Руханият • 05 Қыркүйек, 2019

Алматыда Ахмет Байтұрсыновтың туған күніне орай конференция өтті

1715 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Рухани жаңғыру: қазақ тілі – ұлтаралық қатынас тілі» тақырыбында  А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты мен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы бірлесе өткізген халықаралық ғылыми-практикалық конференция Қазақстан халқы тілдері күні мен Алаш қайраткері, ғұлама ғалым, қазақтың рухани көсемі – Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне арналды.

Алматыда Ахмет Байтұрсыновтың туған күніне орай конференция өтті

Алаш қайраткерінің  ел келешегі жолындағы өлшеусіз еңбегін дәріптеуді, жастар арасында насихаттауды мақсат ете отырып өткізген конференция барысында Қазақстан Республикасы Президентінің «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауы ғалымдар тарыпынан кеңінен талқыланып, ел келешегі үшін маңызды құжаттың мазмұнына орай келелі пікірлер айтылды. Президент Жолдауындағы «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді» деген ұстанымына үлкен сенім артқан ғалымдар  осы бағытта тіл, әдебиет, тарих салалары бірлесе жұмыс істеуі қажет деген тұжырым жасады.

Ана тіліміздің мемлекеттік тіл дәрежесінде дамуы, қоғамдық қолданыс шеңберінің кеңейуімен қатар Ахмет Байтұрсыновтың құнды мұраларын кейінгі ұрпаққа жеткізуді мақсат ете отырып ұйымдастырылған конференцияны А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары Сәрсен  Құлманов жүргізіп отырды.  Аталған іс-шарада Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовтің, Мәдениет және спорт министрі А. Райымқұлованың  құттықтау хаттары оқылып, Алматы қаласы әкімі аппаратының Тілдерді дамыту және латын графикасына көшу орталығының бас инспекторы Бақыт Қалымбет қазақ тілінің пәрменін күшейту мақсатында тіл басқармасын қайта құрып, ана тілі мерекесін жоғары деңгейде атап өтуді ғалымдармен бірлесіп қолға алсақ әрі осы ұсынысымызды Президентке жеткізсек деген пікірімен бөлісті.

Алқалы жиынның кіріспе сөзін Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, ҚР ҰҒА академигі Өмірзақ Айтбаев алып, қазақ халқының, болашақ ұрпақтың ХХІ ғасырда дербес ұлт болып, егеменді ел болып қалуының ең басты кепілінің бірі – қазақ тілінің толыққанды ғылым тілі болуы қажеттігіне тоқталды.

Конференцияда Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры Вакур Сүмер, «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының орынбасары Бейбіт Қойшыбаев, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Анар Салқынбай, Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессорлары Таңат Аяпова, Темірхан Тебегенов, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының профессоры Айгүл Ісмақова, қоғамы қайраткері Асылы Осман сөз сөйлеп, институт профессорлары – Әлімхан Жүнісбек, Айман Алдаш, Қыздархан Рысберген, Құралай Күдеринова, Орынай Жұбаева, филология ғылымдарының кандидаты Эльмира Өтебаева және т.б.  ғалымдар қатысып, ғылыми ортада көтерілген келелі мәселелерді алдағы уақытта жүзеге асыру барысына қатысты ойларымен бөлісті.