Руханият • 06 Қыркүйек, 2019

«Кедей сөзі» газетінің тұңғыш саны Ресей архивінен табылып, құнды мұрағаттар қатарына қосылды

770 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Теріскейліктерге сүйінші жаңалықты облыстық мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікова жеткізді.

«Кедей сөзі» газетінің тұңғыш саны Ресей архивінен табылып, құнды мұрағаттар қатарына қосылды

Оның айтуынша, осыдан бір ғасыр бұрын жарық көрген «Кедей сөзі» газетінің алғашқы санының көшірмесі қазір жергілікті мұрағатта сақтаулы. Мұның өзі келесі жылы жүзжылдық мерейтойы атап өтілетін облыстық «Солтүстік Қазақстан» газетіне үлкен тарту болмақ. Сөз арасында Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасов, Сә­бит Мұқанов және тағы басқа Алаш жұртының ірі тұлғаларының қолтаң­балары қалған «Кедей сөзінің» екін­ші саны осы жылдың басында Ал­матыдағы республикалық архивтен табылып, электронды нұсқасы жасалғанын айта кеткен жөн.

«Ресейдің ұлттық кітапханасында газеттің сақталғаны туралы ақпаратты мерзімді баспасөздің тарихын зерттеп жүрген жергілікті журналист Амандық Жантеміровтен білгеннен кейін осы мекемеге сұрау салынды. Бастапқыда «жоқ» деп жауап келді. Бұған қа­нағат­танбай кітапхананың өзге де қорларымен тығыз байланыс орнатылды. Сөйтіп табандылық танытқанның арқасында газеттің түпнұсқасы табылып, көшірмесі қолымызға тиді», дейді Сәуле Зейнол­лақызы.

Төте жазумен басылған мақала­ларды кириллицаға аударумен айналысып жатқан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры Зарқын Тайшыбай газет 1920 жылы ақпанда Ресей коммунистік /большевиктік/ партиясы Сібір бюросы мен Ақмола губерниялық революциялық комите­тінің органы ретінде Омбы қаласында шығып тұрғанын, қазақтың ұлттық баспасөзі тарихында өзіндік орны бар екенін жеткізді. Тұңғыш редакторы – Мұқан Айтпенов. Сосын Бородихин жетекшілік етіп, Әйтиев, Телжанов, Тоқжанов, Жұмабаев, Серкебаев алқа мүшелері, тұрақты қызметкерлері болған. «Егемен Қазақ­стан» газетінен кейін қазақ оқыр­ман­дарына жол тартқан басылым Сібір төңкеріс комитеті жанындағы Қазақ өкілдігі атынан жарық көрген. Уақыт өте келе «Бостандық туы», «Кеңес ауылы», «Ленин туы», «Сол­түстік Қазақстан» атауларына ие болған. Алғашқы санынан бастап сауаттылық, ағартушылық, оқу-білімге жұмылдырушылық бағыттарын басты мұрат еткен. «Кеңес өкіметі деген не?» «1917 жылғы ақпан көтерілісі қазақ­тарға не берді?» деген сияқты саяси мәселелер төңірегінде де ой қоз­ғап отырған. Қазақтың ұлы ақыны, күрескер тұлға Мағжанның да өткір мақалалары жарық көрген. Мәселен, «Автономия кімдікі?» мақаласында «Айлы, күнді, қанды, отты тарихы бар; кең, бай, терең тілі, әдебиеті бар; басқаларға үйлеспейтін төресі, шаруасы бар – қазақтікі. ...Жүз жылдар орыс ақсүйектері мен байларының тепкісінде елдігін ұмытпаған Алаштікі. «Аязды күні айналған, бұлтты күні толғанған, құрығын найзадай таянған, қу толағай жастанған Ер қазақтың автономиясы бұл!» деп Жер жаһанға жар салып, халыққа сөз арнайды. Мемлекеттік құрылымды нығайтуға шақырады. Қоғамдық дамуды таптық жолмен бөлуге қарсы шығады.

Солтүстік Қазақстан облысы