Үкімет • 06 Қыркүйек, 2019

330 млрд доллар инвестиция тартылды

169 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше Үкіметтегі баспасөз конференциясында Пре­мьер-Министрдің орын­басары Жеңіс Қасым­бек Қазақстанның инвести­ция­лық саясатын іске асыру барысы туралы айт­ты. Ол Мемлекет басшы­сы­ның Жолдауында негіз­гі басымдықтардың қатар­ын­да шикізаттық емес сек­торға шетелдік инвестиция­ларды тарту міндеті қойылғанын атап өтті.

330 млрд доллар  инвестиция тартылды

«Қазақстанның тәуелсіздігі кезеңінде әлемнің 120-дан ас­там елінен 330 млрд АҚШ доллар инвестиция тартылды. Ин­вес­тициялардың негізгі бөлі­гінің 50%-дан астамы Еуропалық Одақ елдеріне тиесілі, оның ішін­де: Швейцария – 25,8 млрд, Фран­ция – 16,1 млрд, Италия – 8,7 млрд, Нидерланд – 90,4 млрд, Бель­гия – 7,6 млрд, Германия – 5,2 млрд, Америка Құрама Штаттарына тіке­лей шетелдік инвести­ция­лар­дың 15%-ы немесе 48,4 млрд доллардан келеді. Шамамен 5%-ы – Ұлыбритания мен ҚХР инвестицияларынан тұрады», деді Жеңіс Қасымбек.

1 тамыздағы жағдай бойынша, Қазақстанда шетелдіктердің қатысумен 19 мың заңды тұлға және бөлімше жұмыс істейді, олар­дың ішінде кәсіпорындардың 35,3%-ы ресейлік, 9,5%-ы – түрік, 5,7%-ы – өзбек, 5,6%-ы – қытай, 3,1% – неміс капиталының қаты­суымен.

2010 жылдан бері шетелдік инвестициялар бойынша қазақ­стандық өкілетті органдар 650-ге жуық жобаны қарастырды. Оның ішінде Еуропалық одақ ел­дерінің инвесторлары ұсынған жоба саны – 185, Ресей Федера­циясы – 111, Түркия – 80 және ҚХР 55 жоба және тағы басқалар бар. Заманауи технологиялардың транс­фертін қамтамасыз ететін, барынша көп жұмыс орындары құрылатын жоғары технология­лы жобаларға берілді. Осы кезеңде 16,2 млрд долларға 235 жоба іске асырылды. Оның 133-ін Еуро­палық Одақ пен РФ елдері жүзеге асырған.

«Әлемдегі тұрақсыздық пен санкциялық қарсылық кезінде инвесторлар инвестициялық ахуалы тұрақты елдерді таңдайды. Әрбір ел өзінің инвестициялық рейтингін көтеруге тырысады, себебі елге капитал ғана емес, жаңа заманауи технологиялар да келеді», деді Премьер-Министрдің орынбасары.

Жеңіс Қасымбек жур­на­листердің сұрағына жауап берді.

Оның айтуынша, Қазақстан мен Қытай арасындағы 55 инвестициялық жобаның біреуіне ғана мемлекеттік кепілдік бе­рілген. Ол – астанадағы жеңіл рельсті трамвай салу ісі (ЛРТ). Бас­қаларының барлығы жеке­мен­шік жобалар. Мәселен, «Сары­арқа автопром» жобасы компа­ниялардың өзара келісіміне сәйкес жүзеге асырылуда.Бұл жоба көлік шығарып, оны көршілес Ресейге және басқа да елдерге экспорттауға арналған.

Премьер-Министрдің орынбасары Қазақстан мен Қытай жұмысшыларының арасындағы жалақы айырмашылығы туралы сауалға да жауап берді.– Мұндай проблема бар. Мұнда негізгі мәселе жұмысшылардың біліктілігіне байланысты. Бірақ бұл проблема тек Қытай ғана емес, басқа да шетелдік компаниялармен де арада бар. Үкімет осыған сәйкес еліміздің мамандарын, жұмысшыларын белгілі бір жобаларға байланысты дайындау жә­не қайта дайындау мәселесіне көңіл бөлуде, деді ол. Яғни, отан­дық жұмысшылар мен мамандарды оқытып біліктілігін көтерген жөн.