Алты жылда конкурсқа 15 197 отбасы қатысқан. Олардың 62%-ы ауылдық жерлердегі отбасылар болса, 36%-ы көп балалы отбасылар болған. Ал жас отаулар 18%-ын, атадан балаға бір мамандықты жалғастырған еңбеккерлердің шаңырағы 17%-ды құраған. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен, Мәдениет және спорт министрлігі, жергілікті атқарушы органдардың ұйымдастыруымен өтетін конкурс бірнеше кезеңнен тұрады. «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының лауреатын анықтау жыл сайын қыркүйектің екінші жексенбісі атап өтілетін Отбасы күніне орайластырылады. Биыл да өңірлік конкурстардан қара үзіп келген 17 жеңімпаз ертең Нұр-Сұлтан қаласында салтанатты марапаттау рәсіміне қатысады.
Баспасөз мәслихатында сөз алған Парламент Сенатының депутаты, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымының орынбасары Ләззат Сүлеймен отбасы құндылығын арттыруда Ұлттық комиссия тарапынан атқарылып жатқан жұмыстардың бір парасына тоқталды. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2 қыркүйекте халыққа жолдаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында мемлекет тарапынан отбасы институтын қолдау, ана мен балаға баса көңіл бөлу туралы айтылды. Ел Президенті көп балалы және аз қамтылған отбасыларды әлеуметтік қолдаудың кешенді шараларын ұсынды және отбасылық бизнес ашу, оны қаржыландыру мәселесі бойынша Үкіметке нақты тапсырмалар берді. Ұлттық комиссия отбасы институтын нығайтуға бағытталған жұмыстардың өңірлерде де жүйелі түрде жүргізуіне ықпал етіп отырады. Сондай-ақ бала тәрбиесіндегі ата-ана жауапкершілігін бірдей арттыру, соның ішінде қоғамда әке абыройын нығайту, үлгілі әкелерді насихаттау мәселесін де қазір алға қойып отыр. Осы тұрғыда бала тәрбиесінде әкенің беделін, халқымыздың дәстүрлі тәрбиесіндегі әкенің басты орнын аса белсенді әкелердің күшімен құрылған республикалық Әкелер одағы қоғамдық бірлестігімен бірлесіп атқарып отыр. Бұл қоғамның бөлімшелері өңірлерде де құрылып жатыр. Қазақ халқы «Отан – қуат, отбасы – шуақ» деп екі ұғымды шендестіре суреттейді. Көптеген қоғамдық ұйымдармен бірлесіп жұмыс істеп отырмыз. Олардың қанатын кеңге жаюына ықпал етуіміз керек. Сонда ғана қоғамда орын алып жатқан көптеген келеңсіздіктердің алдын алуға мүмкіндіктер болады», деді ол.