7 мыңнан астам іс-шара өткізіп, 45 мың адамға жәрдем берді. Оның ішінде 10 мыңнан астам отбасына 187 млн теңге көлемінде көмек көрсетілген. Тек маусым айында жастар мен балаларды қолдауға және оларға көмек көрсетуге бағытталған «Жылу» айлығы аясында 18 млн теңгенің материалдық көмегі бөлінді.

Қарағанды облыстық  Қазақстан халқы Ассамблеясы Арыс қаласында жарылыстан зардап шеккен жерлестерімізге алғашқылардың бірі болып көмек қолын созды.  Этномәдени бірлестіктер, облыстың ҚХА құрылымдары тұрғындарға қайырымдылық көмек көрсету бойынша бірлескен жұмыстар ұйымдастырды. Соның нәтижесінде жалпы сомасы 5,7 млн теңге болатын демеушілік көмек көрсетілді.

 

 

Қарағанды облысы