Отырыста Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламенттің бірлескен отырысында жариялаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» тақырыбындағы Жолдауы туралы баяндады.
«Біздің жиынымыз осы Жолдауды талқылауға және онда алға қойылған міндеттерді іске асыруға Ассамблеяның қатысуы мәселесіне арналып отыр», – деген Ж.Түймебаев Жолдауда көрсетілген бірқатар маңызды бағыттарға баса мән беру керек екендігін атап өтті. Олар: заманауи тиімді мемлекет құру, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, серпінді және инклюзивті экономиканы қалыптастыру, әлеуметтік жаңғыртуды жүзеге асыру, қуатты өңірлерді қалыптастыру. Осы бағыттардың барлығы бойынша нақты міндеттер айқындалды.
ҚХА Төрағасы орынбасарының айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы Қазақстанның өз дамуында жаңа кезеңге бет алуын сипаттайды деп айтуға толық негіз бар.
Қазақстан Республикасының тәуелсіз тарихында Мемлекет басшысының халыққа Жолдау жасауы – жақсы дәстүрге айналған. Бұл – мемлекет дамуының келешегін болжай отырып тұжырымдалатын, ел ішінде тап сол кезде бар проблемалар түйінін шешуді көздейтін, даму бағытымызды айқындайтын стратегиялық құжат екені белгілі.
Отырысқа қатысушылар да, тілшілерге берген сұхбаттарында ҚХА этномәдени бірлестіктерінің өкілдері де «Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың Жолдауы ел өміріндегі шешілуін күтіп тұрған көп мәселелерді дөп басқан маңызды құжат болғанын» сөз етті.
Сондай-ақ ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің отырысында азаматтардың өтініштерін мемлекеттік органдардың қарау сапасы, елде бейбіт митингілерді еркін өткізу, пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтарып алу, мемлекеттік холдингтер мен ұлттық компаниялардың тиімділігіне талдау жүргізу сияқты Жолдауда айтылған бірқатар өзекті мәселелер талқыға салынды.
Қорыта келгенде, Парламент депутаттары, министрліктер мен этномәдени бірлестіктерінің өкілдері, ҚХА мен Ғылыми-сарапшылық кеңес мүшелері және Ассамблеяның жастар қанаты қатысқан бұл жиында Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауы ҚХА тарапынан бірауыздан қолдау тапты.
Айта кетейік, ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің мақсаты – саяси жағдайларға болжам жасай отыра, қоғамды алауыздықтан сақтау. Яғни, халық санасына демократиялық құндылықтардың дәнін егу, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеп, этносаралық қатынасты нығайту.